Ауыл

Жеңсік өнімдер молаяды

Ауыл шаруашылығы

 Кешегі кеңестік кезеңде мал, егін шаруашылығымен болып, қазіргі дәстүрлі емес деп атап жүрген ешкі, қоян, құстың бөдене, қаз, үйрек, күркетауық  сынды түрлерін өсіруге көп көңіл бөлінбеді. Негізгі күш ірі салаларға бағытталды да, табыс әкелетін көптеген қосалқы шаруашылықтар дамымады. Содан да ол кездің дастарқаны жұпынылау болды, мұны мойындау керек. Тоғандарға шабақ жіберіп, балықтың түрлерін молайту, әр ауылда омарташылықты дамыту ойға да келген жоқ. Қоғамдық шаруашылықтарда жылқы, түйе аз болмағаны белгілі. Алайда сөйтіп отырып, шұбат, қымыз дайындауға ешкім талаптанбады. Себебі, еңбек адамдарының арасында пайда табуға деген ұмтылыс, бәсекелестік болмады. Ортақ шаруаға деген көзқарас бірте-бірте енжарлыққа алып келді.

Ал нарықтық экономика талабы шаруаларды жаңа арнаға салды. Азық-түліктің отандық жаңа, сапалы түрлерін дамытуға бағытталған қадамдар сипат алды. Әр тұтынушының әлеуметтік жағдайы ескеріліп, азық-түлік өнімінің аса жеңсік қымбат түрлері де, қолжетімді түрлері де жаппай өндіріле бастады. Қазір біздің базарларымыз бен дүкендерімізде дәстүрлі төрт түліктің етімен бірге қоян, қаз, күркетауық, үйрек еттері, балықтың не түрі тұрады. Ешкінің сүті, балдың түрі, бөдененің жұмыртқасы, қымыз, шұбат сатылады. Жалпы сауда орындарымызда азық-түліктің сан алуан түрі бар.

Ендігі мәселе — осындай азық-түліктің түрлерін толықтыратын қосалқы шаруашылықтарды өз аймағымызда дамыту болып отыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басшылықты қолға алған тұстан осындай талап қойды. Сонымен байланысты облысымыздың барлық өңірінде бұл жұмыстар жанданды. Облыстың агроөнеркәсіп кешені дәстүрлі ауыл шаруашылығы жануарларын (мүйізді ірі қара, қой, жылқы, түйе, шошқа) және құс (тауық) өсірумен қатар, бұрын кенже қалып келген сүтті бағыттағы ешкі, бал арасы, қоян, құстың басқа түрлері (бөдене, қаз, үйрек, күркетауық, т.б.) тұқымдарын өндірістік негізде өсіруді қолға алды. Жедел дамытуға бағыт ұсталып отырған бұл жануарлар мен құстың тұқымдары өз отанымыздың ішінен және алыс, жақын шетелдерден әкелінуде.

Аз дамыған шаруашылықтардың қазіргі жағдайына жүргізілген талдау бойынша сүтті бағыттағы ешкі өсірумен — 8, бал арасымен — 8, үй қоянымен — 3, бөденемен — 6 шаруашылық айналысуда. Орта есеппен жылына 124,2 тонна ешкі сүтін, 6 тонна ара балын, 3,6 млн дана бөдене жұмыртқасын және 4,7 тонна үй қояны етін өндіріп, өнімдерін облыс нарығына сатуға шығарған. Жергілікті жерде өндірілген бұл өнімдер шетелдікіне қарағанда қоспасыз, таза азық-түліктік өнім.

Аталған дәстүрлі емес қосалқы шаруашылықтарға серпін берудің түрлі жолдары қарастырылуда. Бүгінгі күні облыста арнайы жұмыс тобы құрылып, ол осы кенже қалған шаруашылықтарды дамыту мәселелерімен шұғылдануда. Біз бұл салаларға аяғына тұрып, күш жинауы үшін мемлекеттік қолдау көрсетілуі керек деп есептейміз. Осы мақсатпен, Ауыл шаруашылығы  министрлігіне жоғарыда аталған аз дамыған шаруашылықтардың селекциялық және асылтұқымдық жұмыс жүргізгеніне мемлекеттік қолдау көрсету жөнінде қажетті ұсыныстар берілді. Өйткені оларды субсидиялау мәселелері министрліктің құзырында.

Іссапармен Қарғалы ауданының Желтау селолық округінде болғанымда, балық, құс өсірумен, ешкі сүтін өндірумен шұғылданып жатқан үш шаруашылықтың  жұмысын көрдім. Бүгінге дейін тауықтың, үйректің, қаздың, күркетауықтың балапанын  көктемде сатып алып, күзге дейін семіртіп, сатып келген жекелеген кәсіпкерлер, енді өздері инкубатор алып, балапандарды өздерінде шығаруды қолға алған. Тоғандар иемденіп, балық шаруашылығын бастауды, шағын жылыжайлар салуды ойластыруда. Осы жұмыстарды жүргіземін деп, қомақты қаржылай грантқа ие болғандар да бар.

Осындағы «Ақсүт» шаруа қожалығының басшысы Абат Өтегенов бұған дейін Астанада қызмет атқарған азамат. Сондағы үйін сатып, өз еліне келіп, ешкі шаруашылығын қолға алған. Баз салып, басқа да жұмыстар жүргізіп, көп шаруа атқарған.  Ешкі сүтін өңдейтін арнайы цехы бар. Осында өңделген сүт өндірістік жолмен арнайы ыдыстарға құйылып, тоңазытқыштарда сақталады. Одан әрі сауда орындарына шығарылады. «Ақсүт» шағын фермасы өндірген ешкі сүтін қазір Ақтөбенің супермаркеттерінен кез келген уақытта сатып алуға мүмкіндік бар.

Омарташылыққа құмарлар бұл ауданда баршылық. Олар үлгіні «Медовик» шаруа қожалығының басшысы Александр Васильевич Сенатскийден алып отыр.

Ол аз уақыттың ішінде ауданда омарта шаруашылығын табысты салаға айналдырды.

 Қазбек МӘЛІКОВ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы

мал шаруашылығы бөлімінің басшысы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button