Спорт

Үлкен сынның алдында

1/8 финалға барар жолдағы соңғы ойындар аяқталды. Болжамның барлығы бірдей оңға шыға бермейтіні тағы бір мәлім болды. Мысалы, өз топтарында шашасы шаңға тимеуі тиіс екендігі айтылған Австрия мен Швеция 1 ұпайдан ғана құшақтап қала берді. Ал мұндай мәртебелі додаға биыл бірінші рет қатысып отырған бес команданың төртеуі (Уэльс, Исландия, Словакия, Солтүстік Ирландия) 1/8 финалға шықты да кетті, тіпті солардың қатарындағы  бесінші команда — Албанияның өзі 3 ұпай жинады.

№33. Исландия Австрияны аулына қайтарды

«F» тобы. 3-тур. Исландия-Австрия — 2:1

Гол авторлары: Йон Бедварссон, 18-минут (1:0); Алессандро Шопф, 60-минут (1:1); Арнор Траустасон, 90+4 минут (2:1).

37-минутта Александар Драгович он бір метрлік айып добын іске асыра алмады.

22 маусым. Сен-Дени. «Стад-де-Франс» стадионы.

Исландия тәжірибесі зор қарсыласынан түк те қорықпайтыны алғашқы минуттардан-ақ белгілі болды. Бірден шабуылға көшті де, 18-минутта есеп ашып кетті. Рас, тайм соңына таман австриялықтар он бір метрлік айып добын соғу мүмкіндігіне ие болды, бірақ доп қақпа діңгегіне тиіп кері серпілді. Дегенмен ойынның екінші бөлігінде Австрия біраз белсенділікпен қимылдап, есепті теңестірді. Ал қоржынға түсіп тұрған бір ұпай еш пайдаға аспай қалуы мүмкін екендігін білетін Исландия футболшылары ұрымтал сәтті аңдумен болды. Төреші қосқан қосымша минуттарда сол сәттің күні туды. Бұрынғы 2 ұпай дереу 5 ұпайға айналып жүре берді. Сөйтіп, исландиялықтар Австрияға жер сабалатып қана қоймай, 1/8 финалға шыға келді, оған қоса басқаларға ұйымшыл командалық ойынның артықшылықтарын да дәлелдеп берді.

№34. Қос капитанның 15 минуты

«F» тобы. 3-тур. Венгрия-Португалия — 3:3

Гол авторлары: Золтан Геро, 19-минут (1:0); Нани, 42-минут (1:1); Балаж Джуджак, 47-минут (2:1); Криштиану Роналду, 50-минут (2:2); Балаж Джуджак, 55-минут (3:2); Криштиану Роналду, 62-минут (3:3).

22 маусым. Лион. «Стад-де-Лион» стадионы.

Жанкүйерлер чемпионат басталғалы бірінші рет ең «өнімді» кездесуді тамашалады. Айбынды құрамамен ашық ойнаудан тайсалмаған Венгрия гол соғумен болды да, Португалия қуып жетумен болды. Әсіресе екінші таймдағы 15 минуттың ішінде (47-62 минуттар) екі құраманың капитандары екі реттен кезекпе кезек гол соқты. Осыдан соң онсыз да 4 ұпайы бар Венгрия өзін-өзі салқын сабырға шақырып, негізінен қорғанысқа көшті. Ал Португалия шабуылдаудан тынбады. Бірақ есеп өзгеріссіз қалды. 3 ұпай португалдықтарды да келесі кезеңге сүйреп шығарды, оның үстіне чемпионат басталғалы жылы лебіз ести алмай келе жатқан Криштину Роналду бірден екі гол соғып, ілтипатқа ие болды. Ал Португалияның үш кездесуде де бірде-бір жеңіске жете алмауы ойландырарлық жайт.

«F» тобы. Қорытынды есеп

1-орын. Венгрия бір рет жеңіп, екі рет тең ойнап, 5 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 6-4.

2-орын. Бір рет жеңіп, екі рет тең ойнаған Исландияның да 5 ұпайы бар. Доп айырмашылығы — 4-3.

3-орын. Үш рет тең ойнаған Португалия 3 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 4-4.

4-орын. Австрия екі рет жеңіліп, бір рет тең ойнады, 1 ұпай. Доп айырмашылығы — 1-4.

№35. Бұйырған деген осы

«Е» тобы. 3-тур. Италия-Ирландия — 0:1

Гол авторы: Роберт Брэди, 85-минут (0:1).

22 маусым. Лилль. «Пьер Моруа» стадионы.

Ирландияға жеңіс ауадай қажет еді. Расын айтқанда, бір ғана ұпайы бар бұларға сол жеңіс арқылы келетін үш ұпай керек болатын. Үш ұпайды Италия бере ме? Берді. Ирландия бермесіне қоймады. Рас, өзіне қажетті ұпайды екі турда жинап алған Италия бапкері Антонио Конте бұл ойынға негізгі мықтыларды қоспады, жаңа ойыншыларды сынап көруді ұйғарды. Ал сынның қорытындысы онша мақтарлықтай болмады. Ирландықтар кездесу бойына территориялық басымдылық көрсетті, алыстан, жақыннан көп соққылар жасады. Солай болған күнде де ойын тең есеппен аяқталуға таяп келе жатқан еді. Негізгі уақыттың бітуіне бес минут қалғанда Уэсли Хулаханның бүйіргі қанаттан берген добын Роберт Брэди қақпаға қақырата бағыттады да, гол соқты. Осылайша Ирландия 1/8 финалға шықты да кетті.

№36. Пұшайман болған Швеция

 «Е» тобы. 3-тур. Швеция-Бельгия — 0:1

Гол авторы: Раджа Наингголан, 84-минут (0:1).

22 маусым. Ницца. «Стад-де-Нис» стадионы.

Жалпылай алғанда екі құрама тең дәрежеде ойнады деуге болады. Әрине, жеңіс екі құрамаға да қажет болғандығы даусыз. Дегенмен Швецияның халі мүшкілдеу еді. Бұлардың есебінде бір ғана гол бар-тұғын, оны да 1:1 есебімен аяқталған алғашқы кездесуде ирландиялық қорғаушы Киран Кларк өз қақпасына соғып алған. Швед жанкүйерлері әйгілі жерлестері, Еуропа чемпионатына, бәлкім, соңғы рет қатысып отырған, іріктеу кезеңіндегі ойындарда 11 гол соққан Златан Ибрагимовичтің гол соғуын асыға күткен. Бірақ Златан да, швециялық басқа футболшылар да теңбіл допты қанша зырқырата тепкендерімен қақпаға енгізе алмады. Бұлардың еркіне бағынбаған доп бельгиялық футболшыға бас иді. Шведтер тәуекелге бел буып, ашық ойнауға кіріскен шақта, 84-минутта Раджа Наингголан 23 метрден соққы жасады да, жібек торды дір еткізді.  Осы гол олардың 1/8 финалға еркін шығуына жол ашты. Ал Швеция футболшылары бір гол да соға алмаған пұшайман күйі қала берді.

«Е» тобы. Қорытынды есеп

1-орын. Италия екі рет жеңіп, бір рет ұтылып, 6 ұпай жинады. Доп айырмашылығы 3-1.

2-орын. Екі рет жеңіп, бір рет ұтылған Бельгия да 6 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 4-2.

3-орын. Бір жеңіс, бір тең ойын, бір ұтылыс Ирландияға 4 ұпай әперді. Доп айырмашылығы — 2-4.

4-орын. Бір рет тең ойнап, екі рет жеңілген Швеция 1 ұпай ғана жинады. Доп айырмашылығы — 1-3.

ТОПТЫҚ КЕЗЕҢНІҢ ДЕРЕКТЕРІ

Ең көп гол соққандар: Венгрия — 6 доп; Уэльс — 5 доп.

Өз қақпасына гол өткізбегендер: Германия, Польша.

Қақпасына ең көп гол жібергендер: Ресей — 6 доп; Украина мен Чехия — 5 доп.

Гол ең көп соғылған кездесу: Венгрия-Португалия — 3:3.

Ірі есептер: Испания-Түркия — 3:0; Бельгия-Ирландия — 3:0; Уэльс-Ресей — 3:0.

Футболшылары еш гол соға алмағандар: Украина, Швеция.

Топтық кезеңнен аса алмағандар: Украина, Ресей, Румыния, Чехия, Австрия, Швеция, Албания, Түркия.

Барлық кездесулерде 69 гол соғылды. Әр кездесуде орта есеппен 1,91 гол соғылды.

1/8 ФИНАЛДЫҢ КЕЗДЕСУЛЕРІ

25 маусым. 18.00. Швейцария — Польша

25 маусым. 21.00. Уэльс — Солтүстік Ирландия

25 маусым. 24.00. Хорватия — Португалия

26 маусым. 18.00. Франция — Ирландия

26 маусым. 21.00. Германия — Словакия

26 маусым. 24.00. Венгрия — Бельгия

27 маусым. 21.00. Италия — Испания

27 маусым. 24.00. Англия — Исландия

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button