Басты жаңалықтарДенсаулықМереке

Сегіз сыйлық, үш пәтер кілті табысталды

 

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ақтөбелік дәрігерлер Аққағаз Досжанова атындағы облыс әкімінің сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, үш дәрігерге пәтер кілті табыс етілді.

Медицина қызметкерлері мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты жиын М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті Студенттер кешенінің жаңа ғимаратындағы конференц-залда өтті. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова, қала әкімі Бекбол Сағын, медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Өздеріңізге белгілі, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігер Аққағаз Досжанова — Ақтөбе топырағының перзенті. Денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше үлес қосқан үздік мамандарға берілетін Аққағаз Досжанова атындағы сыйлық облыс басшысының ұйғарымымен биылдан бастап тағайындалып отыр. Сыйлық иегерлеріне түрлі номинациялар бойынша медальдар мен 500 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Биыл сыйақы жеті номинация бойынша сегіз адамға табысталды. Аққағаз Досжанова атындағы сыйлықтың алғашқы иегерлерін таныстырсақ: Ақтөбедегі №3 емхананың бас дәрігері Жәнібек Нармұхамедов, Мұғалжар аудандық ауруханасының травматолог-дәрігері Марат Құрантаев,  облыстық аурухананың дәрігері Нұрболат Өтеулин, М.Оспанов атындағы БҚММУ травматология кафедрасының доценті Бақыт Сұлтангереев, жедел жәрдем ауруханасының дәрігері Арыстан Базарбай, Ойыл аудандық орталық ауруханасының акушері Нұрсұлу Кәкиева, Алға аудандық орталық ауруханасының хирургі Данияр Құрманалин және облыстық тері-венерологиялық диспансерінің зертханашы-дәрігері Тамара Денисова. Ал пәтер ордерлері облыстық жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі Жақия  Байзуллинге, осы аурухананың аға ординаторы Ғалым Зорғұловқа, облыстық аурухананың трансплантолог-дәрігері Ермахан Асылханұлына табыс етілді.

Облыс әкімі жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап сөз сөйледі:

— Ең бір қиын шақтарда да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау саласын қолдауға ерекше көңіл бөлді. Сол қолдаудың нәтижесінде медицинамыз, тәуелсіздігімізді енді ғана алған тұспен салыстырғанда, айтарлықтай алға жылжыды. Мысалы, Ақтөбеде бауыр, бүйрек ауыстыратын оталар жасалатын болады деп ол кезде ешкім де ойламаған еді. Осы сала ардагерлері біледі: магнитті-серпінді томограф сынды техника Кеңес Одағының бірен-саран қалаларында ғана болды. Қазір Ақтөбеде батыс аймақ бойынша медициналық кластер қалыптастыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында адамдардың өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші өсті. Ақтөбедегі кешегі қайғылы оқиғалар кезінде дәрігерлердің әр адамның өмірін сақтап қалу үшін қаншалықты күрескенін, уақытпен санаспай еңбек еткенін мен өз көзіммен көрдім. Облыс басшылығы атынан баршаңызға алғыс білдіремін, — деді Бердібек Машбекұлы.

Ақтөбелік медицина саласы қызметкерлерін вице-министр Светлана Жақыпова да құттықтады. Өз сөзінде ол денсаулық сақтау саласы көрсеткіштері бойынша Ақтөбенің үздік өңірлер қатарында екенін атап өтті. Светлана Жақыпова бір топ дәрігерге «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін табыстады. Өз ісінің үздігі атанғандар қатарында Кәмила Байсұлтанова, Ержан Озғанов, Марат Жақыпов, Рүстем Исаев, т.б. ақтөбелік дәрігерлер бар.

Жиында, сондай-ақ, сала үздіктеріне «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар, басқа да марапаттар табысталды.

5 маусым күнгі лаңкестік оқиға салдарынан зардап шеккен сарбаздарға көрсетілген көмек үшін медицина қызметкерлеріне ҚР Ұлттық ұланы атынан да алғыс айтылды.

Жиынға арнайы шақырылған медицина саласы ардагерлеріне гүл шоқтары табыс етілді. Соңында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның артистері мен өнер ұжымдары күшімен даярланған концерт ұсынылды.

 Индира ӨТЕМІС. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button