ДенсаулықЖаңалықтар

Медициналық сақтандыру жүйесі қалай жүргізіледі?

Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев медицина қызметкерлерімен кездесіп, міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндірді.

Жиында Тамара Қасымқызы медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, дәрігерлердің қаламызда болған террорлық әрекет кезіндегі еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына енгізілетін жаңа жүйенің негізгі тетіктері мен ұтымды жақтарын түсіндіріп берді.

Тамара Қасымқызының айтуынша, сақтандыру жүйесі «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» жобасының  негізінде жасалып отыр. ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі.  Тамар Дүйсенованың айтуынша, енді еліміздегі әрбір  азаматтың денсаулығы үш жақты жауапкершілікке алынады, яғни мемлекет, жұмыс беруші, және азаматтың өзі.

— Қазіргі күні әлемде медициналық сақтандыру жүйесі кеңінен қолданылады. Қазақстан да үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, үш жақты ынтымақты жауапкершілік негізінде жүзеге асатын жүйені таңдады. Бұл жүйені жүзеге асыру медицинаның мүмкіндігін кеңейте түседі. Мәселен, ілгеріде инфекциялық аурулар көп болса, қазіргі күні жұқпалы емес, яғни қан қысымы, жүрек ауруы, қант диабеті секілді ауру түрлері көбейіп отыр. Диспансерлік тіркеуде тұрған азаматтардың елу пайызынан астамы осы сырқатқа шалдыққан. Ал бұндай ауру түрлерін алдын алып, емдеуге жыл сайын мемлекеттен қыруар қаржы бөлінеді. Жүргізілген зерттеулер бойынша 2004 жылы медицина саласына 131 миллиард теңге ақша бөлінсе, өткен жылы 867 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты, яғни қаржыландыру көлемі 6,3 пайызға өскен. Бұның барлығы бюджетке үлкен салмақ екені сөзсіз, — деген министр сақтандыру қоры енгізілсе, медицинаның мүмкіндігін одан әрі арттыруға жағдай жасалатынын айтты.

Жаңа жүйе бойынша келер жылдың бірінші қаңтарынан мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді. Бұл ретте ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшері орташа айлық еңбекақының 7 пайызын құрайды. Бұл 2024 жылға дейін сатылап өседі. Ал жұмыс берушілер төлейтін жарна мөлшері жалпы кірістің 5 пайызын құрайды. Бұл кезең-кезеңімен жүзеге асады, яғни 2017 жылы 2 пайыз, 2018 жылы — 3, 2019 жылы  — 4, 2020 жылы 5 пайызға өседі. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар кірістерінің жеті пайызын қорға аударады. Бұл да кезең бойынша іске асады. 2020 жылдан бастап 7 пайызға көтеріледі. Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1 пайыз, 2020 жылы 2 пайыз мөлшерімен төлейтін болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Оның ішінде 12-сі — халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен бірге әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері болмақ. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І-ІІ дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан азаматтар жарна төлемейді. Сондай-ақ техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейін жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде, резидентурада оқып  жатқан азаматтар және үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған аналар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, уақытша ұстау,  тергеу изоляторларындағы азаматтар да жарнадан босатылады. Бұлардың барлығы мемлекет есебінен тегін көмек алады.

Сондай-ақ көрсетілетін медициналық көмек сақтандыру қорындағы қаржы арқылы жүзеге асырылады. Алайда мемлекет бюджетінен кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінген қаржы тоқтап қалмайды. Қазіргі күні азаматтар қандай медициналық көмек алып жүрсе, соның барлығы алдағы уақытта да жүзеге асырыла береді. Мәселен, жедел медициналық жәр­дем, санитарлық авиация, әлеу­меттік аурулар, төтенше жағдайларда көрсетілетін меди­циналық көмектер, вакцина егу секілді бірқатар қызметтер тегін жүргізіледі.

Сондай-ақ сақтандыру қорындағы қаржының негізгі бөлігі профилактикалық жұмыстарға жұмсалады. Сонымен бірге медициналық көмек деңгейі жоғарылап, сапалы дәрі-дәрмек алуға үлкен мүмкіндік туады.

Сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы тұрғындарға аурухана мен емхананы, дәрігерді таңдау еркіндігі беріледі. Бұл кезде емдеу мекемелері арасында  бәскелестік қалыптасады, олар халыққа сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Себебі емдеу ақысы дәрігерге сол қордан төленеді. Бұл ретте жекеменшік клиникалар да жаңа жүйеге кіруге ынталы болады.

Осы және өзге де мәселелерді жан-жақты түсіндірген Тамара Дүйсенова медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button