Басты жаңалықтар

«Кедейден» «Ақтөбеге» дейін

Бауыржан Бабажанұлы,

«Ақтөбе» газетінің бас редакторы

Әлқисса, тегін адамның таз болмайтыны рас болса керек,  Владимир Ильич Ленин 1917 жылы Ресейде апан-топан төңкеріс жасап, әлемге жаңа жүйенің дүниеге келгенін жария етті. Бүгінде дүние жүзі халқы «Капиталын» жапатармағай оқып жатқан Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің күрескер рухын бойына сіңірген пролетариат көсемі әп дегеннен идеологияға баса назар аударыпты. Өйтпесе өзі құрған жүйенің қазығы мықты болмасын аңғарса керек.

1924 жылы ұлт республикаларының көптеген аймақтарында газет шығару мәселесі қолға алынды. Ақтөбе губерниялық партия және атқару комитеттерінің бірлескен мәжілісінде өңірден шығатын газеттің атын «Кедей» деп қою туралы шешім қабылданыпты. Бұл «бай менен молданы қойдай қу қамшымен» деген заманға лайық атау еді.

Сонымен, «Кедейдің» алғашқы нөмірі 1924 жылдың 7 маусымында жарыққа шықты. Аптасына бір рет шығатын газеттің  көлемі де шағын, не бары екі-ақ бет болатын. Алғашқы нөмірлерге кейін ірі мемлекет қайраткеріне айналған Ақтөбе губерниялық партия комитетінің жауапты қызметкері Ізмұқан Құрамысовтың  қол қоюы, кеңес өкіметінің газет шығару мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Газет тізгінін партия комитетінің қызметкері алуы сол тұста кәсіби журналистердің аздығынан ғана емес, басылымға бақылаудың мықты болатындығының айғағындай еді. Алғашқы редакторлардың қатарында Өтемісов, белгілі аудармашы Абдолла Құлыбеков, Д.Хангереев, Әзімбай Лекеровтер бар.

Ахаң, Ахмет Байтұрсынов, айтпақшы, газеттің «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» екені рас. Бірақ газеттің ең алдымен идеологиялық құрал екенін де ұмытуға болмайды. Өйткені «мінген арбасының» егесінің қас-қабағына қарамайтын пенде жоқ. Сол «еге» мен халықтың мүддесі тонның ішкі бауындай қабысып жатса жақсы, әйтпесе журналист дейтін жазған екі жақтың да қыбын табуға тиіс.

Осы ретте «Кедей» әу бастан жалған ұраншылдыққа салынбай, халықтың сауатын ашуға, мәдениетке үйретуге, жаңа заманның бағыт-бағдарын жұртшылық санасына сіңіруге ұмтылған салмақты басылым болғаны аңғарылады. Ел жаңалықтарымен қатар сол заманның ең өзекті мәселелері — білім алуға шақыру, әйел теңдігі секілді тақырыптар алдыңғы кезекке шыққан. Газетке жаңа леп ала келген бас редактордың орынбасары Жиенғали Тілепбергенов «Оқшауша» деген айдар ашып, сол айдар журналистердің еркін шығармашылығының  мінберіне айналған. Тіл ғылымының теориялық негізін қалаған ғалым Құдайберген Жұбановтың, «Еңбекші қазақтан» келген Кенжеғали Абдуллиннің кесек ойлы мақалалары газеттің іргетасы әуелден-ақ мықты қаланғанын көрсетеді.

Байлар тап ретінде жойылған отызыншы жылдарда газет атауы «Кедей» деп қала беруі өте ыңғайсыз болар еді. Сондықтан бес жылдықтар балғасын соғып жатқан кеңес өкіметінің сол тұстағы «Тек қана алға!» деген ұранына сәйкес, біздің басылымымыз «Алға» атаныпты. Көп ұзамай «Социалды жол», сәл кейінірек «Социалистік жол» деген «ныспы» беріліпті. Облыс аумағына ірі өндіріс орындары қоныс теуіп, қазақ жаңа мамандықтарды игере бастаған заманның тыныс-тіршілігі газет бетінен көрініс тапты.

Газет те — өз дәуірінің перзенті. Сондықтан қоғам өзі адасқан тұста оны да бұра тартқызбайды. Бірақ ұлттың азат ойлы азаматтарының алғы шебінде журналистер жүреді. Мысалы, репрессия жылдарында қуғын-сүргінге ұшырағандардың қатарында газет қызметкерлері де бар.

«Көресіңді көрмей, көрге түспейсің» дейді қазақ. Мысалы, Смағұл Мұқашев ақсақал НКВД қызметкері өзін қинаған кабинетте кейін газеттің бас редакторы болып отырамын деп ойламаған шығар…

Ұлы Отан соғысы жылдарында журналистер қаламын қаруға айырбастап,  майданға аттанды. Бізге жеткен дерек редакцияда тек Қ.Қожамұратов пен Х.Наурызбаев қана қалғанын айтады. Бірақ олар бұрынғылар жаққан отты өшірген жоқ, қайта лаулата түсті. Сол тұста шығарылған газеттердің бір бөлігі майдан шебіне де жеткізіліп тұрыпты. «Социалистік жолды» бойтұмардай көріп, төс қалтасына салып, шайқасқа кірген ақтөбеліктер бар. Жауынгерлер жолдаған хаттар бар газетті тылдағы жұрт Жеңістің хабаршысындай күтті. Нұрпейіс Байғаниннің толғаулары етігімен су кешіп жүрген ерлерге де, ауылда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен жұмыс істеп жатқан еңбеккерлерге де дем бергені хақ. Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің де даңқты еңбек жолы мен тәжірибесі сол тұста облыстық газеттің бетінде үзбей жарияланып жатты.

Соғыс жылдарында көптеген кәсіпорындардың Қазақстанға, соның ішінде Ақтөбеге қоныс тепкені мәлім. Олардың жұмыстары да газеттің басты тақырыптарының біріне айналды.

Жеңіс туралы хабарды облыстық газеттен оқып, көзіне жас алғандар әлі де арамызда жүр.

Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдарында да облыстық газет алғы шепте жүрді. Қарапайым еңбек адамдары басылымның басты «объектісіне» айналды.

Өлке құрылған кезде «Батыс Қазақстан» аталып, сәл кейін даңғыл «Коммунизм жолына» түскен басылым сол заманның идеологиясын халықтың санасына сіңіру жолында зор еңбек етті. Адамдардың жасампаз еңбегі арқасында дүниеге келген шаһарлар мен кенттердің, кеңшарлар мен ұжымшарлардың қуанышын ең алдымен біздің газет бөлісті. Зауыт пен фабрикалардың түтіні будақтап, өндірістің өркен жая бастаған кезін, Қазақстанның миллиардына лайықты үлесін қосқан астық өндірушілердің қуанышты жүзін, Ақтөбе мұнайының «алғашқы қадамдарын» көргісі келген адам облыстық газеттің сарғайған тігінділеріне үңілсін.

Газеттің еңбегі бағаланбай қалған жоқ. 1974 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, сексенінші жылдарда КСРО Халық Шаруашылығы Жетістіктері көрмесі жеңімпаздарының бірі болды. Бұл облыстық газеттің тізгінін отыз жылға жуық уақыт ұстаған Нұрқайыр Телеуов басқарған ұжымның жұмысына берілген лайықты баға еді. Осы жерде сол кезеңде жұмыс істеген ақсақалдарымыздың өтінішімен биыл газеттің «өңіріне» сол орденді қайта «таққанымызды» да айта кеткен жөн шығар.

Сексенінші жылдарда тегін адамның таз болмайтынын тағы бір дәлелдеген Михаил Горбачевтің арқасында кеңес адамдарының санасында қарғын жүре бастады. Ұлттық мүдделер алға шықты. Тамырымызға үңіліп, жоғымызды түгендей бастадық. Коммунизм жолының қазақты ұшпаққа шығармайтыны белгілі болды. Сондықтан тоқсаныншы жылдарда газет атауы өңірдің атын иеленді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды еңсеруде, жаңа болмысты ұрпақ санасын қалыптастыруға журналистердің қосқан үлесі зор.  «Ақтөбе» газеті де тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, жас мемлекетіміздің іргетасын қалап, еңсе тіктеуіне хал-қадарынша үлес қосып келеді.

Тоқсаныншы жылдардағы аласапыранда газет қызметкерлері де біраз қиындықты бастан кешті. Бірнеше айлап жалақы алмаған кездер де бастан өтті. Бірақ олар мұқалған жоқ, қаламдарын да тастамады. Жаңа тұрпаттағы мемлекетті құру жолында орасан зор еңбек етіп, Қазақстанды күллі әлемге танытып келе жатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын түкпір-түкпірдегі ауылдарға дейін жеткізу арқылы халықты тыныштандырып, ертеңгі күнге деген сенімін оятты. Осы жылдардағы ауыр жүкке иығын тосқан Қуан Тектіғұлов, Идош Асқар ағаларымыз басқарған ұжымның еңбектері қандай мақтауға да лайық.

2000 жылы екі облыстық газет «Ақтөбе газеті» ашық акционерлік қоғамына бірікті. Заман талабына сай газеттің дизайны өзгеріп, бірінші беттегі ресми материалдардың орнына мүмкіндігінше әлеуметтік мәселелер, коллажбен көркемделген сын материалдар шыға бастады. Аптасына үш рет шығатын газет екі ретке ауысып, бейсенбі, жұма күндері шығатын нөмірлеріміз «бірігіп» кетті. Түрлі түсті «етжеңді» нөмір шығару арқылы оқырманға әр түрлі саланы қамтыған материалдар ұсынуға мүмкіндік  алдық. Бейсенбілік  нөміріміз 32 бетке жетті. Енді кәсіпкерлер газетке жарнама бере бастады…

2004 жылы облыстық екі газет тағы да енші бөлісті. Осы жылы газетті басқарған талантты журналист, марқұм Әмір Оралбай мен Қасымжан Байсадақовтың да қолтаңбалары қалды.

2005 жылы «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның шаңырағы астында қайта бірікті. ЖШС тізгінін белгілі көсемсөзші, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы ұстады. Сәл кейінірек бүкіл аудандық газеттер де ЖШС қарамағына көшті. «Бет әлпеттері» өзгеріп, «жүрісі» түзелген кейбір аудандық газеттер әу бастағы келісім бойынша қайта отау тігіп жатыр…

Бүгінгі «Ақтөбе» — Президент, облыс әкімі саясатын сауатты жүргізіп отырған, мазмұны бай, осы заманның үлгісіне сай «көркем киінген» басылым. Газет қызметкерлері ағалар бастап берген көшті лайықты жалғастырып келе жатқанын мақтаныш етеді.

Бір кезде өз елінде өгейлік көріп, жаны қысылған қазақтың жүрегі жылынатын ұя болған облыстық газет бүгінде өңірде болып жатқан күллі оқиғалардың идеологиялық ұстынын жасап отыр. Мысалы,  «Әлия» атты қос томдық кітап пен фотоальбомды, «Ахмет Жұбанов» атты бір томдық кітап пен фотоальбомды, Ақтөбе облысының 75 жылдығына арналған фотоальбом мен «Жәдігер» атты XV ғасырдан бүгінге дейінгі Ақтөбе өңірінде туып-өскен ақын-жазушылар шығармаларының антологиясын, екі тілде қайта басылған «Қобыланды» жырын, күллі түркі жұртының басын қосқан салтанаттан кейін шығарылған «Қобыланды тойы» атты көркемсуретті кітап пен Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының V форумының бүкіл құжаттары хатталып, фотошежіресі жасалған «Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының V форумы» атты кітапты  «Ақтөбе» газетінің шығармашылық ұжымы әзірлегенін еске сала кеткен артық болмас деп ойлаймыз. Облысымыздың абыройын асқақтатқан осы шаралардың газет бетінде де мықты насихатталғанына оқырман куә.

«Ақтөбенің» бір мақтанышы — ақын-жазушылары. Дегдар Қуандық Шаңғытбаевтың, Тұманбайлар жалғастырған әдемі лириканың бастауындай Ізтай Мәмбетовтің, бүгінде ақтөбелік қаламгерлердің ақсақалына айналып отырған Мұхтар Құрманалиннің, «Отамалысы» әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосуға әбден лайық Тобық Жармағамбетовтің өзінің шығармалары арқылы жетпісінші жылдардан бастап-ақ, кеңес өкіметінің көрін қазуға кірісіп кеткен Құрал Тоқмырзиннің, қазақ өлеңіне боз бояу қосқан Есенбай Дүйсенбайұлының, әңгімелері психологиялық астарға толы Қажығали Мұхамбетқалиевтің шығармашылықтағы тәй-тәй қадамдары біздің газеттен басталған!

Ағаларымыздың салған сүрлеуі жоғалған жоқ. Жұмекен, Жұматай ақындармен қатар интеллектуалдық поэзияның негізін салушылардың бірі Мейірхан Ақдәулетұлының, шығармаларынан Ақтөбе өңірінде өсетін бүкіл өсімдіктің исі аңқитын, өлеңдері арқылы өңірдің идеологиясын жасап келе жатқан Ертай Ашықбаевтың, сыршыл да нәзік лирикасы бар Индира Өтемістің, өлеңдерін жариялауға асықпайтын Сәтжан Дәрібайдың есімдері күллі республика жұртшылығына таныс.

Біздің тағы бір мақтанышымыз — ардагерлеріміз. Мереке қарсаңында қарасақ, құдай көпсінбесін, отызға жуық қариямыз бар екен. Әр жылдарда газетте еңбек етіп, өз қолтаңбаларын қалдырған қарттарымыздың ақыл-кеңесі біз үшін өте қымбат.

Облыстық газеттің ұстаханасынан шыққан бір топ журналист өзге саланың шаруасын шырқ айналдырып жүр. Бұл да біз үшін — мақтаныш!

Сонау Шығыс Қазақстанның Қытаймен шекараласатын түкпіріндегі бір кеңшарда өз аулының қызын көріп: «Апыр-ай, қыз бен түйенің жүрмейтін жері жоқ екен ғой», — деп таңырқаған журналиске әлгі қарындасы: «…сосын журналистің», — деп жымиған көрінеді. Сол айтпақшы, ел қамын ойлап, ақпарат  аңдып жүретін тілші қауымның «жүрмейтін жері жоқ». Облыстың қай түкпіріне барсаң да, «біздің ауылға пәлен жылы түгенше деген журналист келіп кеткен. Соның мынадай шарапаты тиді» дегенді мақтанышпен айтқанда, бір марқайып қаласың.

Шерағаң, Шерхан Мұртазаның, бірде журналистік кәсіпті «арқалағаны алтын, жегені жантақ» түйеге теңегені бар. Бұл теңеу, әсіресе, қазақ журналистеріне келеді. Өздері аш құрсақ жүрсе де қазақ мемлекетінің іргетасының мықтап қалануы, ұлт жоғының түгенделуі жолында қыруар шаруа тындырған қазақ журналистері, Мұхтар Мағауиннің тілімен айтсақ, бұл мәселеде жазушылардан көш ілгері кетті. Сол журналистердің қатарында біздің газеттің арғы-бергі тарихындағы қызметкерлері де бар деп есептейміз.

Соңғы жылдарда Ақтөбе өңірінің экономикасында да, мәдени-рухани өмірінде де күрт бетбұрыс, соны сілкініс бар. Соның бәріне мұрындық болып отырған облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың журналистерге деген ықыласының дұрыстығы қуантады. Мұны облыстағы журналистердің бәрі сезініп жүр.

85 жылдық мерейтой облыс аумағында жыл басынан бері аталып келеді. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен кітапханаларда, мекемелерде, аудандарда мерекелік шаралар өтті. Осы шараларды ұйымдастырған азаматтардың  бәріне алғысымызды айтамыз.

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы «Ақтөбе» газетінің тарихын 85 жылдық «өмірбаянын» бейнелейтін 40 минуттық телефильм түсіріп, үлкен сый жасап отыр. Әріптестерімізге деген ризашылығымыз шексіз.

Журналистік мамандық ең қауіпті мамандық саналады екен. Шынында да, журналистердің жүйкесіне түсетін салмақ көп. Сол салмақ бірталай әріптестерімізді арамыздан ерте алып кетті. Солардың һәм бұрын «Ақтөбе» газетінде еңбек етіп, бүгінде бақилық болған барлық аға-апаларымыздың пейіште нұры шалқығай деп тілейміз.

Газеттің тойы — біздің ардагерлеріміз бен қазіргі ұжымның ғана емес, барлық оқырмандардың, күллі облыс жұртшылығының ортақ мерекесі. Сол ортақ мерекеміз құтты болсын!

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. «Актобеліктер» мерекелериниз кутты болсын. Мейрхан агай, Бауыржан агай, Сатжан агай, Индира апай жане кыздар шыгармашылык табыска жете бериниздер. «Актобенін» тарихын іздегендер ушин оте таптырмайтын макала екен. Бауыржан агай, сизге рахмет, тарихты тугендегениниз ушин. Кун сайын «Актобе» газетинин сайтын жибермей караймын. Сиздерди коргениме куаныштымын.
    Салемнен ески ариптестериниз Лаззат Отепова.

  2. Ассаламу галейкум!!! Мақалаңыз ұнады. Тағы да тереңәрек Ақтөбенің ХХ ғасыодың 20-40 жылдарындағы тарихын, сол жылдардағы қала халқының тарихын қарастырып мақалалар жарыққа шықса екен. Бұрынғы Ақтөбе қаласы тұрғыны Сайынов Дәурен.

  3. Сәлеметсіздерме? Мақалаңыз ұнады. Өтініш …Ақтөбенің ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы тарихи қала суреттері шыққанын көрген едім. Сол суреттерді қайта басылымға шығарсаңыздар… Қаламыздың бұрынғы тарихи суреттерінен «студенттік жобаға» алсам деген ойым бар еді….Алдын ала көп рахмет. Жауаптарыңызды күтем…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button