ДенсаулықЖаңалықтар

Ауыр халде ақтөбе ауруханасына түскен лондондық бибінұрды туыстары үйіне алып кетті

Бибінұр Мұхаммед: «Ақтөбенің дәрігерлері науқастарға Лондон ауруханаларынан артық қызмет көрсетеді екен. Менің өмірімді қалай сақтап қалғанын естіген Лондондағы отбасылық дәрігеріміз қатты таңғалып жатыр».

Исламабад-Лондон бағытына ұшқан ұшақ жолаушының өмірін сақтап қалу үшін Ақтөбеге жедел қонды. 64 жастағы жолаушыға қант диабеті мен өкпенің қабынуы әсерінен бүйрек жетіспеушілі диагнозы қойылды.
Бибінұр Мұхаммед Исламабадтан Лондонға ұшқан. Ұшақ көкке көтерілгеннен кейін бір сағат өткенде оның денсаулығы күрт нашарлапты. Жағдайдың ушыққан түрін көрген ұшақ қызметкерлері бірден Ақтөбеге аялдау туралы шешім қабылдаған.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайын клиникалық өліммен салыстыруға болатындай екен. Қан қысымы төмендеп, қант мөлшері шамадан тыс көтерілген, тыныс алуы тоқтай бастаған. Бірден жедел медициналық жәрдем көрсетілді.
Осы жағдайға байланысты облыстық аурухананың бас дәрігері Самат Данияров брифинг өткізіп, журналистерге мән-жайды айтып берді.
Науқас өкпенің қабынуынан зардап шеккен. 20 жыл бойы қант диабетімен ауырады екен. Бұл оның бүйрегінің нашарлауына алып келген. Біз оған гемодиамультифильтрация жасадық, яғни қанын 20 сағат бойы токсиндерден тазаладық. Үш тәулік өткенде ғана науқас есін жиды. 4 күн бойы ол өкпені жасанды тыныстандыру аппаратына қосулы болды. Қазір жағдайы тұрақты. Оның жанында ұшақтан бірге түскен ұлы бар. Және бүгін Ақтөбеге жолдасы мен қызы келді, — дейді С.Данияров.
Есін жиған шетелдік науқас та, оның отбасы да ақтөбелік дәрігерлерге шексіз ризашылығын білдіріп отыр.
Ақтөбенің дәрігерлері науқастарға Лондон ауруханаларынан артық қызмет көрсетеді екен. Менің өмірімді қалай сақтап қалғанын естіген Лондондағы отбасылық дәрігеріміз қатты таңғалып жатыр. Оның айтуынша, менің жағдайымның 80 пайызында адамның өмірін сақтап қалу мүмкін емес екен. Ал ақтөбелік дәрігерлер өмірімді арашалады, — дейді Бибінұр Мұхаммед.
Шетелдік науқастың өмірін сақтап қалған жансақтау бөлімінің меңгерушісі Камалхан Ермағамбетовтің, емдеуші дәрігер Клара Макенованың еңбектері ерекше. Науқасқа гемодиамультифильтрация жасау үшін оның туыстары ақылы қызмет болғандықтан, ауруханаға 383 мың теңге төлеген. Ал Лондонда шетел азаматына медициналық қызмет көрсету бағасы он есе қымбат екені анық…
Бұл жағдайды естіген Қазақстандағы Пәкістан елшісі Ақтөбеге арнайы өкіл жіберіп, Қазақстан Президентіне, ҚР Үкіметіне, ақтөбелік дәрігерлерге, жалпы қазақ жұртына алғыс-тілектерін жолдады. Шетелдіктер Қазақстанның, оның ішінде Ақтөбенің медицинасы озық деп мойындады. Халықаралық деңгейде қызмет көрсетеді деген жоғары баға берді.
Айта кету керек, Нұрбибі Мұхаммедтің отбасы 40 жыл бұрын Лондонға көшіп барған. Қазір ағылшын елінің азаматтары саналады. Тарихи отандарына барып келе жатқанда осындай жағдайға тап болған. Енді науқасты отбасы мүшелері Мәскеу арқылы Лондонға алып ұшпақ. Қазір жағдайы тұрақты.

 Жанна ЕРАЛИНА.

aktobenews.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button