Мереке

Құрметті «Ақтөбе» газеті редакциясының ұжымы!

Қымбатты оқырман!

Сіздерді облысымыздың аға баспасөз басылымы — «Ақтөбе» газетінің жарыққа шыға бастағанына 85 жыл толуымен құттықтаймын! Бұл — газеттің де, облыстың да тарихы, аса бай шежіресі, аға ұрпақ жүріп өткен жолдың бейнесі, тәуелсіз еліміздің мемлекеттігін нығайтып, өркениетке ұмтылған мұраттарын қалыптастырып жатқан бүгінгі замандастарымыздың жасампаз істерінің көрінісі.

Осы жылдар ішінде «Ақтөбе» —  өңір халқының ажырамас серігіне, рухани дүниені кеңейтіп, рухты биіктетер идеологиялық құралға айналды. Әр жылдары газетте қызмет еткен журналистердің алдыңғы легі қалыптастырған сара жолды қазіргі жас буын заман ағымына, қоғам дамуының талабына қарай лайықты жалғастыруда. Соның нәтижесінде аға басылым өзіндік келбетін сақтай отырып, барлық құбылысқа байыпты баға беріп, оқырманын егемен ел мұраттарына сай бағытқа бастап келеді.

Ұлтымыздың кемел қайраткері — Ахмет Байтұрсынов: «Газет — қоғамымыздың айнасы, көзі, құлағы» деп айтқандай, облыстық басылым туған өлкеміздің жылнама жаршысы, ортақ іске бірлесе жұмылған пікірлестер органы, бағыт-бағдар беруші баға жетпес рухани құрал қызметін атқаруда. Осы жолда аянбай еңбек етіп, барлық шеберліктерін, білімі мен тәжірибесін жұмсап келе жатқан авторлар облыстың жан-жақты даму ырғағын, тыныс-тіршілігіндегі сан қырлы оқиғаларды оқырманға кестелі сөзбен, айшықты тілмен жеткізіп отырғаны баршаға мәлім. Сіздердің шеберліктеріңіз бен шығармашылық қабілеттеріңіз — аса зор рухани қуат.

«Ақтөбе» газеті редакциясының ұжымы алдағы уақытта да өздерінің кәсіби мамандықтарына адалдықпен қажырлы қызметі мен қарымды істерін ел игілігіне жұмсай береді деп сенемін.

Сіздерге шығармашылық табыс, тың ізденіс, биік жетістік және мықты денсаулық тілеймін.

Облыс әкімі Елеусін САҒЫНДЫҚОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button