Ауыл

Бөденеші қыз

Қаратоғай селосындағы жас кәсіпкер Нұржамал Сәрсенованың бөдене өсіруге қадам басуы қызық-ақ. Өзінің негізгі мамандығы дизайнер, аспаздықты және меңгерген талапкер қыз интернеттен қарап отырып, бөдене өсіруге көңілі ауады. Не істеу керек? Сол аралықта Қарғалы ауданына Петропавловка селосында Берік Қаналин деген азаматтың нақ осындай кәсіппен шұғылданатыны туралы хабарды баспасөзден оқып біледі. Содан мал дәрігері болып қызмет істейтін әкесі Әлиді алға салып, жолға шығады ғой.

Бөденеші Берік өзінің ісін қолдайтын адамдардың табылғанына қуанып, құс өсіру құпиясын бөлісіпті, біраз бөденесін және беріпті.

Нұржамал бұл істе әкесіне көбірек арқа сүйейді екен. Өйткені Ашхабад ауыл шаруашылығы институтының малдәрігерлік факультетінің түлегі, осы салада біраздан бері еңбек етіп келе жатқан Әли Сәрсенов құстың бабын да жақсы біледі. Оның айтуынша, бөдене басқа құстарға қарағанда көбірек бап тілейді, өзі үргедек, артық шуды қаламайды.

Нұржамал жаңа істі бастау үшін алғашқыда мемлекеттен 1,5 миллион теңге несие алыпты. Қазір бөденелер саны 200-дің үстінде. Соңғы кездері ғана алпыс шамасындайы сатылыпты. Ауыл тұрғындары, сондай-ақ басқа жақтан келушілер бөдененің жұмыртқасына қызығушылық танытады екен. Оның себебі — адамның әртүрлі сырқаттарға қарсы иммунитетін көтеріп, буын, өкпе ауруларына ем болатындығында деп бағалайды мамандар.

Кәсіпкер қыздың ендігі мақсаты бөдене бағатын арнайы ғимарат тұрғызу. Қазір осы бағытта жұмыстанып жатыр. Ол шынымен де «бөдене — береке көзі» деп біледі.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button