АуылЭкономика

Мемлекеттік бағдарламалар қалай орындалуда?

«Агробизнес — 2020»

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде қазір әр аймақта мал көбейіп, егіншілік ұлғайды. Тек біздің облыста 400 мыңдай ірі қара, миллионның үстінде қой-ешкі, 100 мыңға жуық жылқы, 16-17 мыңдай түйе, бар. Шошқаның саны 40 мыңнан шығып отыр. Егер  мемлекеттік бағдарламалар мүлтіксіз орындалатын болса, бұл көрсеткіштер алда да жоғарылай бермек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Құсайын Сәрсенбаев  мал шаруашылығы саласы бойынша аймақта мемлекеттік бағдарламалардың биылғы жылғы орындалу барысы  жөнінде әңгімелейді.

—«Агробизнес — 2020» бағдарламасы, экспортқа жіберілетін ірі қара етінің әлеуетін арттыру тапсырмалары бойынша қалыпты жұмыстар жүргізу бірінші кезектегі міндет саналады. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша  4200 сиыр алу керек еді, бүгінгі күнге 2 мың сиыр алуға өтінім түсіп тұр. Оның мыңға жуығы алынды. Бірінші қыркүйекке дейін көзделген меже толық орындалады.  «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 10 мың қой сатып алу белгіленген. Қазіргі сәтте 5 мың қой алуға  өтінім түсіп, 3200 қой сатып алынды. «Құлан» бағдарламасы бойынша 2,5 мың жылқы алуға тапсырма бар еді. Бүгінгі күні 592 жылқыға сұраныс бар, оның 315-і сатып алынды. Әрине, бұл бізді қанағаттандырып отырған жоқ. Бірақ, өздерің білесіздер, жылқы шаруашылығы үшін биылғы жыл қолайлы бола қойған жоқ. Қыс өте кеш шықты. Шаруа қожалықтары енді-енді қозғалып, бұл іспен нақты айналыса бастады.

Мұнан басқа, біздің алдымызға «Ырыс» бағдарламасы бойынша да нақты міндеттер қойылған. Облыста 60 тауарлы сүт фермасы ашылуы керек. Қазір оның үшеуіне құжаттар тапсырылды, енді үшеуінің құжаттары әзірленіп жатыр. Олар —Алға, Мәртөк сынды облыс орталығына жақын аудандарда, сосын Ақтөбе қаласында. Тауарлы сүт фермалары 50 не 100 сауын сиырлар ұстайтын шағын шаруашылықтар  болып құрылмақ.

Жалпы, жобаланған жұмыстар табысты жүріп жатыр және өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Ең бастысы, мал қыстан шығынсыз, күйлі шыққанын білесіздер. Жемшөп жеткілікті болды. Төл алу науқаны да табысты аяқтала келді.

Облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықтың бірі — биылғы жылдан бастап, Қазақтың ұлттық аграрлық университетімен бірігіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Облыс әкімі мен университет ректоры қол қойған меморандумға сәйкес іс-шаралар жоспары жасалып, ондағы бірінші бағыт бойынша жұмыстар жалғасуда.  Меморандум талабы бойынша Ақтөбе қаласындағы ауыл шаруашылығы колледжінің  және тәжірибе станциясының базаларында ғылыми оқу өндірістік орталығы ашылды. Осы орталықтың негізінде алдағы уақытта университет ғалымдарының енгізетін жобаларын осы шаруашылықтарда қолдану арқылы бірлескен жұмыстар жүргізілмек.

Жақында осы университеттің бір топ ғалымдары келіп, облыстың барлық аудандарында болды. Екі жақтың бірлескен алғашқы жұмысы мамандар даярлауға байланысты болып отыр. Биылғы мектеп бітіретін түлектермен кездесулер өткізіліп, кәсіптік бағыт-бағдар берілді. Тағы бір жаңалық, аталған колледждің базасында Ұлттық аграрлық  университет мамандары келіп, түлектерден құжаттар қабылдап жатыр. Мұнымен бірге, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мамандары аграрлық колледждің немесе ұлттық университеттің базаларында өз кәсіптерін жетілдіретін болады.

Меморандумда көзделген екінші бағыты бойынша да биыл жұмыстар басталмақ.  Ғалымдардың қатысуымен қой етін, оның ішінде  қозы етін өндіру технологиясын жетілдіру көзделуде. Биыл екі ауданда қойды қолдан ұрықтандыру жұмысы ұйымдастырылады.  Жалпы, қой өсіретін барлық аудандарда бұл жұмыс жүргізілуге тиіс. Қойды қолдан ұрықтандырудың тиімділігі бұрыннан да  дәлелденген. Осы жұмысты дұрыс жолға қойсақ, қазір үлкен проблема болып тұрған қой етін өткізу мәселесі алда өзінің шешімін табады деп ойлаймыз. Оның үстіне, биылғы жылы облыста ең соңғы заманауи технологиямен жабдықталған, бірыңғай қой соятын ет комбинаты салынады деп күтілуде. Оны Хромтау ауданындағы «Жантізер» шаруа қожалығы Ақтөбе қаласынан салады. Қазір жер учаскесі алынды. Сметалық-жобалық құжаттары дайындалуда. Бұл ет комбинаты жылына 5 мың тонна қой етін өңдейді. Осындай мәселелердің шешілуімен қойдың саны  алда жедел көбеюге тиіс. Өйткені, біздіңше, қой санының өсуіне кедергі болып тұрған бірден-бір мәселе — өндірілген өнімді өткізудің қиындығы. Ал ірі қара бойынша ондай проблемалар жоқ. Бүгінгі күнге облыста 400 мың ірі қара болса, осы малдардың тұқымын жақсарту бағытындағы жұмыстар өрістетілуде. Ауылдық жерлердегі жекенің қолындағы малдардың тұқымын жаңарту үшін асылтұқымды бұқалар қосылған. Себебі, жеке адамдар, шаруа қожалықтары мал бордақылау алаңдары арқылы ғана асылтұқымды бұқалардан алынған төлдерді ет комбинатына тапсыра алады. Қазір заманауи технологиялармен жабдықталған  Алға қаласындағы ет комбинатын көпшілік жақсы біледі. Ол — ірі қара етін экспортқа шығаруға бейімделген осы заманғы талапқа сай жаңа кәсіпорын.

Бүгінгі күнге облыс бойынша  экспортқа 100 тоннадай ет өткізілді. Жылдың екінші жартысынан әрі, күзге қарай, ет комбинаты өзінің толық қуатында  жұмыс істеп, экспортқа мол ет шыға бастайды деп есептеп отырмыз. Әзірге ет өнімін тұтынушы — Ресей. Алдағы уақытта оның қатары алыс-жақын шетелдермен толығатын болады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қазір қолға алынып отырған шаруалар көп. Мәселен, ерекше сала ретінде атала бастаған, бізде бұрын болмаған  қоян, сүтті ешкі өсіру, омарта шаруашылығын дамыту жұмыстарына  аса мән беріліп отыр. Осы салаларды дамытуға байланысты облыс әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылып, жұмыс тобының бірінші кеңесі өтті. Алдағы уақытта бұл салаларды тиісінше дамыту үшін  мемлекеттік қолдау көрсету шаралары қарастырылуда.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button