Басты жаңалықтарДенсаулық

Ақтөбеде Аққағаз Досжанова атындағы көше бар!

Ақтөбе қаласының орталығындағы көшелердің біріне қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігер, қоғам қайраткері Аққағаз Досжанованың есімі берілді. Осы көше бойында орналасқан М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің Студенттер кешені алдына Аққағаз Досжанованың ескерткіші орнатылды. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға келген Аққағаз ұрпақтары ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Бернияз Күлеев Аққағаздың туған ағасы екенін айтты.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова, Аққағаздың ұрпақтары — Ершиндер әулетінің және туыстары — Досжановтар әулетінің өкілдері, медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері, қала тұрғындары, студенттер қатысты.

Ескерткішті ашу құрметі өңір басшысы Бердібек Сапарбаев пен вице-министр Светлана Жақыповаға және медицина саласының ардагері, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі Ізбасқан Аймағамбетовке берілді.

Жұртшылыққа арнаған құттықтау сөзінде облыс әкімі:

— «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген бар, тарихымызда жанқияр ерлігімен, еңбегімен айрықша із қалдырған, өзінің білімін, дарынын, әр күні төккен терін ұлтының жарқын болашағы жолындағы ұлы істерге арнаған тұлғаларды ұлықтау, олардың есімі мен өнегесін кейінгіге жеткізу — бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Аққағаз Досжанова да — халқымыздың сондай ұлы перзенттерінің бірі. Ол отыз тоғыз жыл ғана ғұмыр сүрсе де, ғасырлар бойы өнеге болатын ұлы істердің басы-қасында жүрді, ХХ ғасыр басында қазақ азаматтарының заманға сай білім алуына, соның ішінде кәсіби медициналық білім алуына да үлкен үлес қосты. Қиын кезеңдерде мыңдаған адамдардың денсаулығы үшін, өмірін сақтау үшін күресті. Болашақ мамандар оның ісінен үлгі алсын, қазақстандықтардың денсаулығы — жақсы, өмірі ұзақ болуы жолында аянбай еңбек етсін деген тілекпен Аққағаз Досжанованың ескерткішін осы оқу орнының аумағында ашып отырмыз, — деп атап өтті.

Жиында вице-министр Светлана Жақыпова мен ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі Ізбасқан Аймағамбетов те құттықтау сөз сөйледі.

— Аққағаздың есімі кезінде бүкіл қазақ даласына әйгілі болған. Жұртшылық оны ерекше жанашыр жан, білікті дәрігер ретінде құрметтеген. Аналар ауырып жылаған баласын: «Аққағаз әпкең келеді, сені емдеп алады» — деп жұбатады екен, — деді Светлана Жақыпова.

Аққағаздың соңында Шахбаз есімді жалғыз баласы қалған. Академик Шахбаз Ершин биылғы қыркүйекте 90 жасқа толады. Алматы қаласында тұрады. Денсаулығына байланысты ол осы шараға келе алмады. Бірақ жиынға оның зайыбы — Айнагүл Ершина мен қызы Айжан Ершина қатысты.

Айнагүл Ғаббасқызы да — ғылым адамы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

— Досжановтар отбасында төрт бала болған. Олардың ең үлкені — Бернияз Күлеев. Аққағазды ағасы Сағындық тәрбиелеп-өсірген. Білім алуына сол кісінің ықпалы болған. Ал Шахбаз Ершиннің үш баласы бар, — деді ол бізге.

Айнагүл Ершина Аққағаз Досжанова есімін есте қалдыру мақсатындағы шараларды ұйымдастыру ісі көп жылдар бұрын қолға алынғанын, бірақ бүгінге дейін нәтиже бермей келгенін айтты.

— Ақтөбеліктер де өз тараптарынан бастама көтерді, сондай-ақ, Алматыда да көше атын беру, ескерткіш орнату туралы өтініштер болды. Көше аттарын беруге мораторий жариялануы және басқа да себептер килігіп, ол бастамалардан нәтиже болмаған еді. Бүгінгі қуанышты біз осы іске облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жанашырлық танытуымен байланыстырамыз, — деді ол.

Аққағаз Досжанованың келіні жиында облыс әкіміне Ершиндер мен Досжановтар әулеттері атынан алғыс айтты.

Аққағаздың немересі Айжан Ершина толқулы сөйледі:

— Әкем бұл жаңалыққа қатты қуанды. Менің де көзіме жас келді. Әжемді шексіз мақтаныш тұтамын. Әрине, ол — бүкіл қазақ жұртының мақтанышына лайық тұлға, — деді.

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің қызметкері Фариза Төлебаева ескерткіш алдында өзінің Аққағазға арнап жазған жырын оқыды.

Бұдан соң ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Алғашқы гүл шоқтарын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қойды. Қазақтың аяулы қыздарының бірі Аққағаз Досжанова есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында көше аты беріліп, оның ескерткішінің ашылуы — барша ақтөбеліктер үшін де көптен күткен қуаныш, көпке дейін ұмытылмайтын үлкен қуаныш. Осы қуаныштың қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келуін де біз жақсылыққа жорыдық. Халқымыздың Аққағаз сынды адал перзенттері көп болғай!

 Индира ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button