АуылБасты жаңалықтар

Қараталдықтар Шығанақ аталарының ісін қайта жаңғыртпақ

Ойыл ауданы Ш.Берсиев атындағы ауылдық округте «Бекнұр» және «Ақжол Н» шаруа қожалықтары қырлық және суармалы алқаптарға тары екті

 Еккен егінінен рекордтық мөлшерде өнім алған ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің атымен аталатын ауылдық округ тұрғындарының негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Биыл олар сонымен қатар бау-бақша салып, тары мен арпа егіп, түрлі себептермен бірнеше жыл бойына қолға алынбаған егіншілік кәсібін қайта жаңғыртуға кірісіпті. Шығанақтың ақ тарысы егілген Қарасудың да дәл осы округтің аумағында орналасқанын ескерер болсақ, мол өнімнен үміт бар. Оның үстіне осы жазда жаңбыр да жиі жауып тұр.

Кепілдік мәселесі — ауылдықтарға тұсау

Округ аумағындағы жерлер шұрайлы екен. Көк майса шөбі кейбір тұстарда белуардан келеді. Содан да болар, қараталдықтар (округтің орталығы Қаратал аталады) негізінен атакәсіп — мал бағуды қолайлы санайтын сыңайлы. Мұны өз сөзінде Ш.Берсиев атындағы ауылдық округтің әкімі Абат Мүбәраков та растады.

— Жеріміз мал бағуға өте ыңғайлы. Тұрғындардың дені мал ұстауға, оны көбейтуге ынталы. Мысалы, биыл облысымызда қолға алынған ауылдық жерлерде отбасылық фермерлікті дамыту жөніндегі қанатқақты жоба бойынша несие алуға тілек білдірген 10 адамның барлығы мал бағу жөнінде жоба ұсынды, — дейді ауылдық округтің әкімі.

Бұл ауылда мал санын көбейтуге арналған мемлекеттік бағдарламалар табысты түрде жүзеге асырылып келеді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Сабыржан» шаруа қожалығы биыл 10 миллион теңгеге 39 ірі қара сатып алмақшы. Жылқы сатып алуға мүмкіндік беретін «Құлан» бағдарламасына қатысуға екі шаруа қожалығы өтініш берген. «Қаратал» шаруа қожалығы екі жыл қатарынан бұл бағдарламаға қатысып отыр. Ал «Бекзат» шаруа қожалығы құжаттарын енді жинап жатыр. Бұл қожалық мемлекеттік бағдарлама аясында жылдың соңына дейін 42 жылқы сатып алмақшы. «Біздің округ үшін қарастырылған мал санын көбейту бағдарламалары биыл толығымен орындалады», — дейді Абат Мүбәраков.

Қазір ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік және салалық бағдарламалардың көп екені белгілі. Бұл бағдарламаларға қатысып, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктердің игілігін көргісі келетін ауыл тұрғындары да аз емес. Дегенмен, қарапайым халықтың ниеті мен ұмтылысына тұсау болар кедергілер де жетіп артылады. Ең басты мәселе — кепілдік тауып беру. Бағдарлама бойынша құжат әзірлеп, жобасын ұсынғандар банкіде несие рәсімдеу кезегі келгенде кепілдік таба алмай қиналатындарын айтады.

— Біз мемлекеттік бағдарламалар бойынша қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ниет білдірген тұрғындарға кеңестер беріп, құжаттарын жинауға көмек көрсетеміз. Бірақ кепілдікке келгенде мәселе туындайды. Ауылдықтардың бар байлығы — мал. Бірақ оны кепілдікке алмайды. Ауылдағы үй де төмен құнмен бағаланады. Мәселен, банк ауылдағы үйді әрі кетсе, 3 миллион теңгеге бағалайды. Және несиеге оның 50 пайызын ғана береді, — дейді ауылдық округтің әкімі банктен несие рәсімдеудің қиыншылықтары туралы.

Осы кепілдіктің жоғынан отбасылық фермерлікті дамыту жобасына қатысуға ниет білдірген 10 адамның әзірге 4-уі ғана қажет қаржысына қол жеткізіпті.

Жаңаталап қыстағы

Қазір қорасынан 300-дің үстінде ірі қара мен 4 үйір жылқы өрбітіп отырған «Бекнұр» шаруа қожалығының төрағасы Қуанышбек Сұлтанғалиев өз ісін 2010 жылы бастады. Ол шаруашылығын дамыту жолында үнемі мемлекеттік қолдауларға сүйенетінін айтады. Бастапқыда мал басын көбейтуге арзандатылған несиені «Сыбаға» бағдарламасы арқылы алған. Техника сатып алуға қажет қаржыны да лизинг арқылы рәсімдейді. Оған қоса әрбір асылтұқымды ірі қараға мемлекет тарапынан берілетін субсидия тағы бар.

— 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6,5 миллион теңгеге 37 аналық ірі қара сатып алдым. Несие рәсімдеу үшін қаладағы үйімді кепілдікке салдым, — дейді шаруа қожалығының басшысы.

«Бекнұр» шаруа қожалығының біз барған Жаңаталап қыстағындағы тіршіліктің жағдайынан ұйымдастырудағы ұқыптылықты аңғару қиын емес. Үлкен мал қорасының сырты әдемілеп майланып, әктелген. Төбесі жылтыр қаңылтырмен қапталған. «Қорасының өзіне пластикалық терезелер орнатыпты», — деп таңғалады қасыма ерген жолсерігім.

Өткен қысқа арнап үйілген шөп те толығымен түгесілмей, біраз артып қалыпты. Сірә, қыстың қамын ерте ойлап, жемшөптің қорын мол қылып дайындаған болса керек.

Малшылар отырған екі пәтерлік үйге де жақсы бір күрделі жөндеудің жүргізілгені көрініп тұр. Үйдің ауласына ағаш көшеттері отырғызылыпты. Екі малшының әрқайсысына 50 мың теңгеден айлық белгіленген. Олар қыстақта отбасыларымен тұрады. Қожалық басшысы айлықтан бөлек малшыларға жазда соятын қой-ешкісі мен қысқы соғымын тегін беріп, етпен өзі қамтамасыз етіп отырғанын айтады. Малшылардан бөлек 3 тракторшы тұрақты түрде еңбек етеді. Шөп шабу науқаны кезінде қосымша тракторшылар да жұмысқа тартылатын көрінеді.

— Ендігі мақсатым — ірі қараларымды бірыңғай асылдандыру. Қазақтың ақбас сиырынан артығы жоқ. Сол тұқымның бұқаларын қосқаныма 4 жылдай болды. Қазір етті бағыттағы ақбас тұқымының қашарлары өсіп келеді. Кәрі сиырларымды жоқ қылып, ақбас сиырларымды ғана алып қалмақ ойым бар, — дейді болашаққа арналған жоспарларымен бөліскен Қуаныш Сұлтанғалиев.

Шығанақ тары өсірген Қарасу

Биыл Қуаныш Сұлтанғалиев «Ақжол Н» шаруа қожалығының басшысы Жұмаш Мағауияқызымен бірлесе отырып, жаңа бағыт бойынша жұмыс жасауға бел шеше кірісіпті. Жаңа бағыт болғанда, ойылдықтар, оның ішінде қараталдықтар үшін бөгде емес бұл іс. Кезінде Шығанақ Берсиевтің атын шығарған тару егу ісі. «Бекнұр» және «Ақжол Н» шаруа қожалықтары ауылдық округтің Шәңке деп аталатын жеріне 20 гектар тары, 20 гектар арпа, яғни барлығы 40 гектар алқапқа қырлық егін салған. Сонымен қатар Қарасудағы «Пошта құдық» деген жерде 15 гектар алқапқа суармалы тары еккен. Дәл осы Қарасудың кезінде Шығанақ атамыз тары егіп, мол өнім алған жер екенін атап өткен жөн.

— Қуаңшылықтың кесірінен соңғы жылдары қырлыққа салған егіндеріміз шықпай келді. Биыл жердегі ылғал көп болғасын қырлыққа және бір-ақ жылғы үзілістен кейін алғаш рет суармалы алқапқа тары егіп отырмыз. Егіннің қазіргі шығымы жаман емес. Жақсы өнім алынса, егін алқабының аумағын келесі жылы кеңейте түспекпіз, — дейді Ш.Берсиев атындағы ауылдық округтің әкімі Абат Мүбәраков.

Ал «Болашақ» шаруа қожалығының қожайындары ағайынды Темірбек пен

Аманкелді Жауынбаевтар Нұртәжі аталатын қыстақтарында биыл 4 га жерге бақша салған.

Олар бақша егу жұмыстарына сәуірдің 10-ында кіріскендерін айтады. Қарбыз бен қауыннан бөлек, картоп, қияр, қызанақ, сәбіз секілді көкөніс түрлері біраз бой алып қалыпты.

— Қиярдан алғашқы өнімдерімізді алып үлгердік. Аудан орталығына апарып, келісін 300 теңгеден саттық. Өнім мөлшері көбейгесін аудан орталығы мен ауылымызды таза көкөністермен қамтымақпыз, — дейді ағасы Темірбекке бау-бақша егу пікірін айтқан Аманкелді.

Ол осыған дейін облыс орталығында тұрып келген. Жасап жүрген жұмысы да болыпты. Бірақ әкелері құрып берген шаруа қожалығындағы бос жатқан жерлерін игерсем деген арман-тілегі оны ақыры кіндік қаны тамған ауылына қайта жетелеп келген.

— Ауыл шаруашылығымен айналысу көптен бері ойда жүрген еді. Таза өнім өндіріп, халыққа, елге пайда түсірсем дейтінмін. Былтыр қаладағы жолдас жігіттермен Петропавловка ауылында екі гектар жерге картоп ектік. Қалада да жұмысым бар ғой, бірақ ауылға келіп, ағама қолғабыс жасап, егін егу ісін ауылымда жалғастырғым келді, — дейді Аманкелді Жауынбаев.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button