АуылӘлеумет

Алматыдағы асхана тек қана ырғыздың етін алдыртпақ

Кәсіпкерлік

 Ырғыз ауданында жылқы шаруашылығын жандандырып отырған азаматтардың бірі — Сәкен Сүйеубаев. «Есбол» шаруа қожалығын құрып,  жылқыны мыңға жеткізген азамат ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтып отыр. Қазір қожалықта бие сауылып, қымыз ашытылады. Күзде жылқыны семіртіп, сатады. Еңбекқор азамат осылайша кәсібінің берекетін көруде.  

Сәкен Сүйеубаев мал шаруашылығымен 2004 жылдан бастап айналысыпты. Сол жылы Кеңкияқта «Нұрбол» шаруа қожалығын құрып, төрт түлік малдың басын  көбейтуді ойлайды. Алайда Мұғалжар өңірі мұнайлы аймақ болғандықтан, жайылым жердің тапшылығы кәсіпті кеңейтуге мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, 2009 жылы отбасымен Ырғызға көшіп келеді. Келер жылы Қызылжар округінен алпыс мың гектар жер алып, «Есбол» шаруашылығын құрады. Округке қарасты Төре түскен жайлауының басынан үй салып, малшы мен жұмысшыларға бар жағдайды жасайды. Бүгінде қожалықта 15 адам еңбек етеді, оларға тәуір жалақы төленеді.  Мәселен, жылқышылар ай сайын жүз мың теңге алады. Биыл жазда Сәкен өз қаржысына жеті шақырым жердегі көрші қожалықтан электр желісін тартып алыпты. Қазір шалғайдағы ауылда электр қуатына ұялы байланыс та қосылды. Осындай тірліктің арқасында мал басы да көбейіп келеді.  Қазір қожалықта 1000-ға жуық жылқы, 15 сиыр, 400-ге жуық қой мен 150 ешкі бар.

— Малдың өрісі кең, жайылым жердің шөбі шүйгін. Төрт түлікті көбейтемін деген азаматтарға ешқандай кедергі жоқ. Дегенмен, су тапшы. Мың жылқыны жазда суару қиын. Былтыр мемлекеттің көмегімен «Базис групп» мекемесі ұңғыма қазып,  82 метр тереңдіктен су шығарып берді. Бір сағатта алты тоннаға дейін су өнеді. Бірақ бұл мың жылқыны суаруға  жетпейді. Биыл осы қиындықтан шығу үшін Қалалыкөл аумағынан сегіз мың гектар жер алдым. Сол маңдағы бөгетті бекітіп, су тапшылығынан құтылғым келеді. Осы мәселе шешілсе, жылқыны өсіремін. Қазір қолда бар жылқыны семіртіп, сатамын. Жазда жүз жылқыға  дейін сатсам, күзде соғымға дайындаймын. Менің негізгі тұтынушым — мұғалімдер. Күзде семіртіп, соғымның кезінде Ақтөбедегі таныстарым арқылы алушыларды жинап аламын да, жіліктеп таратып беремін. Семіз жылқының етін талап алады. Ырғыздан әкелінген десең, тіпті қуанып кетеді. Себебі Ақтөбе өңірінде Ырғыз бен Шалқардан әкелінетін мал етінің дәмі бөлек. Өйткені бұл аймақта мал шөптің тамырын әрі жүздеген түрін жейді. Сондықтан аса майлы болмаса да, еті дәмді болады. Ал  Әйтеке би, Қобда, Мәртөк секілді егінді аудандарда мал көктің ортасында жайылады, қанша жерден семіз болса да етте дәм болмайды. Жуырда Алматыдағы бір жолдасым «Қазақтың бешбармағы» деген тамақтану орталығын ашыпты. Маған хабарласып, тек қана Ырғыздың етін алдыртам деп отыр, — дейді Сәкен.

Жылқының бағасы нарыққа байланысты өзгеріп отырады. Бордақыланған жылқы болмаса, далада жүрген малды өз бағасына өткізе алмайсың. Малды, оның ішінде жылқыны ұры-қарыдан қорғау, бағу, семірту оңай емес.

Кейде өз құнынан арзанға өтіп жатқанда қынжылып қалатыным рас. Бірақ  әр істің берекесін тілеймін. Түскен ақшаны жұмысшыларымның еңбекақысына, отбасым мен балаларымның қажетіне, өзге де шаруашылықтарға жұмсаймын. Мәселен, мен жылына 15  миллион теңгені тек қана жұмысшылардың еңбекақысына шығарып отырамын. Малдан өзге табыс көзі жоқ қожалыққа бұндай қаржыны табу оңайға түспейді, — дейді Сәкен Сүйеубаев.

Осыдан екі жыл бұрын Сәкен малды бордақылау мәселесін айтып, қала маңынан жер сұраған. Аз уақыт ішінде мәселе шешіліп, Ақтөбенің іргесінен 11 гектар жер берілген. Сәкен қаржы табылса, осы жерге мал бордақылау алаңын салмақ. Күзде жылқыны алаңға әкеліп, бордақылап сатуға шығарса, бұрынғыдай қиналмас еді. Себебі қазір семіз жылқыларды  500 шақырым жерден қалаға әкеліп жүр. Жылқы өзге түлікке қарағанда тез арықтайды. Сәл күйі тайса, қабырғасы көрініп, төккен тер мен еңбек далаға кетеді. Ал бордақылау алаңы салынса, малды соңғы сәтінде қала маңында семіртіп, өткізе беруге болады. Бірақ істі бастап кетуге қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр.

— Жоба бойынша алаңның құны — 35 миллион теңге. Бұндай қаржыны несиеге алуға жүрексінетінім анық әрі өзім дін жолындағы адам болғандықтан, өсіммен ақшалай несие алуға құлықты емеспін. Сонымен бірге несие алу үшін кепілге қоятын мүлік болу керек. Бұндай үлкен қаржыға қарапайым шаруаның қаладағы үйі өтпейді, — дейді қожалық басшысы.

Сәкен «Қазақ болған соң ат жақсысын ұстаймын» дейді. Аудан көлемінде ұйымдастырылатын бәйгелерде Сәкеннің жүйрігі озып жүр. Бірақ атбегі болмағаннан кейін, ірі жарыстарға шығара алмайды.

Сондай-ақ қазір қолдағы 11 биені сауып отыр. Алдағы уақытта сауын биелердің санын отызға жеткізбек.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button