Ауыл

Түлектер сынып жабдығын сыйлады, ас берді, бәйге өткізді

Туған елге тағзым

 Мұғалжар ауданы Талдысай орта мектебін 1996 жылы тәмамдаған түлектер 20 жылдан кейін туған жерде бас қосып, қанат қағып жан-жаққа ұшқан білім шаңырағында кездесу ұйымдастырды.

Алтын ұя табалдырығын 20 жылдан соң қайта аттаған түлектердің жүздерінен қуаныш пен сағынышты байқауға болады. Барлығы бір үлгіде мектеп формасын киіп алған. Ержетіп, орда бұзар жасқа жеткен шәкірттерімен қауышқан ұстаздар да мәз-мейрам.

Түлектер қарашаңыраққа құр қол келмепті. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сыйлық ретінде әкелінген бір сынып жабдығы: партасы мен тақтасы, шкафы мен мұғалім үстелі кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес сыйлық болды. Олар өздері сыйлаған партаға отырып, балалық шақты еске алды. Жай еске алып қана қоймай, тәрбие сағатын өткізді. Қайтадан оқушының кейпіне еніп, мектепте оқыған білім бағдарламасын тағы бір мәрте пысықтады. 45 минуттық сабақтан «оқушыларымызды» әрең таратқанда, ұстаз мәртебесінің жоғарылығын тағы бір рет ұғындық.

Түлектер кездесуінің  келесі күні ауыл тұрғындарына арналды. Ауыл үлкендеріне ас беріп, баталарын алды. Олар өздері биыл мүшел жасқа толатындықтарын ескеріп, өмірден өткен құрдастары мен ұстаздарының рухына Құран бағыштады. Ауыл сыртында қазақ спортын дамыту мақсатымен ұйымдастырылған ат жарыс пен көкпар сайыстары елді бір сілкіндірді. Бәйгеде оза шапқандарға бағалы сыйлықтар ұсынылды. Сол күнгі демалыс және би кешінің де терең тәрбиелік мәнінің болғанын атап өткен жөн.

Кездесу  үшінші күні түлектердің мейрамханада өткізілген басқосуымен қорытындыланды.

Әр істің жақсы нәтижеге жетуі — оның дұрыс ұйымдастырылуында. 20 жылдан кейінгі басқосудың мағыналы өтуіне түлектердің барлығы бірдей атсалысты.  Алматыдан Ғазиз Балымбетов, Ұлпан Қойшығарин, Ақтөбеден Венера Калдина, Әлия Тауманова, Елдос Кузеев, Назипа Нармағамбетова, Шұбарқұдықтан Гүлдер Құлымжанова, Қандыағаштан Даурен мен Әселім… Әрине, ауылдағылардың еңбегі де ерекше.

Ұстаз — тәрбиеші әрі сыншы. Мектепті 1996 жылы тәмамдаған түлектердің бойынан бір-біріне деген сыйластық пен қамқорлықты, ұйымдастырушылық пен көшбасшылықты көріп риза болдық. Олар өсіріп келе жатқан ұрпақта да Отанға, туған жерге, мектепке деген патриоттық сезім мен жауапкершіліктің, үлкен достық пен қамқорлық сезімдерінің барлығына қуандық.

 

Г.ТУРМУХАМБЕТОВА,

Талдысай орта мектебінің

жоғары санатты география пәні мұғалімі.

Мұғалжар ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button