Ауыл

Мәртөкте ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келеді

Ауылдың тірлігі алаңдатпай қоймайды. Өйткені қай кезде де асыраушымызға айналған ел жақтың тірлігі дұрыс болып жатса, қала жақта да қалыпты күй орнайды. Осындай көңіл күймен Мәртөк өңіріне шыққан сапарымызда көптеген игілікті істердің куәсі болдық. Әрине, проблемалар да болмай қоймайтыны анық.

Бір күнгі көргенімізді елеп-екшеп қағаз бетіне түсіргенімізде ойымызға оралған жайлар төмендегідей еді…  

 «Ақсай ЛашынИнвестің» алқабында

Сарыжар селолық округіне қарасты аумақта еңбек етіп жатқан «Ақсай ЛашынИнвест» ЖШС-ның егіс алқабы ерекше бір өңірде орналасқан. Қыр жолымен жүйткіп келе жатқан көлігіміз кенет бір бүйір бұрыла тоқтағанда еңістен молынан жайылып жатқан егістік көрінді.

Серіктестік директоры Қайрат Жәкешов текшеленіп өңделген жер мөлшерін алыстан көрсете отырып, бұл аумақта картоп, сәбіз, қызылша, пияз, бұрыш, басқа да көкөніс түрлері бар екендігін жүйелеп айтып берді. Мұның сыртында 29 га алқапқа судан шөбін егіпті. Тіпті 15 гектар жер тары егуге бөлініпті.

— Суармалы егістік болған соң еңбегіміздің өтелетіндігіне сенімдіміз, ең бастысы — агротехникалық шараларды уақытымен жүргізіп, өнімді баптай білуіміз керек. Ертең өнім жинайтын уақытта көрші ауылдардан қосымша жұмыс күшін пайдаланамыз, — дейді шаруашылық басшысы.

Кәсіпкер Елек өзенінен су тарту үшін қосымша құрал-жабдықтар алып жатқанын айтты. Демек, «Ақсай ЛашынИнвестің» алқабы алдағы жылдарда да кеңейе түсетін болар, сірә.

 Үш шаруа қожалығы кооперативке бірікті

 «Коминтерн» өндірістік кооперативіне біріккен «Шығыс», «Ангур» және «Алем» деп аталатын үш шаруа қожалығы осыдан бір-екі ай бұрын жаңаша іске қадам басты. Олар ауыл шаруашылығы кооперативін құру барысында 290 ірі қараны бір табынға жинады.

Бұрын өз алдына тірлік кешіп келе жатқан қожалықтардың енді ортақ меншігінде 6627 гектар жер бар. Оның ішінде егістік алқабы — 2800 гектар.

Жарғылық қоры 1 миллион теңге болып есептелетін кооператив бұдан былай өздерінің ортақ шаруаларын жан-жақты өрістетуді көздеп отыр.

«Ең бастысы — несие алу жеңілдігін пайдалануға мүмкіндік бар, сондай-ақ мал өсіруге қатысты субсидиялар, өзгелей де көмектер түрлерін пайданбақшымыз»,— дейді жаңадан құрылған кооператив жетекшісі Асылжар Байтілеуов.

Қарашай ауылдық округінде құрылған кооперативтің ізбасарлары алда көбейе түседі деген үміт бар.

 Жесең, Мәртөктің балын же!

 Бүгінде Мәртөктің балы айналаға танымал бола бастады. Облыс орталығында өткізілетін жәрмеңкелерде жергілікті өнімнің осы түріне сұраныс көп. Қазіргі уақытта Аққұдық ауылдық округінде «Асар-1» шаруа қожалығы тұрақты түрде бал өндіріп, аудан басындағы базарларды балмен қамтамасыз етіп отыр. Аудан орталығындағы жеке кәсіпкер Александр Горелевтің өнімдері өзіндік ерекшеліктерге ие. Өткен жылы оның омарталарынан 1000 кг бал өндіріліп, тұтынушылар талғамына ұсынылды.

Байнасай ауылдық округіндегі «Зария-1» шаруа қожалығының ұмтылысы да жоғары. Мұнда былтыр 800 кг бал дайындалды.

Хазірет  ауылдық округіндегі «Жездібай» шаруа қожалығы бал өндірісін жолға қойып келеді. Бір жыл ішінде 440 кг өнім жинаған қожалық биыл одан да жоғары межеге ұмтылып отыр.

Адам денсаулығы үшін балдың пайдасын түсіне бастаған тұтынушылар өнімнің бұл түріне сұранысты молайтуда. Бұл кәсіпкерлерге де жаман болып тұрған жоқ. Қалай дегенде де олар шаруасы жүріп жатқан соң  бармағын жалайды ғой.

 Үш сағат ұйқының адамы

«РадАгро» — Кеңсахара ауылындағы шаруашылық. Мұнда биыл 2023 га алқапқа арпа тұқымы себілді. Сондай-ақ судан шөбі, жүгері бой көтере бастады. Тағы бір жаңалық — 35 гектарға ноқат деп аталатын өнім дәні себілген. Бұл — бұршақ тәрізді бір жылдық өсімдік.

— Биыл ылғал мол болды, қазіргі ауа райы да бөтен емес, сондықтан берекелі өнім аламыз деген үмітіміз бар, — дейді ЖШС басшысы Бисен Ілесов.

Осында шаруашылықтың есепшісі Сағынтай Бердімұратов бізге мал шаруашылығының, оның ішінде сүт өндірудің көрсеткіштерін ұсынды. Бағымдағы 392 сиырдың 142-сі күнделікті сауылады. Тәуліктік сүт сауылымы 1350 литр құрайды екен. Сауылған сүт арнаулы қондырғыда салқындатылып, содан кейін «Айс» ЖШС-на өткізіледі. Бүгінгі күні әр сиырдан орташа есеппен 9,1 литрден сүт сауылып отыр.

Осындағы мал шаруашылығы фермасының меңгерушісі Жәнібек Жұнысовтың қолымен көп шаруа атқарылады екен. Артық айтса өзі білсін, Бисен Ілесов оның небәрі үш сағат ұйқыға қанағаттанып, қалған уақытта жұмыс басында жүретіндігін ерекше қадап тұрып жеткізді.

Жәнібектің өзінен суыртпақтап сыр тартқанымызда оның әр жұмыс күні таң қараңғысында басталады екен. Ол орталықтағы сауыншыларды көлігіне отырғызып, осыдан он шақырымдай жердегі сауын алаңына жеткізеді. Содан моторды от алдырып, әрі қарай сан салалы шаруаларды қолға алып кете барады.

— Ал жұмыс күніңді немен аяқтайсың? — дейміз меңгерушінің тіршілігін толық біле түскіміз келіп.

— Оны да кешкі сауынды ұйымдастырумен аяқтаймын, — дейді ол.

Жәнібек сонау кеңестік кезеңде біраз жыл «Победа» деп аталатын ұжымшарда малшы болып еңбек еткен. Бір қызығы, ешқандай арнаулы не жоғары білім алуға ұмтылмапты. Тәжірибені күнделікті жұмыс барысында жинаған. Ең басты қасиеті — еңбекқорлығы, тынымсыздығы.

 Жыл сайынғы несие — 1 миллион теңге

Елек өзенінің бойындағы күтімді алқапта он бір адам еңбек етеді. Бұл жерде «Влэна» шаруа қожалығы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта егде тартып қалса да, ауырған аяғына қарамастан осы тірліктің маңынан ұзай алмай жүрген Роза Квон апай өмір бойғы үйренген кәсібінен бір елі ажырағысы жоқ. Ол сөзінен де, ісінен де байқалады. Бір кездері Түркіменстанда әскери қызметте болған отағасы екеуі Қазақстанға келіп, бау-бақша салу үшін осы аумақты таңдаған екен. Содан бері қаншама жыл өтті, бұлардың басқа жаққа көңілі ауған емес.

— Шаруа тізгінін кейінгі үш жылдан бері балам Вячеславқа тапсырдым. Ол да кішкентайынан осы еңбекпен жетілді ғой. Сонда да болса, осы маңнан ұзай алмаймын, дәннің бүршік жарғанынан бастап, көктегенін, өнім салғанын бақылап отырамын. Биыл 2,5 га алқапқа қияр, 3 гектарға қызанақ дәнін септік. Осындай мөлшерде қырыққабат, картоп егілді. Басқа да көкөніс түрлерін өсірумен шұғылданамыз, — дейді Роза апа.

Вячеслав Ким жетекшілік ететін бұл қожалық былтыр да, биыл да мемлекеттік қолдау қорынан 1 миллион теңгеден несие алыпты. Енді аз уақытта өнім сатыла бастасымен қарыз да өтеле бастайды.

Олар өндірген өнімдер аудан орталығына, сондай-ақ Ақтөбеге көтерме сауда бағасымен өткізіледі. Тұтынушылар экологиялық таза өнім ретінде «Влэна» көкөністерін кідіріссіз алып кетеді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Мәртөк ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button