Басты жаңалықтар

Әлі есімде

СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы

Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетін «Құрмет белгісі» орденімен наградтау туралы

Ақтөбе облысының еңбекшілеріне коммунистік тәрбие беру, оларды шаруашылық және мәдени құрылыстың міндеттерін орындауға жұмылдыру жөніндегі жұмысы үшін облыстық «Коммунизм жолы» газеті «Құрмет белгісі» орденімен наградталсын.

СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Н.ПОДГОРНЫЙ.

СССР Жоғарғы Советі Президиумының Секретары М.ГЕОРГАДЗЕ.

Москва, Кремль, 6 июнь 1974 жыл.

****


… 1931 жылдың жазында, округ ажырап, аудандар ірілендірілген кезде Ақтөбе аудандық «Алға» газетінің осы күнгі Ленин көшесінің бойындағы жатаған үйге жайғасқан редакциясына бара қалмасым бар ма? Өзіммен бірге оқыған Диханбай Сахин, ауылдас ағайыным Әбдуәли Қарағұлов осында жұмыс істейді екен. Бас салып маған жармасты, «бізбен бірге істейсің, қазір-ақ төселіп кетесің» деді бұлар. Келісім беруім-ақ мұң екен, аудандық комсомол комитеті арқылы бұрынғы қызметтен босаттырып, редакцияға жолдама бергізді. Ол кезде газет қызметкерлерін даярлайтын республикада арнаулы оқу орны жоқ-ты. Газет қызметкерлерінің дені бұрынғы мұғалімдер, педтехникумдар мен халық ағарту институтын бітірген жастар болып келетін еді.

Аптасына екі-үш рет шығатын шағын көлемді төрт беттік газетке сырттан келетін мақалалар мен хабарлардың өзі де тапшы болатын. Материалды аппарат қызметкерлері іздеп жүріп ұйымдастыратын. Басы-аяғы 4-5 адамбыз. Соның өзінде де үй тар. Баспаханада да корректор, шығарушы отыратын, түнге қарай демалатын орын жоқ еді. Қазіргідей самаладай жарық қайда! Қуаты нашар кішкентай электр станциясынан энергия алатын шамдар қызарып тұрып сөніп қалса, сығырайма шамға күніміз қарайтын-ды…

Ерекеш БІРМАНОВ,

(Естелік 1967 жылы жазылған).

****

Жылдар жолдар іздер

… Қазақстанда облыстар құрылды. Осыған байланысты «Алға» газеті 1932 жылы марттың орта кезінде «Социалдық жол» деген жаңа атпен облыстық газет болып қайта құрылды. Бұл бұрынғы округтік «Кедей» газетінің аудандық «Алға» болғаннан кейінгі үшінші аты. Бұл кезде редакция қызметкерлерінің саны едәуір өсті. Енді бұрынғыдай емес, бірнеше бөлім, секторға жіктеліп істейтін болдық. Менің үлесіме ауыл шаруашылығы секторының меңгерушілігі тиді. Арнаулы корректорымыз болды. Редактор бастаған оннан аса адам екі бөлмеде орналастық. Орынның тарлығынан бірсыпырамыз столға екі-екіден отырамыз. Бүкіл редакцияда бір ғана телефон болатын.

Сол жылы Қызыл Армия қатарында қызмет атқаруға кеттім. Бірақ газеттен қол үзгенім жоқ. Ашхабадтан әскери тақырыпта мақалалар жазып тұрдым. 1934 жылы армиядан қайтып келіп, газеттің жауапты секторы болып істедім де, 1936 жылдың август айында Алматыға кеттім. Ол кезде газеттің редакторы Меңетай Жақсылықов еді. Мен секретарлық жұмысты Ержанов Кәрімге тапсырдым. Бұл жылдары «Социалдық жолда» жоғары білімді бір де журналист жоқ-ты, бірақ дарынды, тәжірибелі газетшілер оның мазмұнын байытуға көп еңбек сіңірді. Оның бетінде редакцияның мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ахмет Ескендіровтің жап-жақсы өлеңдері, очерктері жарияланып тұрды. Ахаң Отан соғысында майданда қаза тапты. Жазушылар одағының Ақтөбе облысындағы өкілі Ақбас деген жігіт ұдайы әңгіме жазып тұратын. Фельетон, жаңа киноға, пьесаға рецензия жазу да 1935-36 жылдары едәуір дамыды. Газеттің көз тартарлық ажарлы болып шығуына марқұм Жұмағалиев Іңкәрбайдың да өз шама-шарқынша қосқан үлесі аз емес. Ал Нұрпейіс Байғаниннің өлеңдері өз алдына бір төбе…

Әбдуәли ҚАРАҒҰЛОВ,

(Естелік 1967 жылы жазылған).

***

7 маусымда газет не туралы жазды?

1957 жыл

1957 жылдың бес айында көрсетілгеннен 144 шаршы метр тұрғын үй алаңы артық берілді.

Тақырыптар: «Американ соғыс өкіметтерінің Окинавадағы озбырлық әрекеттері». «Н.А.Булганин мен Н.С.Хрущевтің Финляндияға келу қарсаңында». «Ұлттық майданның» Ливия халқына үндеуі».

(«Социалистік жол»)

1958 жыл

Ойыл ауданы Берсиев атындағы колхоздың мүшелері биыл кемінде бір жарым жылдық жемшөп қорын жасауға ұйғарды. Олар бұл жөнінде Ойыл ауданының барлық колхозшыларына, колхозшы әйелдеріне және колхоз жұмысшылары мен жұмысшы-қызметкерлеріне, барлық мамандарына хат қабылдады.

Тақырыптар: «Бундесверді атом қаруымен жарақтандыруға қарсы наразылық митингісі». «Германия Федеративтік Республикасында атом қаруымен жарақтануға қарсы наразылық қозғалысы».

(«Социалистік жол»)

1963 жыл

Батыс Қазақстан өлкесі шопандардың съезін 1963 жылғы 29 июньде өткізуге ұйғарды.

Тақырыптар: «Фидель Кастроның сөз сөйлеуі», «Н.С.Хрущевтің Ярославльде болуы». «Нигерияның даму жолындағы қиындықтар».

(«Батыс Қазақстан»)

1964 жыл

Ақтөбе облысы бойынша 3955 тонна сүт және 1476 мың жұмыртқа кем тапсырылды.

Тақырыптар: «Алжир контрреволюцияға соққы бреуде». «Англия ракета ұшырды». «Демократияға қарсы бағытталған заң жобасы».

(«Батыс Қазақстан»)

1966 жыл

1966-67 жылдары 340 мың шаршы метрден аса тұрғын үй, 82 мектеп, оның ішінде 28 типтік мектеп, 68 клуб, 4 аурухана, 35 дәрігерлік пункт, 88-ден аса балалар бақшалары мен яслилері, 24 тұрмыстық комбинат пен шеберхана, 144 монша, 3 кір жуатын комбинат, 61 жатақхана салу, ұзындығы 165 километр жолға, 391,2 мың шаршы метр көшелер мен тротуарларға асфальт төсеу ұйғарылған.

Тақырыптар: «Вашингтон күйгелектенуде. Вашингтон арандатуда. Вашингтон қоқан-лоқы жасауда».

(«Батыс Қазақстан»)

1968 жыл

Облыс еңбеккерлері үстіміздегі бесжылдықтың аяғына дейін мемлекетке жоспардан тыс 312 мың тонна астық сатады.

Тақырыптар: «Роберт Кеннедиге жасалған қастандық жайында». «Неонацистер және Штраус».

(«Коммунизм жолы»)

1969 жыл

Кеше Ақтөбеде, драма театрында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық кеңесі болып өтті.

Тақырыптар: «Оңтүстік Вьетнамдағы шайқас». «Ереуіл өрістеді». «Неофашистердің арандатушылығы».

(«Коммунизм жолы»)

****

Кедей кезеңінде

«Кедей» газетінің бірінші саны 1924 жылдың жазында жарық көрді. Тырнақалды номердің өзін әзер деп шығардық. Өйткені ол кезде оқыған білімді журналистер, әріп терушілер және баспахана қызметкерлері жоқ болатын. Оның үстіндегі қазақ тіліндегі әріптер жетіспей Қазаннан алдырдық. Тәжірибесіздіктен де біраз таяқ жедік. Бір сөзбен, газет ісінің әліппесін редакцияда жұмыс істей жүріп үйрендік.

Алғашында «Кедей» аптасына бір рет шығып тұрды. «Көш жүре бара түзеледі» дегендей біртіндеп, кем-кемнен қалыпқа келе бастадық. Жоғарыдағыдай қиыншылықтарға қарамастан, уақыт талабына сай көкейкесті мәселелерді көтеруде газет елеулі роль атқарды. Ауылдарды советтендіру, партия мен үкіметтің саясатын қалың бұқараға түсіндіру, ауқаттылардың астыртын жүргізетін күресін хауіпсіздендіру, байлар иемденіп келген шабындықтарды жалшы-батырақтарға бөліп беру, қосшылар одағының жұмысын жандандыру, әйел теңдігі және мектептер желісін көбейту жөнінде және басқа күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жайлы газет үзбей жазып отырды. Сөйтіп, партия, совет ұйымдарына қолынан келгенінше көмектесті.

Жергілікті жерлердегі көзі ашық азаматтар ана тіліндегі жаңа газеттің шығуын қуана қарсы алып, оның жұмысына ат салысты. Сол жылдың өзінде-ақ едәуір авторлар тобы тартылып, олармен тығыз байланыс жасалды. Қазақ оқығандарының ішінен заң қызметкері Мырзағұл Атаниязов, жазушы Жиенғали Тлепбергенов, тіл маманы Құдайберген Жұбанов, халық ақыны Әкімәлі Қаржауов және басқалары газет жұмысына белсене араласып, үзбей мақала жазып тұрды…

Қ.НАЗАРАЛИН,

«Кедей» газет редакциясының

тұңғыш жауапты секретары.

(Естелік 1967 жылы жазылған).

****

Есенбай Дүйсенбай

Әділдіктің Әйтекесі

Өзіңде біз біраз ғұмыр кешкесін,

Өмір бойы, о, «Ақтөбе», естесің.

Қазақтың бір сөз ұстаған абызы —

Қарашаңырағым, тура жетпіс бестесің!

Әп дегеннен бұқараға бауыр боп,

Заман сырын шерткеніңде дауым жоқ.

Кеңес қойған алғашқы атың «Кедей»-ді,

Келдің сосын «Социалды ауыл» боп.

Орыс бастық билеп тұрған ақ қала,

«Алаш» десек, жазды қара тақтаға…

Айттың бірақ ойды оятар сөзіңді,

«Коммунизм жолы» болған шақта да.

Жалғастырған үш ұрпақтың арасын,

Қашанда сен дана дауыс дарасың.

Тіріліп шыққан тілім менен дінімсің,

Ұйтқылы ұлттық рух, санасың!

«Ақтөбе» боп тіреп қазір ат басын,

Айқара аштың әрбір үйдің қақпасын.

Бай боп, барша мұратыңа жеткейсің,

Қайта «Кедей» атанудан сақтасын!

Арай таңнан күтеді аңсап сөзіңді ел!

Халықпыз ғой шыдам берік, төзім мол:

Әупірім бұл заманында нарықтың

Әділеттің Әйтекесі өзің бол!

1999 жыл

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button