Ауыл

Алғысқа бөленген ақ халаттылар

Мереке

 Ақ халатты абзал жандардың мерекесінде Көктау селолық емханасының дәрігерлері  жайлы айтқымыз келеді. Науқастардың ауруына араша болып, жандарына жылылық сыйлап жүрген дәрігерлер қашанда марапатқа лайық.

Көктау селолық емханасының жаңа ғимаратқа көшкеніне көп болған жоқ. Оларға жаңа автокөлік те берілді. Емхана Аққұдық, Майтөбе, Көктау округтеріндегі 4500-ден астам тұрғынға қызмет көрсетіп келеді. Емхананың бас дәрігері Құсман Сисенов өз жұмысына аса жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайды. Күніне 2-3 шақырту түседі. Соның бәріне дәрігерлер үлгеруге тырысады.

Бірде емханаға бес жастағы Аиданың ата-анасынан шақырту түсті. «Мидың эхинокок кистасы» деп қойылған дәрігердің дұрыс диагнозынан кейін бала Ақтөбеге жедел жеткізіліп, ота жасалды. Отасы сәтті болып, Аида үйге аман-есен оралды.

Сондай-ақ, қыстың боранды күнінде ауылдағы Қытайдан көшіп келген Ақи ақсақалдың жаңа түскен келіні толғатып, оны ауданға жеткізу керек болды. Бұл жолы да ауыл дәрігерлері мен медбикелері көп еңбек сіңірді. Ақ түтек боранда жедел жәрдем көлігі  жолға шығып, 18 шақырымнан кейін ауылға кері оралды. Таңғы 4-тер шамасында ақ халаттылар жас келіншекті үйінде босандырып алды. Үй ішінің қуанышында шек болмай, ақсақалдан бастап дәрігерлерге алғыстарын жаудырып жатты.

Біздің ауылда жыл сайын 100-ден астам сәби дүниеге келеді. Солардың барлығының дүние есігін ашуына көмектесетін, ананың денсаулығын бақылайтын осы дәрігерлер қауымы.

Халықтың амандығы мен елдің жағдайын жасап, алғысына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жандардың біз үшін жасап жатқан игі істері орасан.

Қай уақытта барсаң да емхана мамандары халыққа жылы қабақ танытып, қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, бас медбике Төлебике Ақдәулетова науқастың көз жанарына қарап-ақ оның қай жері ауыратынын ажыратса, акушер Айгүл Әбдіхалықова мен Ақзер Жаппасбаеваның салған екпесін сезбей де қаласың. Бала медбикесі болып қызмет ететін Ақзер балалардың ең сүйікті медбикесі, өте қарапайым, мейірімді жан.

Ал жедел жәрдем жүргізушісі Алмат Ужанов — өз кәсібінің шебері. Кез келген уақытта науқасты тиісті жеріне жеткізуге дайын тұрады. Қысы-жазы көлігі бір тоқтаған емес. Тіркеудегі науқастарға уақтылы жәрдем көрсететін бақылаушы Света Сисенова да өз ісіне берілген маман. Мұның бәрі — емхананың бас дәрігері Құсман Елубайұлының ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесі.

Медицина қызметкерлері күнінде ауылдағы дәрігерлер мен медбикелерді төл мерекелерімен құттықтай отырып, оларға деген шексіз алғысымызды білдіреміз.

 Жансүгір ТӨЛЕБАЕВ,

Марина СТРУКОВА,

Көктау ауылының тұрғындары.

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button