Мереке

Құттықтау!

Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінің редакциясына

Құрметті журналистер қауымы!

Қадірлі газет ұжымы!

Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз — облыстық «Ақтөбе» газетінің жарыққа шыққанына 85 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын.

«Ақтөбе» газеті — еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі.

Өткен ғасырда «Кедей» атты шағын газеттен бастау алған басылым осынау жылдар ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдан өтті. Газет «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» болып шыққан әр жылдары ақтөбеліктердің ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отырды.

Ақтөбе өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Ақтөбе» газеті зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты.

Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтеріп келеді. Соның нәтижесінде жыл сайын оқырмандар қатары көбейе түсуде.

Қазіргі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген Қазақ елінің іргелі өңірі Ақтөбе облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді.

Туған өңірімнің басшылығында жүрген жылдары оның қайта түлеп, жаңғырып, жаңаруына ат салысқанымды мақтан етемін. Біз сол қиын уақыттың салмағын газет журналистерімен бірге көтеріп, басылымның игі дәстүрлерін сақтап қалдық. Ол кезең қазір облыс тарихының жарқын беті ретінде жазылып қалғаны біз үшін мәртебе.

Бүгінгі мереке күні облыстық «Ақтөбе» газетінің ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін!

Қазақстанның өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер.

Құрметпен Қазақстан Республикасы

Президенті Әкімшілігінің басшысы

А.Е.МУСИН.

****

«Ақтөбе» газетінің ұжымына!

Әр жылдарда «Кедей», «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» деген атпен шығып, кейін облыстың атын иеленген «Ақтөбе» газеті – Ақтөбе өңірінің жылнамасын ғасырға жуық уақыт жазып келе жатқан басылым.

Топырағы құнарлы Ақтөбе өңірінде ұлттың ұстыны болған талай тұлғаның туғаны мәлім. Соның ішінде қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Мұхтар Құрманалин, Құрал Тоқмырзин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұқанбетқалиев сынды сөз зергерлерінің «Ақтөбе» газетінің ұстаханасынан шыққанын атап өткен ләзім. Газеттің бүгінгі құрамындағы Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Индира Өтеміс секілді ақындардың шығармалары да жұртшылыққа жақсы таныс. Ұлтымыздың әдебиетіне осындай талантты топты  қосқан облыстық газеттердің саны көп емес.

Бүгінгі «Ақтөбе» — Президент саясатын халыққа жеткізіп отырған,  айтар ойы салмақты, заманауи дизайнмен әдіптелген басылым. Осы саланың жетекшісі ретінде мені газеттің тиражы жыл сайын өсіп келе жатқаны қуантады. Бұл газет қызметкерлерінің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, істеп келе жатқан жұмысының жемісі.

Қазіргі ұжымды және ұзақ жылдар осы басылымда қызмет етіп, қазір құрметті демалыста жүрген ардагерлерді газеттің 85 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, баршаңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін.

Қазақстан Республикасы

Мәдениет және ақпарат

Министрі

М.ҚҰЛ-МҰХАММЕД.

****

Құрметті «Ақтөбе» газеті редакциясының ұжымы!

Сіздерді «Ақтөбе» газетінің сексен бес жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Осы бір елеулі оқиға — мен үшін де үлкен қуаныш. Өйткені Ақтөбе өңірі — менің өмірімде ерекше орын алады. Облыстық газет еңбек етіп, қаламымды ұштаған шығармашылық орта газеттің 85 жылдық мерейтойына орай редакция ұжымына және мыңдаған оқырмандарына зор денсаулық, ырыс-береке, мол байлық тілеймін. Әр адам өзінің алға қойған ізгі мақсаттарына жете беруіне тілектеспін. Тәуелсіз еліміздің жарқын келешегі үшін және облыстың өсіп-өркендеуі үшін атқарып келе жатқан игі істеріңізге нұр жаусын.

Ізгі ниетпен:

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісі Аппаратының Басшысы

Ерген Дошаев.

***

Қадірлі достар!

Егемен еліміздің байырғы басылымдарының бірі — «Ақтөбе» газетінің 85 жылдық мерейтойымен газеттің шығармашылық ұжымын, авторлар қауымын және мыңдаған оқырмандарын шын жүректен құттықтаймын!

«Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің бүгінгі айтулы мерейлі мерекесі — тек аймақ жұртшылығы ғана емес, жалпы қазақ журналистикасы үшін де айтулы оқиға. Газет редакциясында әр жылдарда осы аймаққа, бүкіл елге танымал қаламгерлер еңбек етіп, басылымның қоғам өмірінде лайықты орын алуында қыруар күш-жігер жұмсады. Жиырмасыншы жылдардың басында «Кедей» деген атпен дүниеге келіп, бүгінде «Ақтөбе» атанған газет облыстың ақпарат айнасы ретінде тарихы тереңде жатқан туған өлкеміздің 85 жылдық шежіресін жасауға орасан зор еңбек сіңірді.

Осы газетте ел зиялыларының бірнеше буын өкілдері еңбек етіп, қоғамдағы саяси, рухани және мәдени ахуалға үлкен ықпалын тигізді. Ұрпақтар сабақтастығына, халық мұратына негізделген шығармашылық үрдіс қазір де жалғасын табуда.

Еліміздегі ауқымды шараларды жүзеге асырудағы қажырлы қызметтеріңіз қашан да табысты, отбастарыңыз аман болсын! Дүниенің барша шапағатын — ізгілік-ырыс, баянды бақыт, сәттілік, береке-бірлік тілеймін!

Құрметпен: сенатор Еділбай Иманқұлов.

****

Құрметті Мейірхан Ақдәулетұлы!

Қымбатты «Ақтөбе» газеті редакциясының ұжымы!

Сіздерді бір өңірдің рухани айнасына, оқырмандарының сүйікті басылымына айналған «Ақтөбе» газетінің сексен бес жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

«Ақтөбе» газеті Қазақстанның бүгінгі толағай жетістіктерін, алдағы мақсаттарға жетудегі игі бастамалары мен кездесіп отырған қиындықтарды жеңудің жолдарын шынайы түрде жазып келеді.

Ақтөбе облысы — өзіндік ерекшелігі мол өңір. Батысында Жайық өңірімен, солтүстігінде Ресейдің Орынбор облысымен, шығыс жағы Қостанай мен Торғай өлкесімен шектесіп жатыр. Сонымен қатар оңтүстігі Өзбекстанның Қарақалпақ елімен шекаралас болса, еліміздің Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Атырау облыстарымен де қанаттасып жатқан алып аймақ. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары өркендей бастаған облыс экономикасы өтпелі кезеңде де тұрақтылығын сақтап қана қоймай, соңғы жылдары жан-жақты даму жолына түсті.

Ақтөбе — қазақ елінің батыс бөлігіндегі геосаяси, экономикалық және стратегиялық маңызы зор өңір. Ақтөбе топырағында Қазақстан мен Ресейдің Мемлекет басшылары да жиі бас қосуы тегін емес.

Осындай аймақтың кешегісі мен бүгінін жалпақ жұртқа жария ету — Сіздердің мәртебелі міндеттеріңіз. Сіздердің оны үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқандарыңызға кәміл сенемін.

Облыстың өндіріс пен мал шаруашылығында, денсаулық пен білім беру саласында, спорт пен мәдениетте қол жеткізген табыстарын оқырмандар «Ақтөбе» газетінің бетінен оқып келеді. Газет шежіресі — бір өңірдің тұтас тарихы.

Сондай-ақ саяси партиялардың Ақтөбе облысындағы рөлі мен атқарып отырған қызметтері осы басылым арқылы оқырмандарға жария етілуде. Соның ішінде «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ел ішіндегі беделін, халық үшін жасап жатқан істерін де газетке шыққан жарияланымдардан анық байқауға болады.

Сіздердің қаламдарыңыздан шыққан мақала, очерктер заман ағымымен үндесіп, қазіргі таңдағы қазақ елінің жетістіктерін арттырып, еліміздің рухани байлығына мол үлесін қоса беруіне тілектеспін!

Бүгінгі 85 жылдық мерейтойларыңызға орай Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Қазақстанның жарқын болашағы жолында атқарып келе жатқан қызметтеріңіз абыройлы да берекелі бола берсін!

Ізгі ниетпен, Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Нұр Отан» ХДП

фракциясының жетекшісі

Орал МҰХАМЕДЖАНОВ.

Астана. Мәжіліс үйі. 14 қазан 2009 жыл.

****

Меніңше, газеттің 85 жылдығының мерекесі — ең алдымен, өз ұлттық тарихымызға, сол тарихты табан ақы, маңдай терімен, көзінің жасы, көңілінің жұбанышымен бірге жасасқан газет қызметкерлерінің біздерден бұрынғы, талайына тасырлау замандар бұйырған бірнеше ұрпағына, солардың жаны мен ойын ерқашты етіп жүріп,  істеген ауыр еңбегіне деген құрмет, қазіргі шығармашылық ұжым үшін — тарих, аға ұрпақтар алдындағы жауапкершілікті тереңірек түйсіну, өз иығына қоғам, ұлт, қазіргі сауатты оқырман артып отырған міндет пен абыройды толығырақ сезіну.

Сексен бес жыл бұрынғы «Кедей» де, кешегі «Коммунизм жолы» да осы өңірдің қазағы үшін  тек «ұйымдастырушы, насихатшы, тәрбиеші» газет қана емес, тарихта есесі кете беретін көгенкөз қазақтың «жаман менен жақсыны айыруына» сеп боларлық дос, ақылшы, көп нәрсеге көзін ашатын ұстаз, қазақтың «өзінде жоқ өзгеде барының» жоқшысы, руханият пен мәдениетке жетелейтін көмекшісі, қазақтың топтан озғандарының босалқы болар бапкері еді. Замананың, саясаттың түсі жылып көрмеген болмысына орайластыра жүріп, газет сонау қиын-қыстау кезде де әлгі міндетін қадари-хал атқарып келді. Қазір де солай. Газеттің, шығармашыл ұжымның сол, былайғы жұртқа, бәлкім, қадірсіздеу, санасы мен зердесі жететін кісі үшін аяулы, ірі міндеті осы болып отыр. Соны менің жазуға қатысы бар замандастарым, іні-қарындастарым мүмкіндігінше терең ұқса, газет қызметкері ақ қағазды ретті-ретсіз шұбарлаушы ғана емес, осы өңірдің өмірі мен болмысына, адамының рухани-мәдени тұрпатына тікелей жауапты адал зиялы қауымның көшінің басында  тұрған адамдар екенін түсінсе деймін.

Мереке құтты, қайырлы болсын, ардақты ардагерлер мен «Ақтөбенің» сарбаздары!

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ,

ақын, көсемсөзші,

Қазақстан Республикасы

Жазушылар және Журналистер

одақтарының мүшесі.

***

Құрметті «Ақтөбе» газетінің ұжымы!

Сіздерді Қазақстан Журналистер одағы басқармасының атынан бүгінгі 85 жылдық мерейтойларыңызбен  құттықтаймыз!

1924 жылы «Кедей» атауымен жарыққа шығып, өз оқырманын қуантқан бүгінгі «Ақтөбе» 85 жасқа толыпты.  Осы жылдарда «Алға», «Социалистік  жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» атауларына  ие бола алды. Ал бүгін «Ақтөбе» тым әсерлі.  23 мың оқырманы бар газет парақтарынан уақыт сарынымен үндес,  шынайы да нанымды дүниелерді жиі оқисыз.

Өткен  кезеңге көз салсақ, кезінде газеттің белді авторы бола алған Жиенғали Тілепбергенов,  Тахауи Ахтанов, Ізтай Мәмбетов, Қуандық Шаңғытбаев, бүгінгі жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев, ақын Есенбай Дүйсенбаев, филология ғылымының  докторы Серікқали Байменшиннің есімдерін ақтөбеліктер аса құрметтейді.

Әлем  таныған бүгінгі Қазақстанның батысындағы экономикалық  ел ауқаты аса биік Ақтөбенің өсуінде, дамуында, көркеюінде Сіздер қосқан үлес қомақты. Лайым осы бағыттан айнымаңыздар, халқымызға, ұлтымызға адал қызмет етудің бұдан да биік белесіне көтеріле беріңіздер. Ұлтымыздың бағын асырар БАҚ болыңыздар.

Құрметпен:

Қазақстан Журналистер одағы

басқармасының төрағасы

Сейітқазы МАТАЕВ.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button