ДенсаулықЖаңалықтар

«Пантера» дүкенінің сатушысын құтқарған медбике марапатталды

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Қабыл террорлық әрекет кезінде «Пантера» дүкенінің сатушысы Алмат Рахметовты құтқарып қалған медбике Стелла Молдиманованы марапаттады.

Оқиға болған күні  «Пантера» дүкенінің сатушысы Алмат Рахметов ауыр жараланып, ауруханаға түскен болатын. Дәрігерлер Алматтың аман қалуы алғашқы көмек көрсеткен медбикенің арқасы екенін айтқан еді. Оқиғаның қалай болғанын медбикенің өзінен сұрадық.

— Мен «Пантера» дүкені орналасқанүйдің екінші қабатында тұрамын. Сол күні түстен кейін, сағат үштің шамасында біреу есік қағып, көмек сұрады. Есікті ашсам, үсті-басы қан азамат дүкенде атыс болғанын, көмектесуімді өтінді.  Алғашқыда сасып қалдым, бірақ дереу есімді жиып үйге кіргіздім. Көшедегі төбелестен болған шығар деп ойладым. Өйткені сол уақытта үйдің айналасынан тарсылдаған дыбыстар шығып жатты. Сатушының  басы жараланған, құлағы терісінен бөлініп тұр. Кеудесінен де жарақат алған, аяғының сүйегі көрінеді. Қанның көп кеткені сондай, денесі көрінбейді. Дереу таңғыш алып, қанды тоқтатуға тырыстым. Жедел жәрдем көлігін шақырттық. Бірақ көлік үш сағаттан кейін келді. Өйткені бізді кепілдікке алды деп ойлап, келуге қорықса керек. Үйдегі екі ұлым қорқып,  бөлек бөлмеге кетті. Жұбайым телефон тұтқасын алып үздіксіз жедел жәрдем шақырумен болды , — дейді Стелла.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері жеткеннен кейін, Стелланың күйеуі терезеден айқайлап, жарақат алған адамның өлім аузында жатқанын айтады. Ішкі істер қызметкерлері алдымен үйден үй иесінің өзі шықсын дейді. Терезеден түскен күйеуі мән-жайды айтқан соң, жедел жәрдем көлігі Алматты ауруханаға алып кетеді.

Жедел жәрдем қызметкерлері келгенше жарақат алған адамның қасында болдым. Ол да азамат екен, қиналса да шыдауға тырысып жатты. Жалпы бұндай жағдай медбикелерге жақсы таныс. Өзімнің 18 жыл еңбек өтілімде ауыр жарақат алған талай адамға көмектестім. Содан болар үрейлену, қорқу, сасу секілді сезім болған жоқ, тек қалайда қанды тоқтатып, жедел жәрдем көлігі келгенше аман алып қалуды ойладым, — дейді Стелла.

Алмат Рахметовке медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, апасы келіп Стеллаға алғысын айтып кетті.

— Бұл менің дәрігерлік қызметім, біреуге істеген жақсылығымды міндет қылудан аулақпын. Бірақ адамдардың осындай ыстық ықыласы көңіліме ерекше қуаныш сыйлайды, — деді медбике.

«Дару» оңалту орталығында өткен жиында қала әкімінің орынбасары дәрігерлерді төл мерекесімен құттықтап, олардың отбасыларына амандық тіледі. Сондай-ақ  террорлық әрекет кезінде міндетін мүлтіксіз орындаған медбике Стелла Молдиманованың еңбегін жоғары бағалап, Алғыс хат табыстады.

Стелла Маратқызының «Дару» орталығында  жұмыс істегеніне үш жылдан асыпты. Орталық  директоры Ғалымжан Елеуов те медбикенің ерлігіне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Сондай-ақ мереке қарсаңында өзге де дәрігерлер мен медбикелерді орталық атынан құттықтап, Алғыс хаттар табыс етті.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Медбикеге биліктің бар болған рахметі осы ғана болмауы керек.бір құшақ гүл деген не тұрады.Расын айтқанда оның медбикенің тұрмыс,тіршілігіне қанша көмегі бар.қазақтың ақыл – есі дұрыс адамы гүлді сыйлық ретінде соншама бағаламауы керек.Ол деген алдаудың мәдениетті түрі ғана.Өз басым шоқ – шоқ гүл ұсынуды ұнатпаймын да жақтырмаймын.Көңіл күйге берілген далбаса адамның ісі деп бағалаймын.Оны қазақтан басқаларға сыйлау керек.Әлде қалай болып пүшыраңдап,мақтанып қалады екен ғой.
    Сонымен қып – қысқасы ол адам адамның өмірін алып қалуға көмектескенін мойындады ма екен,ауыз толтырып айтатындай,күллі халық разы болатындай,ол адамның тіршілік,тұрмысына пайдалы қомақты сыйлық жасау керек. ҚР Конституциясының 1 – бабының 1 – бөлігінде: » Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. » – деп тұжырымдаған. Адам өмірінен қымбат ештеңе болмайды және адам ең қымбат қазына деген сөз адамның құндылығын білдіреді.Ендеше ада өмірін аман алып қалды екен.Оған ылайықты қымбат сыйлық жасалуы тиіс.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button