Спорт

Қос газеттің дәстүрлі турнирі өтеді

Тоғызқұмалақ

 29-30 маусым күндері тоғызқұмалақтан «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жүлдесі үшін дәстүрлі облыстық турнир өтеді. Жарыс жасөспірімдер арасында ұйымдастырылады.

Биыл турнир 18-ші рет өткізілгелі тұр. Бұл жолы жарыс ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылады.

— Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда  ел жағдайы қиын болса да, өз ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық өнерді, спорт түрлерін насихаттауға деген құлшыныс өте жоғары болды. Сол тұста тоғызқұмалақ ойынын насихаттау мақсатында қолдаушы іздедім. Ол қолдаушыны облыстық «Ақтөбе» газетінен таптым. Бұл — сол кездегі бас редактор Идош Асқар бастаған газет ұжымы. 1998 жылы өткен алғашқы жарысқа небәрі 12 адам қатысқан еді. Олардың жас шамасы да әртүрлі болды: 10 жастан 60 жасқа дейінгі тоғызқұмалақшылар қатысты. Қазір бұл жарыс арнайы тәртіппен өтетін дәстүрлі турнирге айналды. Осы турнирдің әр жылдардағы жеңімпаздары арасынан ел чемпионатының, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері шықты, — дейді тоғызқұмалақтан облыстың аға жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қабидолла Нұршин.

Бүгінде ҚР спорт шебері атағы бар Гүлсара Қойшыман, Алмагүл Такишева, Бауыржан Төлегенов, Аманбек Өндірбаев сынды тоғызқұмалақшылар, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Медет Құсайынов, 2015 жылғы әлем біріншілігінің жеңімпазы Нұрбек Қабиев — кезінде «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жүлдесі үшін болған турнирде топ жарғандар.

Елімізде төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылық артып, онымен шұғылданушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Деректер бойынша, Қазақстанда 100 мыңға жуық адам тоғызқұмалақпен шұғылданады.

29-30 маусым күндеріне белгіленген турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС дирекциясы атынан бағалы сыйлықтар табыс етілмек.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button