БілімБасты жаңалықтар

Жазғы лагерь: жолдама және саяхат

Демалыс

Биыл жаздың жайдарлы күндерімен бірге балалар лагерьлері өз жұмысын бастады. Қазір олардың кейбіреуі үшінші маусымын бастап кетті. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл облыста 107 мыңнан астам бала жазғы лагерьлерде демалады.

 260 оқушы саяхат жасайды

 Облыстық білім басқармасының жетекші маманы Талғат Сүлейменовтің айтуынша, биылғы жылы лагерь жұмысын ұйымдастыруға 131 млн 094 мың теңге қаржы бөлінген.

  • Жазғы лагерьде демалып жатқан балалардың ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сондай-ақ, қорғансыз балалардың үлесі — 21,1 мың. Сонымен қатар ішкі істер органдарының тіркеуінде тұрған 400 бала да жазғы демалыстарын лагерьлерде өткізуде. Биыл облыс бойынша қала сыртында 12 лагерь өз жұмысын жалғастырып жатыр. Оның ішінде мемлекеттік екі лагерь — «Достық» пен «Ақбөбек», сондай-ақ, 10 жекеменшік лагерь бар. Олардың қатарында Шалқар ауданындағы «Нұрсәт», Ойыл ауданындағы «Жарқын», Хромтау ауданындағы «Мұғалжар», Ақтөбе қаласындағы «Әсем», «Береке», «Мұнайшы», «Ракетка», «Энергетик», «Ақбөбек», «Восток» лагерьлері бар, — дейді Т.Сүлейменов.

Мамандардың айтуынша, ағымдағы жылы қала сыртындағы лагерьлерде демалуға 15,5 мың бала мүмкіндік алған. Сонымен қатар биыл облыс бойынша 30 шатырлы лагерь жұмыс жасайды. Оларда 3 мыңнан астам бала демалады.

  • Өткен жылы 22 шатырлы лагерь жұмыс жасады. Биыл оның саны артып отыр. Жылдан-жылға балалардың саны артқан сайын лагерьлер де көбеюде. Биыл сондай-ақ, 430 мектеп жанындағы лагерь де жұмыс жасап жатыр. Олар балаларды үш мезгіл тамақтандырып, олардың демалысын тиімді өткізуіне жағдай жасайды. Өткен жылмен салыстырғанда биыл мектеп жанындағы лагерьлердің саны 9 бірлікке көбейіп отыр, — дейді жетекші маман.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл  жазғы демалыс кезінде 1325 оқушылар бригадасы ұйымдастырылған. Оның ішінде 1295 еңбек отряды мектептерді көгалдандыру жұмысына, 30-ы орман шаруашылығына жұмылдырылған.

Еңбек отрядындағы оқушылардың саны — 62 мың.

Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, биыл облыста алғаш рет мектеп оқушылары «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватына саяхат жасайды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 2 млн 800 мың теңге бөлінген. Жоспар бойынша әр ауданнан 20 бала қатыстырылады. Жалпы саны 260 оқушы бекітілген кестеге сәйкес резерватқа үш күндік саяхатқа барады.

Достықтың ұясы

Қала сыртындағы Россовхоз елді мекенінің қасында орналасқан «Достық» лагері биыл да демалушыларға өз есігін айқара ашты. Бүгінгі күні лагерь екінші маусымын бастап кетті.

Қалалық жас туристер станциясының директоры, лагерь басшысы Жасұлан Жанайдаровтың айтуынша, биыл лагерь балаларға бес маусым бойы қызмет етеді.

  • Жаз басталысымен балалар жазғы лагерьде тынығып, асыр салып ойнауға асығады. Биыл да біздің «Достық» лагері өз достарын қуанып қарсы алды. Лагерьге бірінші кезекте көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары тартылды. 504 балаға тегін жолдама берілді. Сондай-ақ, 100 бала бес күндік шатырлы лагерьде тегін демалады. Бұл — мемлекет тарапынан балаларға жасалған үлкен қамқорлық. Біздің лагерьде балалар үшін барлық жағдай жасалған. Демалыс бөлмелері, ойын алаңдары, кең сахна, асхана бар. Әр маусымда балалар 12 күн демалады. Лагерьдің бір күні екіншісіне ұқсамайды. Мұнда күн сайын тәрбиелік-спорттық шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың уақыттарын қызықты, тиімді өткізуіне мүмкіндік мол, — дейді Ж.Жанайдаров.

Қазір лагерьде екінші маусымда 130-ға жуық бала демалып жатыр. Сонымен қатар бес күндік шатырлы лагерьде де демалып жатқан оқушылар бар.

Балалардың жасына қарай біз оларды топтарға бөліп, алғашқы күннен бастап-ақ саптық ұран, лагерь әнін айтуға үйретеміз. Сондай-ақ, олар тәрбиеші, тәлімгерлерімен бірге мәдени шаралар өткізіп, спорттық жарыстар ұйымдастырады. Лагерьдің қызығы да осында. Демалушылар қызықты ойындар ойнап, концерттік бағдарламалар дайындайды, — дейді лагерь басшысы.

Оның айтуынша, бір топта 30 оқушы бар. Оларға 1 тәрбиеші мен 2 тәлімгер жетекшілік етеді. Сондай-ақ медбике, педагог-психолог, музыка пәнінің жетекшісі, дене шынықтыру пәнінің жетекшісі жұмыс жасайды. Сонымен қатар лагерьдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдары қызметкерлері мен күзетшілер бірлесе отырып, кезекшілікке тұрады.

Айта кету керек, биыл қала сыртындағы лагерьлерге берілетін жолдаманың құны — 28-32 мың теңге тұрса, мектеп жанындағы лагерьлерге ата-аналар 6-12 мың теңге төлейді.  

50 баланың қуанышы

Ақтөбе қаласындағы №41 орта мектеп жанындағы «Сұңқар» жазғы демалыс лагері биыл да жылдағыдай екі маусымда жұмыс жасады. Лагерь басшысы Айым Кенелдікқызының айтуынша, қазір екінші ауысымда 50 бала демалыстарын өткізіп жатыр. Демалушылардың дені — аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балалар.

  • Міне, екінші маусым басталып, балалар алаңсыз демалып, ойнап, уақыттарын қызықты өткізіп жатыр. Екі маусымда да оқушыларды «Шұғыла» бассейніне, «Локомотив» кинотеатрына апарып, табиғат аясына қыдыртып, оларға қуанышты сәттер сыйлауға тырысып жатырмыз. Лагерь таңертеңгі 8-ден кешкі 17.30-ға дейін жұмыс жасайды, — дейді ол.

Лагерь басшысының айтуынша, демалу барысында балалар патриоттық, спорттық бағытта тәрбие алып, түрлі шараларға қатысады. Өнерлерін ортаға салып, мәдени шаралар өткізеді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Сәлеметсіздер ме? Ақтөбе облысы, Ойыл ауданына қарасты Лесхоз елдімекеніндегі тынығу лагеріне Атырау облысы, Жылыой ауданынан барған балалардың жағдайы мәз емес. 1 шілде күні барған қызым Айкөркем әлі күнге бір рет болса да жуынбаған. Оған жағдай жасалмаған. Сырттағы душтың суы салқын және әжетхана да тыста, алыста орналасқан. Осы жәйтті естіген жерлес бір жігіт баласын дереу лагерьден алып кетті. Пойыз билеттері алдын ала алынбаған, жауапты деген тұлғаларға телефон шалсақ, олар есеп бөлімінің кінәсі дейді. Бұл лагерь негізінен С. Бәйішев атындағы ЖОО-ына тиесілі екен. Балалардың телефонын алып қойған. Бірнеше күн ажыратылып тұрды, сонан соң екі күн қатарынан қосулы болды. балалар көтермегесін тәрбиешісіне хабарласқанымда ол телефондардың дәрігер сейфінде жатқанын айтты. Ешқандай тәрбиелік мәні бар шаралар ұйымдастырылмаған. Тамақ жағын көрмегесін еш нәрсе айта алмаймын. Құрметті жауапты тұлғалар, ел баласын сеніп тапсырып отарғанда мұндай жауапсыздыққа жол бермеңіздерші. Лагерь жұмысының талапқа сай болуын бақылаңыздаршы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button