АуылСпорт

Қырық жастан асқандар сайысқа шықты

Спартакиада

 Ойыл ауданында өткен ардагерлердің төртінші облыстық спартакиадасына аудандардан және Ақтөбе қаласынан қырық жастан асқан 880 спортшы жиналды.

Спартакиада бағдарламасы спорттың 15 түрін біріктіреді. Олардың арасынан бес түрі — жүзу, президенттік көпсайыс, жеңіл атлетика, гир спорты және армрестлинг бойынша спорт ардагерлері мамыр айының соңында Ақтөбе қаласында жарыс өткізді.

Спартакиаданың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов бұл бағыттағы барлық шаралардың Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында өтіп жатқандығына назар аударды.

— Қазақстанда ұзақ жылдарға есептелген «Ұлт жоспары  100 нақты қадам» стратегиясы жасалғанын бәріңіз де білесіздер. Мемлекет басшысы белгілеген шараларда тұрғындардың денсаулығын жақсарту және жастарды спортқа тарту бастыларының бірі болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін біздің облысымызда көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі осы спартакиада, — деп атап көрсетті облыс әкімінің орынбасары.

Асқар Шериязданов спорт мерекесіне қатысушыларға облыс басшысының сәлемін жеткізіп, мұндай сайыстардың салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін ғана емес, сондай-ақ өңір тұрғындарын өзара жақындастыруға да ықпалы мол екенін атап көрсетті.

Спартакиадаға қатысушылардың шеруінен соң Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетіп, келушілер назарына шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.

Спартакиадаға 360 ардагер қатысты, олардың қай-қайсысының да жасы қырықтың үстінде. Ақсақалдар тобын 70 жастағы Қадіржан Ізғарин бастады. Ол — ауыр атлетикадан ардагерлер арасында әлемнің және Азияның чемпионы, сондай-ақ гир спортынан да халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанған. Қадіржан аға Ақтөбе қаласының және Ойыл ауданының құрметті азаматы. Ол көптен бері өзі тұрып жатқан, жастарға тәлім беріп жүрген Ақтөбе қаласының атынан сайысқа шықты.

— Бұған дейін Ойылда мектеп оқушылары мен студенттері арасында ірі жарыстар өтіп келген еді, мұндайда осындағы колледж бен интернат жатақханаларына орналастыратын. Бұл жолы жергілікті кәсіпорындар мен мекемелер ортақ іске үн қосып, сырттан келген қонақтарға барлық қамқорлықтарын көрсетті, — дейді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақберген Мұхамбетқали. — Ал жекелеген сайыстар бір мезгілде дерлік бір спорт залда өтті. Ал стадионда шағын футболдан матч ұйымдастырылды, сондай-ақ мектеп-гимназияның спорт алаңында стритболдан жарыс өтті.

Осыдан бес жыл бұрын ойылдықтар босап қалған автобазаның ғимаратын спорттық құрылымға айналдырды. Енді мұндағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің екі ойын алаңы бар. Онда жастар волейбол және үстел тениисін ойнайды. Сонымен бір қатарда балуандар белдесіп жатады, ал бөлмелерде спорттың үстел үстіндегі түрлері бойынша жекпе-жектер жүріп жатады.

Спорттың интеллектуалдық түрлері бойынша ғана қатысушылар түгел жиналды. Мысалы, тоғызқұмалақтан сайыста екі турдан кейін Мәртөк пен Темір аудандарының командалары топ бастады, ал ақырғы нәтижеде Ақтөбе қаласының тоғызқұмалақшылары ілгері шықты.

Спартакиаданың жалпы қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласынан келген ардагерлер 234 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Олар спорттың шахмат пен қазақша күрестен басқа түрлерінен қарсыластарына дес бермеді. Жалпыкомандалық екінші орынды Байғанин ауданының құрамасы иеленді. Одан кейінгі жүлде алғалықтардың қоржынына ілікті.

Ырғыз ауданының спортшылары спорттың бес түрінен қатысып, қанша ұмтылыс білдіргенімен барлығы 14 ұпайға ғана қол жеткізді. Шалқарлықтар мен Қарғалы ауданының командалары да биік деңгейден көріне алмады.

— Ақтөбе қаласы мен Байғанин ауданының командалары жарысқа тап-тұйнақтай даярлықпен келгені көрініп тұрды, сондай-ақ Алға, Хромтау, Ойыл, Темір және Мұғалжар аудандарының спортшылары жақсы өнер көрсетті, — деді спартакиаданың бас төрешісі Владимир Кореньков.

Спартакиада қорытындысы бойынша облыстың құрама командасы жасақталып, енді бір айдан соң Өскеменде өтетін республикалық деңгейдегі сайысқа қатысатын болады.

 Абат ҚАРАТАЕВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button