Ауыл

Ырғыздағы бөгеттер құрғақшылықтан құтқарып отыр

Осыдан 4-5 жыл бұрын Ырғыз ауданына қарасты өзен-көлдердің табаны тартылып, экологиялық ахуалдың күрделене түскені көпшілікті алаңдатқан еді. Торғай мен Өлкейік өзендерінің құрғақшылықтан тасымай қалуы және екі өзеннің Ырғыз өзені арқылы тоғысып, Құрдым көліне құйылуы да құрғақшылыққа әкеліп соққан. 2012 жылы Торғай өзенінің Жайсаңбай ауылдық округінің аумағындағы Қаракөл көліне құятын жеріне «Қыл» және Нұра жеріндегі Байтақ көліне құятын тұсына «Қожа» бөгеттері салынып, бұл мәселе шешілді. Қазіргі күні екі бөгеттің арқасында көлдердің табаны суға толып, жайылым жерлердің жағдайы жақсарды. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға қолайлы болып отыр. Ұзындығы 620 метр, биіктігі 5,5 метр болатын «Қыл» бөгетіндегі  су жібергіштің мүмкіндігі зор. Бөгетке 28 миллион  текше метр су жинауға болады. Ал «Қожа» бөгетінің ұзындығы 100 метр болса, биіктігі — 2,8 метр. Биыл осы бөгеттің арқасында Нұраның аймағындағы алпыстан астам көлге су жиналды.

Сондай-ақ Ырғыз өзенінің сол жағындағы «Ақши» бөгеті де  өңірді қуаңшылықтан сақтап отыр.

Биыл судың мөлшері көп болды. Аудан аумағындағы сексенге жуық көлдің арнасы суға толып, шаруашылықтар үшін жайлы болып тұр. Мәселен, «Ақши» бөгеті Ырғыз өзенінің сол жағалауындағы екі мың гектарға жуық жерді суландырып отыр. Бөгеттің басындағы арнайы мамандар көктемде судың деңгейін бақылап отырады. Көл суға толып, арнасынан аса бастаған кезде бөгет арқылы сыртқа жібереді. Биыл судың мол түскені сол, ақпан айынан бастап бөгеттен су жіберіліп жатыр. Жалпы «Ақши» бөгетінің ұзындығы — 27 шақырым, — дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Қызбергенов.

«Ақши» бөгеті сол маңдағы Ақши ауылының тұрғындары үшін де қолайлы болып отыр. Қазір ауыл айналасы көк майса, жайылым жердің шөбі шүйгін. «Қазсушар» мекемесінің аудандағы өкілі Бақыт Құнановтың айтуынша, 9144 гектар болатын «Ақши» суармалы көлтабан жүйесі мекеменің құзырына беріліпті. Шабындық жерлердің барлығы бөгет суы арқылы суландырылады. Ырғыз селолық округіне қарасты «Дана», «Қаратал», «Наурыз СИМ», «Жігер» шаруа қожалықтары осы өңірден шөп шауып, малға азық дайындайды. Шаруалар  су осылай мол түсіп тұрса, мал басын мол өсіруге болатынын айтады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button