Құқық

Заң білмеген зардап шегеді

Құқықтық сағат

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығына барып «Заң білмеген зардап шегеді» атты құқықтық сағатын өткізді.

Аталған шараға облыстық әділет департаментінің интеллектуалдық меншік құқықтары бөлімінің басшысы Тимур Үбішев қатысып, мүгедек жандардың өз құқығын білуі керектігін айтып, олардың сұрақтарына жауап берді. Ол мүгедектер ішінде өлең шығаратын жастарға авторлық құқық туралы түсіндіріп, шығармаларды ешкім көшіріп алмау үшін сақтандыру құқығы болатынын ескертті.

Шара барысында «Құқықтық сауаттылық — заман талабы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған Ғ.Жайпиннің «Азаматтық құқық», Қ.Жоламанның «Мемлекет және құқық теориясы», Қ.Оспановтың «Құқық негіздері», т.б. кітаптары, газет-журнал басылымдары қойылды.

Сондай-ақ, құқықтық сағат аясында  «Заңды білу – заман талабы» атты слайд көрсетіліп, «Адам болу құқығы» атты деректі фильм мен «Ата заңымыздың құрылымы мен тарихы» атты бейнеролик таныстырылды. «Жалғасын тап», «Қағидалар ойыны» сияқты викториналық сұрақтар қойылып, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Алма Адаханова әсем әндерімен жиналғандарға ерекше көңіл  күй сыйлады.

Орталықтың атқарушы директоры Гүлмирам Сражова кітапхана қызметкерлеріне алғыс айтып, өзінің жүрекжарды тілектерін жеткізді. Ал орталықтың тәрбиеленушілері Айгүл Бердешова мен Азамат Оразов өздерінің шығармашылықтарынан өлеңдер оқыды.

Кездесу соңында кітапхана директорының орынбасары Үржан Құрманқызы шараның маңыздылығына тоқталып, әр адам өз  құқығын білуге тиіс екенін айтып өтті. Сондай-ақ, кітапхана атынан «Оқы және өзгеге ұсын» кітап марафоны аясында орталыққа 100 кітапты сыйға тартты.

 Бақтыгүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

кітапхананың бөлім меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button