Ауыл

Ауыл: маусым күндерінің тынысы

 Техника паркін «даму» арқылы жаңалап алды

 «Қазақстан» ЖШС асылтұқымды ірі қара өсіру шаруашылығы биыл қазақтың ақбас сиыры тұқымының 140-қа тарта бұқасын сатты.

Негізі сонау Кеңес Одағы кезінде қалаған іргелі мекеме жаңа заман талаптарының да үдесінен шығып отыр. Шаруашылықтағы асылтұқымды ірі қара саны жыл сайын көбейіп келеді.

— Барлығы 400-дей аналық сиырымыз бар. Биыл 190 бұзау алдық. Қазір сиырларымыз жазғы жайылымда жүр, — дейді «Қазақстан» ЖШС директоры Сырым Жаңажанов.

Шаруашылық Қобда ауданы Суғалы ауылдық округі аумағында орналасқан. Аталған ауылдың біршама тұрғыны осы мекемеде еңбек етеді. Жұмысшылардың айлық жалақылары уақтылы беріліп тұрады.

Ірі қара тұқымын асылдандыру бағытында жұмыс жасайтын шаруашылық арнайы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Жыл сайын аналық сиырлар үшін субсидия алады. Шаруашылық өткен жылы «Даму» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиенің көмегімен арнайы техникалар паркін жаңалап алыпты.

— Өзім де осы Қобда ауданының тумасымын. Осы шаруашылықты басқарғаныма жеті жылдың шамасы болып қалды. Шаруашылықты дамытып, мал санын әрі қарай көбету жолындағы жоспарларымыз көп, — дейді Сырым Жаңажанов.

 12 елік, 12 қабан төлдеді

Өткен жылы Қобда ауданындағы «Зеленый дол» орман шаруашылығы аумағындағы жабайы жануарларды асырауға арналып, тормен қоршалған арнайы алаңға жіберілген 12 елік пен 12 қабан биыл төлдеп, сандары көбеюде.

Қоршалған арнайы алаңның аумағында құрғақшылық жылдардың өзінде суы тартылмайтын екі табиғи көлшік орналасқан. Жаз мезгілінде жануарлардың жайылуы үшін 1,5 га алаңға арпа, бидай секілді дәнді дақылдар егіледі. Арнайы алаңқайларға жемшөп шашылады. Арнайы алаңның меншік иесі «Ақтөбе облыстық аңшылар мен балықшылар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің басшылары жыл сайын 25 тоннаға дейін жем және шөп сатып алатындарын айтады.

— Еліктеріміз бен жабайы шошқаларымыз алғашқы төлдерін беріп жатыр. Жабайы жануарларымыздың толық саны мен олардың қаншасына атуға рұқсат беретінімізді күзге қарай төлдер өсіп, жетілгеннен соң шешеміз, — дейді «Ақтөбе облыстық аңшылар мен балықшылар ұйымы» қоғамдық бірлестігі кеңесінің, басқармасының төрағасы Алексей Гогель.

Арнайы қоршалған алаң мен орман шаруашылығына тиесілі жерлерді бақылап, жануарларға жем-шөп беріп, оларды күзету жұмыстарын «Зеленый дол» орман шаруашылығының қорықшылары жүргізеді. 3 адамнан тұратын шаруашылықтың УАЗ-фермер автокөлігі, қыс мезгілінде жануарларға жемшөп жеткізу үшін қажет қар үстінде жүретін арнайы көлігі және МТЗ-80 тракторы бар.

Жабайы жануарларды бағуға арналған арнайы алаңның аумағы — 64 га. Алаңның айналасы ұзындығы 3200 метр болатын «Kiser» фирмасының торымен қоршалған. Жабайы шошқалардың алаңнан шығып кетпеуі үшін биіктігі 2 метр тордың 40 сантиметрі жердің астына көмілген.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ,

Қобда ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button