Денсаулық

Кітапханашылар қан тапсырды

14 маусым — Донор күніне орай және  лаңкестік әрекеттерден жарақаттанған  тұрғындарға көмектесу үшін С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері  «Менің қаным өзгелерге өмір сыйлайды» ұранымен қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Кітапхананың отыз қызметкері бір апта бойы облыстық қан орталығына барып, қан тапсырды. Кітапхананың бөлім меңгерушісі Бақтыгүл Бақытжанқызы:

— Өзім тұрақты түрде қан тапсырып тұрамын. Кітапханада өтетін акциядан қалмаймын. Жалпы қан тапсыру көп уақыт пен үлкен күш-жігерді қажет етпейді. Егер денің сау, ағзадағы қан мөлшері жеткілікті болса, қан тапсырғанның артықтығы жоқ. Кітапханада бұл шара жыл сайын өткізіледі. Бұл жолы ұжым ерекше белсенділік танытты. Өйткені қаладағы қайғылы оқиға бәрімізді алаңдатты, жаралы жандарға аз да болса көмектескіміз келді, — дейді.

Дәрігерлердің айтуынша, қан тапсыру кезінде  адамның қан жасушалары жаңарады. Сондықтан денсаулығы мықты адам қан тапсырып тұрса, артықтық етпейді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button