Спорт

Күтпеген нәтижелер

Уэльс пен Хорватия 1/8 финалға бірінші орынмен шықты.

Польша мен Германия әзірге қақпа құлпын ашқызбай келеді.

Украина қарсыластар қақпасына үш ойында бірде-бір гол соға алмады.

Ресейдің қақпасына 6 гол енді.

 

№27. Топтан озған Уэльс

 «В» тобы. 3-тур. Ресей-Уэльс — 0:3

Гол авторлары: Арон Рэмзи, 11-минут (0:1); Нил Тейлор, 20-минут (0:2); Гарет Бэйл, 67-минут (0:3).

20 маусым. Тулуза. «Стадьом-де-Тулуз» стадионы.

Бірінші турдағы кездесудің соңғы минутында Англиядан тең ойынды тартып алған Ресейдің топтық кезеңнен шығатындығына дау болмаған секілді еді. Бірақ одан соң Словакиядан жеңілгенде көңілдерге күдік кіре бастаған. Ал Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне бірінші рет шығып отырған Уэльс Ресей футболы туралы көтеріңкі сөздердің су бетіндегі көбік екенін дәлелдеп берді. Футболшылары Еуропаның озық клубтарында ойнайтын бұл құрама ресейлік жігіттердің салын суға кетірді. Ресейліктер не шабуыл жасап жарытпады, не қорғаныс шебін мығымдай алмады. Оның есесіне Уэльс футболшылары өздерін тым еркін ұстап, жасындай жарқылдады, қарсыластар қақпасына жауапсыз үш допты тоғытты. Сөйтіп, 1/8 финалға бірінші орынмен шықты. Ал Ресей бұл топта ең аз доп соққан, қақпасына ең көп гол жіберген құрама есебінде соңғы орынға жайғасты.

№28. Голға айналмаған 27 соққы

 «В» тобы. 3-тур. Словакия-Англия — 0:0

20 маусым. Сент-Этьен. «Жоффруа Гишар» стадионы.

Ойын барысында басымдылыққа ие болып, қарсыластар қақпасына 27 соққы жасап, 11 рет бұрыштама орындағанына қарамастан, Англияның таңдаулы футболшылары биыл Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне бірінші рет шығып отырған Словакияның сағын сындыра алмады. Иә, Англия тек шабуылдауды ғана мақсат тұтты, ал мұндай жойқын екпінді қарымта шабуылмен өшіру тіпті де мүмкін еместігін түсінген словакиялықтар біржола қорғанысқа көшіп алды. Осының өзінде де тынбай жүгірген ағылшындар үсті-үстіне қуаттана түсті де, өз алаңынан асып жарытпаған словакиялықтар бірте-бірте шалдыға бастады. Дегенмен Англияға гол соғу қуанышы бәрібір бұйырмады да, ал бұл кездесуде әу бастан ұтуды емес, бір ұпай олжалауды мұрат еткен Словакия 90 минуттық жоспарын орындады.

«В» тобы. Қорытынды есеп

 1-орын. Уэльс екі рет жеңіп, бір рет ұтылып, 6 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 6:3.

2-орын. Бір рет ұтып, екі рет тең ойнаған Англия 5 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 3:2.

3-орын. Словакия бір рет ұтты, бір рет тең ойнады, бір рет жеңілді, сөйтіп, 4 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 3:3.

4-орын. Бір рет тең ойнап, екі рет ұтылған Ресейдің қоржынына 1 ұпай ғана түсті. Доп айырмашылығы — 2:6.

№29. Көңілсіз қоштасу

 «С» тобы. 3-тур. Украина-Польша — 0:1

Гол авторы: Якуб Блащиковски, 54-минут (0:1).

21 маусым. Марсель. «Велодром» стадионы.

Бұл ойын қандай есеппен аяқталса да үйлерін, қайтуға әзірленген, қонақүйде шабадандары әзір тұрған украиндық футболшылар тәп-тәуір-ақ ойнады. Қаншама шабуыл ұйымдастырды, қарсыластар қақпасына қаншама қауіп төндірді. Әттең, теңбіл доп жібек торға жақындай бере жалт бұрылып діңкелетті де қойды. Ал кездесулерін бұдан әрі жалғастыратын поляктарды Якуб Блащиковски екінші таймда соққан бір гол да қанағаттандырған еді. Қарымта гол соққызбаған Польша екінші орынды талассыз иемденді де, 1/8 финалға еркін шықты. Ал Украинаның чемпионатпен не бірде-бір жеңіссіз, не тіпті бірде-бір тең ойынсыз ғана емес, ең болмаса қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алмай пұшайман күйде қоштасуы, расын айтқанда, кісі аярлық жағдай-ақ.

№30. Ысырапшыл мергендер

 «С» тобы. 3-тур. Солтүстік Ирландия-Германия — 0:1

Гол авторы: Марио Гомес, 30-минут (0:1).

21 маусым. Париж. «Парк-де-Пренс» стадионы.

Германия ойын барысына қарағанда Солтүстік Ирландияны ірі есеппен ұтуы тиіс еді. Бірақ бірде қақпашы Майкл Макговерннің шеберлігі, біресе қақпа діңгегі мен маңдайшасы, әрі-беріден соң немістердің өздерінің нысананы дәл көздеудегі ысырапшылдығы олай істеуге мүмкіндік бермеді. 30-минутта Марио Гомес соққан голға төрешінің соңғы ысқырығына дейін өзгеріс енген жоқ. Расына келгенде, Германияға осы жеткілікті де болды. Дегенмен чемпионат серкелерінің бірі болатындығы болжанған бұлардың сұрмергендері неге сонша ысырапшыл екені түсініксіз-ақ. Ал Солтүстік Ирландия футболшылары әлем чемпионынан бір-ақ доп есебімен ұтылғандарына сәл-пәл мақтануына да болады.

«С» тобы. Қорытынды есеп

 1-орын. Германия екі рет жеңіске жетіп, бір рет тең ойнап, 7 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 3:0.

2-орын. Дәл осылайша екі рет жеңіске жетіп, бір тең ойнаған Польша да 7 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 2:0.

3-орын. Бір рет жеңіп, екі рет ұтылған Солтүстік Ирландияның жинаған ұпайы — 3. Доп айырмашылығы — 2:2.

4-орын. Украина үш кездесуде үш рет ұтылды, оның үстіне бірде-бір гол да соға алмады, еш ұпайсыз қалды. Доп айырмашылығы — 0:5.

№31. Қайта «тірілген» түріктер

 «D» тобы. 3-тур. Чехия-Түркия — 0:2

Гол авторлары: Бурак Йылмаз, 10-минут (0:1); Озан Туфан, 65-минут (0:2).

21 маусым. Ланс. «Феликс Боллар-Делелис» стадионы.

Әуелі Хорватиядан жеңілген, одан соң Испаниядан ірі есеппен ұтылған, қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алмаған Түркия футболшылары бір ауыз жылы сөзге зәру болып қалған еді. Соңғы кездесуде сол олқылықтың орны толды. Ойынға ерекше ынтамен кіріскен Фатих Теримнің жігіттері жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлады. Қақпасына бірінші таймда гол енгізіп алған чехтар әуелгіде бұны абайсызда жіберілген қателік ретінде қабылдап, есепті теңестіруге барынша күш салса, екінші таймда Озан Туфан соққан голдан кейін кәдімгідей жүнжіп қалды. Осылайша түріктер топтық кезеңнің соңғы ойынында алғашқы жеңісіне, заңды да мазмұнды жеңісіне қол жеткізіп, өкпесі қара қазандай болып жүрген жанкүйерлері алдында біршама ақталып алды.

 №32. Кезекті сенсация иесі — Хорватия

 «D» тобы. 3-тур. Хорватия-Испания — 2:1

Гол авторлары: Альваро Мората, 7-минут (0:1); Никола Калинич, 45-минут (1:1); Иван Перишич, 87-минут (2:1).

72-минутта он бір метрлік айып добын орындаған Серхио Рамос (Испания) қақпашыдан айласын асыра алмады.

21 маусым. Бордо. «Стад-де-Бордо» стадионы.

Кезекті сенсацияның иесі — Хорватия. Кездесу алдында хорваттардың Испаниямен тең есеппен ойнауы елеулі жетістік болатыны айтылып жатты. Ал ойын барысында тең есеп жөніне қалды. Испандар соққан шапшаң голдың есесін хорваттар бірінші таймның соңғы сәтінде қайтарды да, екінші таймда ештеңеден қаймықпады. Әсіресе Серхио Рамостың он бір метрлік айып добын орындай алмай қалуы бұларға қосымша күш-жігер берді. Рас, испандықтар да өз өрнектерінен жаңылған жоқ. Бірақ олар тең есепті місе тұтуды ұйғарып, алдын ала босаңсып кетті де, оңтайлы сәтті хорваттар тамаша пайдалана қойды. Сөйтіп, Германияның алдына шығып кеткен Уэльс құрамасы тәрізді Хорватия да 1/8 финалға топтық кезеңнен бірінші орынмен шықты.

«D» тобы. Қорытынды есеп

1-орын. Хорватия екі рет жеңіп, бір рет тең ойнап, 7 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 5:3.

2-орын. Екі рет жеңіп, бір рет ұтылған Испанияның қоржынына 6 ұпай түсті. Доп айырмашылығы — 5:2.

3-орын. Түркия екі рет жеңіліп, бір рет ұтты, 3 ұпай. Доп айырмашылығы — 2:4.

4-орын. Бір рет тең ойнап, екі рет ұтылған Польшаның 1 ұпайы ғана бар. Доп айырмашылығы — 2:5.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button