Мереке

«Ақтөбе» сексен бесін атап өтті

Жұма күні түс ауа облыстық Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның алды жан-жақтан жиналған жұртшылыққа тола бастады. Олардың арасында мектеп оқушыларынан бастап ақсақалдық аулына еркін енген еңселі қарияларға дейін кездеседі. Емен-жарқын жүздесіп, бірін-бірі қол қысысып құттықтап жатқан көпшіліктің басын біріктірген «Ақтөбе» газетінің 85 жылдық мерекесі болатын.

Олар — облыстық газеттің әр санын асыға күтіп, қолдарына қашан алғанша тағат таппайтын ойлы оқырмандар, басылымның әр сөзін бағалай білетін жанашыр жандар. Сондықтан да мерекелік салтанатты олардың көптен асыға күткен өз тойындай қабылдауы жарасымды жайт еді.

«Ақтөбе» газеті алғаш 1924 жылдың 7 маусымында «Кедейден» үлкен жол басын бастады. 1930 жылы «Алға»,  1932 жылы «Социалдық жол», сосын «Социалистік жол», 1962 жылы «Батыс Қазақстан», 1965 жылы «Коммунизм жолы» болып ілгерілей берді. Ал 1990 жылдың 12 қазанынан бері «Ақтөбе» деген атпен оқырмандарына үн қатуда. Бір атап өтерлігі, аты қалай өзгерсе де, газет тіршілік  кешкен дәуірінің талабына сай халық үшін қызмет етіп келеді.

Міне, «Ақтөбе» артта қалдырып отырған осы сексен бес жыл енді шежіреге айналып, «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы әзірлеген бейнефильм түрінде мерекеге жиналған жұртшылық назарына ұсынылды.

«Ақтөбенің» тойы осылайша басталды.

Шынында да, кешегісіз бүгін жоқ, ертеңгі күннің бүгінімізді ескеріп отырары және хақ.

Кешегі күні бұл газетте Жиенғали Тілепбергеновтің қолтаңбасы қалды.

Қазақтың дегдар ақыны Қуандық Шаңғытбаев редакцияға қуана кіріп, жүрегінің жылы шуағын айналаға өлең шумақтары арқылы шашыратты.

Одан кейінгі толқында Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Мұхтар Құрманалин, Құрал Тоқмырзаұлы, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұқамбетқалиұлы секілді қуатты шоғыр өкілдері осы газет арқылы әдебиет айдынына шықты.

Міне, «Ақтөбе» осындай таланттарымен мақтанады.

«Ақтөбе» газетінің өткені мен бүгіні туралы сөз қозғаған бас редактор Бауыржан Өтеулиев осындай жайларға ерекше мән берді.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова өзінің құттықтау сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы ролін жоғары бағалай келіп, «Ақтөбенің» заман талабына сай қызмет атқарып отырғандығын, әсіресе, Елбасы саясатын халыққа жеткізудегі, жұртшылықты елдік пен бірлікке үндеудегі ізгілікті істеріне тоқталды. Ол облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың атынан газет қызметкерлерінің адал еңбегі, шығармашылық құлшынысына жылы лебіз білдіре келіп,  Алғыс хатпен және 100000 теңгелік ақшалай сыйлықпен газет ардагерлері Мұрат Нұртаевты, Нұрқайыр Телеуовті, Мұхтар Құрманалинді, Идош Асқарды, сондай-ақ «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиевті,  бас редактордың орынбасары Ертай Ашықбаевты, газеттің жауапты хатшысы Сәтжан Дәрібайды,газеттің бөлім меңгерушілері Амангелді Смағұловты, Индира Өтемісті, Нұрмұханбет Дияровты марапаттады.

Облыс әкімінің шешімімен «Ақтөбе» газеті ұжымына бір бөлмелі екі пәтер бөлінді. Компьютер бөлімінің жетекшісі Нұрша Биданова, газет тарату бөлімінің қызметкері Ағила Тұрмағанбетова, амандық болса, алдағы жаңа жылды өз үйлерінде қарсы алмақшы. Олардың кілті Тәуелсіздік күнінде берілмек.

«Ақтөбе» газетінің 85 жылдық мерейтойы осы басылымға әйтеуір қатысы бар көптеген адамдарды бейжай қалдырмағаны байқалды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусиннің, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің  төрағасы Орал Мұхамеджановтың, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, «Нұр-Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаевтың, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжіліс Аппаратының басшысы Ерген Дошаевтың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Еділбай Иманқұловтың, Қазақстан  Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаевтың, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраимның және басқа көптеген лауазымды адамдардың құттықтауларын жиналған көпшілік көтеріңкі көңілмен қарсы алды.

«Ақтөбе» газеті — облыс өмірімен қатар облыстың бас шаһары Ақтөбенің де шежірешісі, күн санап көркейген қала жұртшылығының сүйікті басылымы. Сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова осы жайларды баян ете келіп, қала әкімі Архимед Мұхамбетов тағайындаған әрқайсысы 50 000 теңгелік ақшалай сыйлықпен «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Аманқос Орынғалиев, газет тілшілері Гүлжан Әбдібекова,  Бердібай Кемал, Кәмшат Қопаева, Арайлым Нұрбаевалардың, беттеуші Сәнімгүл Аманғалиева еңбектерін атап өтті.

Облыстық және қалалық мәслихаттардың сыйлықтары да таңдаулы журналистерге берілді.

Облыстағы барлық аудан әкімшіліктерінің өкілдері, Ақтөбе қаласындағы бірқатар жоғары оқу орындарының басшылары, банктердің,  кәсіпкерлік ұйымдардың жетекшілері, басқа да газет жанашырлары, ондаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері — әріптестеріміз бұл күні ықылас-ниеттерін аянып қалған жоқ.

Газет ардагерлері Нұрқайыр Телеуов, Идош Асқар, осы газетте жауапты қызметтер атқарған, бүгінде «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры Раукен Отыншин әріптестеріне арнап, ең игі тілектерін айтты.

«Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен аудандық газеттердің құрылтайшысы «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейірхан Ақдәулетұлы баспасөз бен халық арасындағы байланыс тіні

бүгінде қай кездегіден де берік орныға түскенін, оның нақты көрінісін осы шараның өзі айғақтайтынын айтты. Сол себептен де ол осында жиналған қалың жұртшылыққа алғысын білдірді.

Журналистердің жарқын тойынан өнер иелері де тыс қалған жоқ.

Салтанатқа Шалқардан арнайы келген дәулескер күйші Нұрболат Жанаманов Қазанғаптың күйі «Көкілді» күмбірлете орындап, тыңдармандардың көңілін бір серпілтті.

«Жазира» халықтық-фольклорлық ансамблі  көркемдік жетекшісі Мырзағали Толыбековтің бастауымен Түркештің күйі «Көңілашарды» көпке сыйға тартты.

Қанат және Света Айтбаевтар сөзін Ертай Ашықбаев жазған «Астана вальсі» әнін әуелетті.

Шәмші Қалдаяқов атындағы байқаудың бас бәйгесі иегері Марат Әйтімов «Қазақ елі» әнін шырқады.

Облыстық филармонияның әншісі Жұлдыз Нұрқасымова Әсет Бейсеуовтің «Қарғашым» әнін орындады.

Жайлау Асылханов Құрманғазының күйі «Төремұратты» тебірентті.

Актер Орал Байсеңгіров Ізтай Мәмбетовтің сөзіне жазылған «Ақын монологы» әнін нақышына келтіріп тыңдармандарға жеткізді.

…Біз үшін мерейі мол мектеп едің,

Соны аңсап, көріскелі көп келемін…

Қол қысып, құттықтаймын төл тойымен,

Айбынды сарбаздарын «Ақтөбенің!»

Салтанатты жиында жүргізушілер аузынан айтылған осы бір өлең жолдары әрбір жанның көңіл түкпірінде тұрғандығы анық еді. Сол жарасымдылық той тарқарда да барша қауымның жүрегін жылытып бара жатқандығына біз еш күмәнданбадық.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button