Білім

Мектеп формасының көрмесі өтті

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Еркесылқым» сән үйінде оқушыларға арналған мектеп формаларының көрмесі өтті. Онда қаладағы жеке шаруашылық серіктестіктері мен тігін шеберханалары өз өнімдерін ұсынды.

Көрмеге Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова қатысты. Ол жергілікті тігіншілерге мектеп формалары мен спорттық киімдерді, сондай-ақ оқушылардың сөмкелерін тігуді ұсынды.

— Қазір шағын және орта бизнеске көп көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер осы мүмкіндікті пайдаланып, сапалы, бағасы қолжетімді мектеп формаларын тігу керек. Біз басқа елдерден еш кем емеспіз. Өңірімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытуымыз керек. Қаламызда әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері бар. Қымбат мектеп формаларына олардың бірінің қолы жетсе, екіншісінің мүмкіндігі болмайды. Сол үшін алдағы уақытта үлгісі бірдей, бірақ бағасы әртүрлі мектеп формаларын шығару керек. Бұл балалар үшін тиімді. Аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың балалары басқалардан кем болмауға тиіс. Сондықтан бағасына қарап қана айыратын, матасы, тігуі бірдей мектеп формаларын шығарған дұрыс, — деді

С.Шынтасова.

Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, көрмені ұйымдастырудағы мақсат — мектеп басшылары, ата-аналар мен тігіншілердің басын қосу, бірыңғай мектеп формасын бекіту жайлы пікір алмасу.

Көрмеге өз өнімдерін әкелгендердің бірі — «Пайда» жеке шаруашылық серіктестігі директорының міндетін атқарушы Раиса Сайдуллаева. Ол мектеп формаларының 5-6 үлгісін әкеліпті. Бағалары 8 мың теңгеден басталады.

1-сынып оқушыларының мектеп формасы 8 мың теңгеге шығады. Жасы өскен сайын оқушылар формасының бағалары да өсіп отырады. Біз матаны көбіне Ресейден алдырамыз. Жергілікті жерде өндірілмейді. Жыл сайын ата-аналардың, мектептің тапсырысын орындаймыз. Мейлінше сапалы, заманауи үлгіде тігуге тырысамыз. Бүгінгі күні қаладағы екі мектеппен келісімшартқа отырдық. Бірыңғай форма болады дегенді естіп, әзірге іске кіріспей, алаңдап отырмыз, — дейді ол.

Раиса Сайдуллаева серіктестік аз қамтылған отбасыларының балаларына жеңілдік жасайтынын айтып қалды. Сондай-ақ, ол жаз айларында 2 мыңға дейін тапсырыс қабылдайтынын жеткізді. Оның айтуынша,  серіктестікте 20-ға жуық тігінші жұмыс жасайды.

Көрмеге жиналғандар шара соңында мектеп формасы туралы мәселелерді талқылап, оны жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Айта кету керек, әлі күнге дейін мектеп формасы бекітілген жоқ.

 Данагүл ҚАЗИХАН.  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button