Басты жаңалықтарЭкономика

«Қазақстан теміржолы» ақтөбенің рельстерін пайдаланады

Индустрияландыру

 

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты — индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы аясында жүзеге асырылған еліміз бойынша бірегей жобалардың бірі. Шойын жолдар үшін қажет рельстер шығаратын мұндай зауыт ТМД аумағында Ресей Федерациясында ғана бар.

Зауыт қазір дайын өнім шығару кезеңіне өтті. Ақтөбедегі зауыттан шығарылған рельстер «Қазақстан теміржолы» компаниясының инвестициялық жобалары мен магистральды теміржолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына пайдаланылуда.

Зауыттың бас директоры Андрей Кузьминнің мәлімдегеніндей, бүгінгі күні зауытта 700-ге жуық адам еңбек етеді. «Жұмыскерлеріміздің 99 пайызы жергілікті адамдар. Негізінен жастарды алуға тырысамыз. Оларды біліктіліктерін арттыру мақсатында арнайы курстарға жібереміз», — дейді Андрей Кузьмин.

Зауыт басшысы «Ақтөбеге» берген сұхбатында басқа да сауалдарға жауап берді.

— Әңгімемізді бұл жобаның қашан қолға алынғанынан бастасақ…

— Зауыттың құрылысына біз 2013 жылдың сәуір айының соңы, мамыр айының басында кірістік. Яғни зауытымыз 3 жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде тұрғызылды. Рельсті прокаттау (қалыптау) технологиясын игердік. Зауытты іске қостық. Қазір енді «Қазақстан теміржолы» компаниясының қажеттіліктерін өтеу үшін рельс шығарып жатырмыз. Сонымен қатар біз рельстерімізді экспортқа шығаруға да дайындық үстіндеміз. Қазір жақын шетелдердегі серіктестерімізбен бірнеше келісімшартқа қол қою жұмыстары жалғасуда. Таяу уақытта рельстеріміз шетелге де жіберілетін болады. Бүгінгі күні өніміміз үшін СТ-КЗ сертификатын алдық. Бұл сертификат рельстеріміздің ұлттық стандарттарға сәйкес келетінін растайды. Қазақстанның сертификаты Кедендік Одақ аумағы бойынша да жүреді. Десек те, біз енді Ресейдің ГОСТ Р стандартына сәйкес екендігімізді дәлелдейтін құжатты алу үшін сертификаттаудан өтіп жатырмыз. Зертхана сынақтарынан оң нәтиже шықса, Ресейдің сертификатына да қол жеткіземіз.

— Бұл сізге не береді?

— Бұл, әрине, бізге өз өнімдерімізді саудаға шығару нарығын кеңейтуімізге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Батыстағы және Шығыстағы серіктестеріміздің зауытымыз рельстерінің сапасына деген сенімін одан сайын арттыра түседі.

— Бұл жобаға кімдер қаржы салды? Зауыттың құрылтайшылары кімдер?

— Зауыттың құрылтайшылары: «Қазақстан теміржолы» компаниясының еншілес кәсіпорны «Ремлокомотив» акционерлік қоғамы мен жеке инвестор — «Транспортные технологии» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Біздің жоба — мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асырылды. Біз мемлекеттің 30 пайыз үлесі бар квазимемлекеттік кәсіпорынбыз. Ал жобаның жүзеге асырылуына салынған қаржы туралы айтар болсақ, зауыт құнының 30 пайызын құрылтайшылар жарғылық капиталға өздері салды, қалған 70 пайызы — «Қазақстанның даму банкі», «Сбербанк» сынды қаржы институттарынан несиеге алынған қаржы.

— Зауыттың құрылысын бастамастан бұрын қай нарықтарға шығуды жоспарлаған едіңіздер?

— Жалпы, рельсті сату нарығы өте үлкен. Ал біз өндіретін Р-65 рельсінің нарығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің аумағымен ғана шектеледі. Мұндай рельстер бұрынғы Кеңестер Одағына мүше болған Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан секілді елдерде ғана қолданылады. Бірақ біз өз нарығымызды кеңейтуді жалғастырамыз. Үстіміздегі жылдың аяғына таман Еуропалық стандарттарға сәйкес келетін Р-60 рельсін шығаруды игеруді жоспарлап отырмыз. Оны игергеннен кейін бізге Таяу Шығыстың, Еуропаның, оның арғы жағында Оңтүстік Америка сияқты елдердің нарықтары ашылатын болады.

— Бұл жобаны қолға алған кезде «бәсекелестікке төтеп бере аламыз ба?» деген қорқыныш болған жоқ па? Өйткені Ресей Федерациясының өзінде рельс шығаратын ірі комбинаттардың бар екені белгілі.

— Әрине, алдын ала барлығын ойластырдық. Сондықтан біз зауыттың құрылысын жоспарлағанда, оған рельсті дайындайтын ең жаңа, ең заманауи технологияларды қарастырдық. Мен қазір «біздің рельстеріміз нарықтағы ең жақсы рельстер» деп еш күмәнсіз айта аламын. Яғни өнімнің профилі және беріктігі жөніндегі сипаттары бойынша талап етілген параметрлердің барлығын орындап, сақтап отырмыз. Сондай-ақ технологиямыз да өзін-өзі ақтауда. Зауытымыздың және ҚАЗ СЖТ зертханаларында жасалған сынақтар рельстеріміздің сапалы екендігін растап отыр.

— Ал осы Ақтөбе рельс-арқалық зауытына ұқсас зауыттар басқа қай елдерде бар?

— ТМД аумағында Ресейде ғана бар: Евраз компаниялар тобының зауыты, Челябинск қаласындағы Мечель зауыты. Бұл екі зауыт Ресейдің рельс нарығын толығымен қамтып отыр. Олардың рельстерінің ұзындығы 100 метрге дейін. Мен олардың сапасына ешқандай мін таға алмаймын. Ал біздің рельстеріміздің ұзындығы 120 метрге дейін жетеді. Біз ең баста «Қазақстан темір жолы» компаниясымен ұзақ мерзімді келісімшарт жасастық. Сондықтан Қазақстанның нарығына рельсті біз жеткізіп береміз.

— Қателеспесем, зауытыңыз қазір дайын өнімді шығару кезеңіне өтті.

— Иә, зауытымыз өндірістік, яғни дайын өнімді шығару кезеңіне өтті. Зауыттың жобалық қуаттылығын игеру үшін жұмыс жасап жатырмыз. Өйткені жобалық қуаттылыққа шығу процесінің ұзақ жалғасатыны белгілі. Күн сайын өнім өндіру мөлшерін арттырып келеміз. Соңғы айда шамамен 5 мың тонна рельс шығарып, жөнелттік. Біздің рельстеріміз «Қазақстан теміржолының» «Алматы-Шу» аралығындағы екінші желі жобасына, тағы бір инвестициялық жоба — «Құрық» портының құрылысына пайдаланыла бастады. Бұдан өзге, рельстерімізді «Қазақстан теміржолының» басқа да магистральдық жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарына пайдалануға жіберіп жатырмыз.

— Жаңа бір сөзіңізде зауыттың қондырғылары ең заманауи технологиямен жабдықталғанын айттыңыз.

— Иә, бұлар рельс дайындау технологиясының ең соңғы үлгілері. Ең соңғы ойлап табылған қондырғыларды алып келдік. Бізге қондырғыларды жеткізіп берген компания бүкіл әлем бойынша ең үздік үштіктің қатарына кіреді. Ол — Primetals Technologies Italy S.r.l. (бұрынғы «Siemens-VAI») компаниясы. Ол — мұндай қондырғыларды шығаратын компаниялардың арасында дүниежүзілік көшбасшы. Сондықтан біздің прокаттау қондырғымыз дүниежүзі бойынша бірінші орында, яғни ең жаңа қондырғы. Біз сол қондырғының қожайынымыз.

— Қазір инновация туралы көп айтылады. Сол инновация тұрғысынан зауыттың өнімдері несімен ерекшеленеді?

— Біздің өнімнің бірегейлігі —  оны жақсы прокаттағанымызда (қалыптау) ғана емес. Әрине, геометриялық өлшемдері бойынша прокаттаудың сапасы онсыз да жоғары. Ең басты ерекшелігіміз — дифференциялық термонығайту арқылы рельстің беріктігін күшейту желісі. Бұл — Primetals Technologies Italy S.r.l. ең соңғы жаңалықтарының бірі. Термонығайтудан кейін рельске қажет механикалық сипаттарды қамтамасыз ете аламыз.

— Зауыт өзінің жобалық қуаттылығына қашан толығымен қол жеткізеді?

— Жобалық қуаттылыққа толығымен қол жеткізу үшін дайын өнімді шығара бастаған күннен бастап 2 жыл уақыт керек. Менің ойымша, 2018 жылдың соңына таман қол жеткіземіз. Бұл өте күрделі процесс. Биыл, мысалы, біз рельс өндіру бойынша жобалық қуаттылықтың шамамен 65 пайызын игеруді жоспарлап отырмыз.

— Зауыттың салынғаны туралы БАҚ беттерінде көп жазылды. Зауытта іске қосу және жөндеу жұмыстары кезеңі өте ұзақ жалғасты. Осының себебін айтып өтсеңіз.

— «Ыстық» іске қосу және жөндеу жұмыстары деп айтылатын, яғни шикізатты алғаш рет ыстық пештен балқытып өткізу жұмыстары 2015 жылдың 1 қыркүйегінде басталды. Одан кейін 4 айдың ішінде шикізатты прокаттау жұмыстарын ретке келтірдік. Рельстің геометриялық өлшемдерін қамтамасыз етудің де өте күрделі процесс екені белгілі. Мұны зауытта жұмыс жасайтын мамандар түсінеді. Рельстің тиісті стандарттарға сәйкес келетін пішініне 4 айда қол жеткіздік. Сосын термонығайтуды игердік. Наурыз айында бұл процестерді толығымен аяқтадық. Рельстің алғашқы сынақтық партиясын шығарып, Қазақстан Республикасының сертификаттауынан өттік. Одан басқа да құрылысқа байланысты олқылықтарды жойып, 6 маусымда зауыт толығымен пайдалануға берілді, яғни дайын өнімді өндіру кезеңі басталды.

Қондырғылардың автоматтандырылу коэффициенті шамамен 98 пайыз. Шартты түрде айтар болсақ, бір кнопкаға басасың, жүйенің бір жағынан шикізат кіреді де, келесі жағынан дайын өнім шығады. Әрине, жұмыс процесіне адам кез келген сәтте араласа алады. Бірақ біз ақауларды көп болдырмау және күтпеген жағдайлардың алдын алу үшін автоматтандыру коэффициентінің жоғары болғанын қаладық. Қазір бұл жүйе жұмыс жасап тұр.

— Зауыт шикізатты Ресейден сатып алады. Өткен жылы инвестициялық форум кезінде Ақтөбеде болат балқытатын зауыттың ашылуы туралы әңгіме қозғалды. Бұл жоба қашан жүзеге асырылуы мүмкін?

— Әлбетте, рельс-арқалық зауытының бас директоры ретінде мен ондай зауыттың Ақтөбеде бой көтергенін қалаймын. Бұл зауытты тұрғызған команда да ондай қосымша зауытты салуға дайын. Дегенмен, алдымен құрылтайшыларымыз бен Үкімет деңгейінде тиісті шешім қабылдануы тиіс. Қазір жобалау және құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ. Тек жоба алды жұмыстары қаралуда.

— Бүгінгі шарттар сізге болашаққа оптимизммен қарауға мүмкіндік береді деп айта аламыз ба?

— Бүгін тек Қазақстанда ғана емес, оның айналасында да, яғни басқа көршілес мемлекеттерде де экономикалық жағдай күрделі. Зауытымыз жаңа, өнімімізге сұраныс бар. Өнімді сатып алушылар бар. Менің ойымша, барлығы жақсы болады.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button