Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде бірден 5 зауыттың іргетасы қаланды

«Ақтөбе» индустриялық аймағында жалпы құны 10 миллиард теңге болатын 5 ірі өндіріс орнының құрылысы басталды. Олардың іргетасы қалануы рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, жоба иелеріне сәт сапар тіледі. 

Қазіргі уақытта өңірде инвестиция тартуға, ірі кәсіпорындарға қажетті заттарды шағын және орта бизнес нысандарына орналастыру арқылы импорттың үлесін азайту бағыты ұсталуда. Өткен жылы өз жұмысын бастаған «Ақтөбе» индустриялық аймағында инфрақұрылым жүргізуге мемлекет тарапынан 5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде аймаққа газ, электр, су жеткізіліп, тасжол мен теміржол салынды. Бүгінгі күні «Ақтөбе» индустриялық аймағына  толық инфрақұрылым жүргізіліп, шағын және орта бизнес нысандарының жұмыс орындарын ашуларына қажетті жағдай жасалып үлгерілді.

— Біздің «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы индустриялық аймаққа қоныс аударып, кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуге кірісіп кеттік. Маркетингтік жұмыстарды жүйелі жүргізіп, өз  сайтымызды аштық. Әлеуметтік желілерде парақшаларымыз жұмыс істеуде. Сондай жұмыстардың әсері болар, бастапқы кезеңде ғана құны 24 миллиард теңге болатын 9 өтініш түсті, — деді «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Қайрат Бекенов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесуі барысында.

Ең басты жетістік — индустриялық аймақта орналасатын кәсіпорындар үшін электр қуаты мен газ айтарлықтай арзанға бағаланады. Бұл инвесторлар үшін елеулі қолдау.

Бұл күні «Ақтөбе» индустриялық аймағында бес өндіріс орнының іргетасын қалау салтанаты сәтінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпорындар құрылысының басталғанының белгісі ретінде капсул салды.

«Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС итальяндық технология бойынша керамогранит пен керамикалық плиталар шығарады. Бұл жобаның құны 6 миллиард теңгеге бағаланып отыр. 2017 жылдың соңына таман пайдалануға берілмекші кәсіпорын жылына 5 миллион шаршы метр керамогранит және керамика плиталарын шығарады. Жаңа өндірісте 180 адам еңбек ететін болады.

— «Зерде» компаниялар тобына кіретін бір кәсіпорын Шымкент қаласында жұмыс істейді. Оның жылдық қуатына сәйкес жылына 1,8 миллион шаршы метр керамогранит және керамика плиталары шығарылады. Ақтөбеде осындай жобаны қолға алу себебіміз, мұнда электр қуаты мен газбен қамту арзан, шикізат кен орындары жақын орналасқан. Ресейге жақындығы да маңызды. Біз өндіретін керамогранит және керамика плиталары Ресейдегі, Түркиядағы және Қытайдағы бәсекелестерімізге қарағанда сапалы да арзан болмақшы. Жалпы өндірілген өнімнің 30 пайызы экспортқа, 70 пайызы ішкі нарыққа шығарылады деп межелеп отырмыз, — деп «Зерде» компаниялар тобының бас директоры Мұхтар Битеміров өз жоспарымен бөлісті.

Екінші бір жоба — «ПолиВест» ЖШС  бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Осыған дейін кәсіпкер ғимаратты жалға алып келген. Енді индустриялы аймақтан 1 гектар жер алып, медицинаға және саудаға қажетті полиэтилен пакеттерін шығаратын зауыт салу ісіне кіріспекші. Мұнымен де шектелмей болашақта және бір гектар жер алып, өндірісін кеңейтпекші. Бұл кәсіпорын Атырау, Астана, Қарағанды қалаларына өнімдерін жіберуде. Көршілес Ресейден де тұтынушыларын тапқан. «ПолиВесттің» жаңа кәсіпорнында 60 жаңа жұмыс орны ашылады деп белгіленуде. Экологиялық таза өнім болып табылатын полиэтилен пакеттері шығарылуы жаңа жетістік деп бағалануда.

«FIBC Kazakhstan» ЖШС полиэтилен мен полипропиленнен қораптар, ірі өнеркәсіп мекемелері үшін жұмсақ контейнерлер шығарады.

Ал «Talan Technology» компаниясы жарамсыз болып қалған автомобиль дөңгелектерін жинастырып,  спорт ұйымдарына қажетті тақта төсеністер жасамақшы.

«Ақтөбе TOPSA Пласт»-тің бағыты — әйнек жуатын сұйықтық пен антифриз, еріткіштер мен химиялық реагенттер шығару.

Аталған жобалар жүзеге асырылған кезде бюджетке  жылына шамамен 1 миллиард теңге салық түседі, жалпы мөлшері 315 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты шарадан соң мемлекеттік мекемелердің, ірі кәсіпорындардың басшыларымен және бизнес өкілдерімен «Ақтөбе» индустриялық аймағында жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу мәселелеріне арналған  кеңес өткізді. Ол өңірде кәсіпкерлікті дамытудың  мүмкіндігі мол екеніне айрықша тоқталып, ірі кәсіпорындар арасында қазақстандық үлесті арттырудың,  импорттың үлесін азайтудың әлі көздеген деңгейге көтерілмей отырғанын сын тезіне алды.

«Ақтөбе» индустриялық аймағының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, өнеркәсіптік кластер құру және кәсіпкерлік қызметті арттыру мақсатында ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнестің әріптестік қатынасын дамыта түсу қажет. Облыс басшысы тиісті мекмеме басшылары алдына осындай міндет қойды.

— Индустриялық аймақ былтыр пайдалануға берілгенімен, 5 миллиард теңге жұмсалған инфрақұрылым жұмысы тұралап қалды, кейбір жабдықтар қолды болды. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына инвесторлар тарту жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге ірі компаниялардың басшыларынан шағын және орта бизнеске көмектесулерін сұрадық. Бұл жұмыстың тиімділігі көзге көрініп тұр. Бүгін 5 жаңа өндіріс орнының іргетасы қалануы — біздің ауқымды жұмыстарымыздың бастауы болуы тиіс, — деді облыс басшысы.

Шара соңында облыс әкімдігі және кәсіпорындар басшылары арасында жүзеге асырылғалы отырған жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button