Спорт

Алтынның тағдыры шешілер емес


Футболдан ел біріншілігінің аяқталуына 1 тур қалды. Жексенбі күні «Ақтөбе» «Таразды» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Турнир кестесінің бел ортасында келе жатқан оңтүстік қазақстандықтар үшін медальдың аулы әлдеқашан алыста қалды. Сондай-ақ премьер-лигадан шығып қалатын да қауіп жоқ. Бірақ Қазақстан командалары үшін көптеген былғары доп шеберлерін дайындап, ұядан ұшырған тараздықтармен санаспауға болмайды. Сондықтан да ойын тартысты басталды.

Ақтөбеліктер бірден шабуылға шықты. Эмиль Кенжесариев алыстан ұрды, алайда доп жолшыбай қарсыластар қорғаушысының аяғына тиіп, қақпадан қиыс кетті. Мұрат Тілешевтің қақпашымен бетпе-бет тұрып соққан добы қақпашы Мұрат Мұқашевтің аяғына тиді. Бұдан кейін ақтөбеліктердің гол саламын деген талабы жүзеге аспады. Өйткені шабуылшы Тити Ессомбаны ғана шабуыл өтіне шығарып, қалған тоғызы қорғаныста жатып алған қонақтар жерлестеріміздің аяғын аштырмады. Тараздықтар қорғаныста жүріп, шұғыл шабуылға көшіп отырды. Бұл тактика жемісін берді. Ойынның 38-минутында Дмитрий Евстигнеев алыстан соққы бағыттап, есеп ашты. Бұл қонақтардың алғашқы нақты шабуылы еді. Ойынның бірінші кезеңі 0:1 есебімен аяқталды.

Екінші тайм басталысымен 48-минутта Евгений Аверченко есепті теңестірді. 73-минутта ойын ережесі бұзылып, ақтөбеліктер айып добына дайындалды. Стандартты жағдайда Константин Головской допты қақпаға шірене тепті. Алайда қақпашы Мұрат Мұқашев тағы да шеберлікпен қайтара білді. Дегенмен кері қайтқан допты қақпа алдында іліп алған Никита Хохлов жеңіс голын соқты.

24 ойыннан 59 ұпай жинаған жерлестеріміз бірінші орында келеді. Алтыннан үміткер Астананың «Локомотиві» бұл турда Қызылорданың «Қайсарын» 3:0 есебімен жеңіп, 57 ұпай жинады. «Ақтөбе» командасының астаналықтардан бір ойыны кем. Енді ақтөбеліктер 29 қазанда азулы команда Қостанайдың «Тобылын» қабылдайды.

25 турдың қалған матчтары мынадай:

«Атырау»-«Қызылжар» — 4:1, «Жетісу»-«Ордабасы» — 1:1, «Қазақмыс»-«Ертіс» — 2:1, «Тобыл»-«Оқжетпес» — 2:1.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button