Ауыл

Ветеринарлық қызмет бабында ма?

Малдың көбеюіне кедергі келтіретін зиян жайттардың бірі ветеринарлық қызметтің дұрыс ұйымдастырылмауынан туындайды. Сондықтан да анау бір тұстары мән берілмей, жөніне жіберілген осы шаруаның қажеттігі енді айқын біліне бастады. Оған бір жағы жер-жерде әртүрлі мал ауруларының шыға бастауы да себеп болды.

Сарыжар ауылдық округінің әкімі Рысбақ Ілиясованың айтуынша, өздері тұратын өңір облыс орталығына жақын болғандықтан қазіргі кезде індет қаупі молайып тұрған секілді.

«Өйткені ауыл тұрғындары Ақтөбенің мал базарынан арзанға мал сатып алады, ол жерде тексеру дұрыс жасалмай ма, ішінара сол малмен бірге ауру да ере келеді. Былтыр ірі қарадан, биыл қой-ешкіден бруцеллез шықты, қазір ауыл кәсіпкерлеріне жан-жақтан мал әкелуге тыйым салынды», — дейді ол.

Ауылдық округте бір ғана мал дәрігері жұмыс істейді. Оның өзі мүмкіндігі болмағандықтан әзірге қатынап қызмет істеуге мәжбүр. Бұл енді «айдап салдың малы өспес» дегенге келетін жағдай.

Қаратоғай елді мекенінде шамамен 60-80-нен малы бар екі шаруа қожалығы еңбек етеді. Қалған мал жекелердің қолында. Осы малдарға мал дәрігері Әли Сәрсенов қызмет етеді.

Жалпы округте 1200 ірі қара, 2500 қой-ешкі, 130 жылқы, 2 түйе бар.

«Бізде 2014 жылы шілде айында қойдан бруцеллез ауруы шығып, шектеу қойылған, ол әзірге алынған жоқ. Ақтөбеден келген эпизотряд осында жұмыс істеуде, біздер, жергілікті мал мамандары, оларға келісімшарт бойынша малдан қан алуға, дезинфекциялық жұмыстар жүргізуге көмектесеміз», — дейді мал маманы.

Біз екі ауылдағы жағдайды ғана көрдік. Ал басқа жерлерде ше? Жалпы, «сақ болғанды сақтайды». Ендеше, жұқпалы дерттің енді қайдан шығатынын күтіп отырмай, қынулы қимылдар жасаған жөн болар.

Мектеп ауласындағы қояндар

Полтава орта мектебінің оқушылары сабақтан тыс уақыттарында кәсіпкерліктің әліппесін үйрене бастады. Бұрыннан мектеп ауласында бақша өсіріп келе  жатқан олар биыл қоян өсіретін ферма құрды.

Балалар мұнда бәрін өздері атқарады. Ең алдымен қоян фермасының меңгерушісі тағайындалып, бухгалтер, бригадир бекітілді. Биология пәнінің ең үздік оқушысы мал дәрігері қызметін мойнына алды. Ұстаз ағайлар балаларға темір торлар жасауға көмектесіп, тақтайлар жеткізіп берді. Бастапқыда бағымға аз ғана көжектер алынды.

Оқушылар шағын шаруашылықтың экономикалық негіздемесін өздері есептеп шығарды. Мәселен, ауыл маңында көк шөп жеткілікті. Сондай-ақ күзге қарай қырыққабаттың мол жапырағы және жиналады. Мұның барлығы да тегінге түсетіндіктен ол да бір пайда.

Қазіргі уақытта шағын фермада 12 аналық бағып-күтілуде. Олар санаулы күндерден соң қатарынан көжектемекші. Ал мұның алдында дүниеге келген көжектер секектеп,  күн сайын өсе түсуде.

Балалар жыл аяғында 300 килограмм қоян етін алуды жоспарлап отыр. Бұл өнімдер мектеп асханасына беріледі.

— Бұл еңбек балалар үшін өте тиімді. Олар, біріншіден, жастайынан экономикалық ойлауға үйренеді, екіншіден, олардың бос уақыты жоқ,— дейді мектеп директоры Иван Классен.

— Балаларымыз көз алдымызда өзгере бастады. Олар ылғи да фермаларына қарай асығады, еңбектерінің нәтижелерін көргісі келеді, — дейді ата-аналардың бірі Анастасия Моцык мақтаныш сезімімен.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button