БілімБасты жаңалықтар

Ақ жол саған, жас түлек!

Ақтөбе қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта «Жас түлек — 2016» мектеп бітірушілердің кеші салтанатты түрде өтті.

Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын қатысты.

Жиында алдымен сөз алған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев түлектерді мерекемен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

  • Тәуелсіздігіміздің 25 жылында Елбасымыздың арқасында білім саласында көптеген игі істер жасалды. Соңғы жылдары облысымызда жаңа білім ордалары бой көтеріп, бұл салада оң өзгерістер болды. Сонымен қатар қазір еліміздің әр түкпірінен түлеп ұшқан түлектер мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің үздік оқу орындарында білім алуда. Осы бағдарлама аясында білім алған 10 мыңнан астам түлек Қазақстанның әр түкпірінде әр салада еңбек етіп жүр.

Ал біздің өңірімізде биыл 48 жас республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанды. Бүгін, міне, 157 түлегіміз «Алтын белгі» иегері атанып, биіктен көрінді. Бұл алдымен сіздердің, одан кейін ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың еңбегі, жетістігі. Сондықтан бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы аталып өтілетін жылда мектеп бітіріп тұрған барлық түлектерді мерекелерімен құттықтаймын. Сіздердің алдарыңызда «Өмір» деп аталатын үлкен жол тұр. Сіздер бүгін балалық шақпен қоштасып, жаңа өмірге қадам басып жатырсыздар! Қадамдарыңыз сәтті болсын!

Облыс басшылығы атынан сіздерге үлкен табыстар тілеймін. Ақ жол! — деді өңір басшысы.

Бұдан соң облыс әкімі «Алтын белгі» иегері атанған 157 түлекке аттестат пен естелік белгі, сондай-ақ Алғыс хаттар табыс етті. Облыс бойынша ҰБТ-дан 124 балл алған мұғалжарлық Қалыбек Құлшар планшет иеленді.

Айта кету керек, биыл 244 түлек «Үздік аттестат» иеленсе, 1045 түлек ҰБТ-да 100 балдан жоғары ұпай жинады. Сондай-ақ, биылғы оқу жылында Ақтөбе қаласындағы №15, 21, 51 орта мектептер мен Алға ауданындағы №3 орта мектеп, Ырғыз ауданындағы Ырғыз гимназиясы, Темір ауданындағы Шұбарқұдық гимназиясы, Хромтау ауданындағы №5 мектеп-гимназиясы жоғары деңгейде білім көрсеткішін көрсетті.

  • Бүгін марапатқа ие болып, облыс әкімінен арнайы сыйлық алдым. Менің осындай жетістікке жетуіме ұстаздарым мен ата-анамның үлесі зор. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 124 балл жинадым. Тынымсыз дайындық пен ізденудің арқасында жоғары ұпай алдым. Алдағы уақытта Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне құжат тапсырмақшымын. Болашақта география пәнінің мұғалімі немесе геодезия мамандығын меңгерсем деймін, — дейді Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылы А.Жұбанов атындағы орта мектептің түлегі Қалыбек Құлшар.

Жиын барысында Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназияның түлегі, «Алтын белгі» иегері Керімсал Сұлтан түлектер атынан облыс басшысына, ұстаздарына алғыс айтып, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Шара соңында «Алтын белгі» иегерлері облыс басшысы Бердібек Сапарбаевпен естелік суретке түсті. Мерекелік кеш «Қоштасу» вальсімен аяқталды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button