Ауыл

Жер неге жетпейді?

Сарыжар ауылдық округінде болғанымызда, мұнда мал өсірумен шұғылданғысы келетін талаптанушылардың аз еместігін байқадық. Оларды жердің жетіспеушілігі қинайды екен.

Мәселен, «Әділ» шаруа қожалығының жетекшісі Мырзағұл Нұрқасымов бастапқыда 200 га жер алып, 200 қой бағумен өз шаруасын бастапты. Қазір сол малы екі есеге көбейіпті. Жергілікті билік өкілдері оған енді «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несие алу мүмкіндігі бар екендігін айтса, шаруа иесі қосымша жер беруді сұрайды.

«Тимур» шаруа қожалығының басшысы Өтепқали Иманғалиев та осындай күйді бастан кешіп отыр. Ол да жер таршылығын сезініп отырған кәсіп иелерінің бірі.

— Бұл проблеманы қалай шешуге болады? Басқа мүмкіндіктеріңіз жоқ па? — деген сауалымызға осындағы селолық округтің әкімі Рысбақ Ілиясова кеңінен жауап берді.

— Біздің округ аумағында орналасқан «Қайсар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі банкротқа ұшыраған еді, соның иелігіндегі 17 мың гектар жерді әзірге ала алмай отырмыз. Бірақ содан үміттіміз. Егер бұл мәселе шешілсе, жаңағы айтып отырған адамдардың жері кеңейіп, шаруаларын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік туар еді.

Сондай-ақ біраз шаруа қожалықтары иелері түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне де қол жеткізеді деп ойлаймын. Оған әзірге қолбайлау болып тұрған бір жай осы. Екіншіден, түрлі мемлекеттік несиелік ұйымдардың жеңілдігі молайды, несие беру оңтайланды, дегенмен әлі де кедергілер бар. Мәселен, Жалғасбай Ізтілеуов деген шаруамыз несие алу барысында құжаттардың түрі әлі азаймай отырғанын, тіпті тиісті орындардың негізсіз анықтамалар талап ететіндігін айтып отыр.

…Облыс орталығына жақын бұл ауылдық округте 4700 тұрғын бар. Олардың көпшілігінің тыныс-тіршілігі қазір жерді тиімді пайдалануға тура қатысты болып отырғанын ойға алсақ, бұл мәселені көп ұзатпай шешкен дұрыс болар еді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Мәртөк ауданы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button