Ауыл

Ұстаздар есеп берген күн

Соңғы уақытта қай сала мамандары болмасын өздерінің атқарған жұмыстарын халық алдында есеппен дәлелдейтін болып жүр. Өткен сенбіде Қарғалы аудандық Мәдениет үйінде есебін әнмен әрлеген аудандық өнер мектебі мұғалімдерінің есептік кеші өтті.  

Тәуелсіздік алғалы өнер саласындағы ұстаздардың үлкен сахнада алғаш шырқап өнер көрсетуінің де бастамасы жаман емес. Аудандық Мәдениет үйінің кіреберісіне мектеп мұғалімдерінің, шәкірттерінің қылқаламынан шыққан туындылары көздің жауын алады. Мектеп директоры Анара Құмарова шәкірттерінің туындысын қонақтарға таныстыра жүре, Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан келген қонақтардың балалар еңбегіне жоғары баға бергенінде мақтанышпен жеткізді. Сахна шымылдығы ашылған сәтте ауданға белгілі өнер саласында өзіндік орны бар Кәмшат Нуркаеваның жетекшілігімен «Кербез» бишілер тобы мың бұрала билеп, өнер көрсетті.

— Мақсатымыз мектеп ауласынан жазғы өнер алаңын салу болатын, мұғалімдер қауымы жиылып, қолдау көрсетті. Осы өткізіліп отырған есептік өнерден түскен қаржыны да қосамыз. «Көп түкірсе көл» деген, көмек беремін деушілер болса құба-құп, алдын ала алғысымызды білдіреміз, —  деп сөзін аяқтаған басшы Анара Құмароваға ұстаздар қауымы гүл шоқтарын ұсынып, игі істің ұйытқысы болғаны үшін алғыстарын жеткізді.

Мектеп мұғалімдері шәкірттеріне берген білімдерін өнермен өрнектеп, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Марал Делмуханбетова, Балсұлу Есенаманова, Әсемгүл Аманбаева, Айнұр Қосанова, Зарина Ермұханова, Бағдат Шанбаев, Ербол Жұматаевтар шырқаған әнге көрермендер қол соға бағасын да бере отырды. Ауданға танымал өнерпаз Нұрдәулет Қуандықұлы шырқаған әндер де кештің ажарын аша түсті. Татьяна Реймер, Людмила Кузенко, Жанар Құмарова, Бағдат Шамбав, Әсемгүл Аманбаева, Марал Делмұханбетовалар триосы орындаған әндер де көрерменнің көңілінен шықты.

Жуықта ғана жарыққа шығып, сиясы кеппеген «Қарғалы құшағындағы өлең» жыр жинағының қос авторы Жомарт Баймұхан мен Шапағат Аманжолдың алғаш туындысын біреу білсе, біреу білмес. Сол алғаш туындының бір авторы Жомарт Баймұхан — атаулы мектептің мұғалімі, қос жырын төкпелеп орындап, арқалы ақынның кейпін танытты. Есептік кеште өнер мектебінің мұғалімдері өздері тебірене орындаған «Аманат» әніндегідей, ата-аналардың балаларын өнерге баулитынына сеніп, жас ұрпаққа қолөнерімізді аманаттап тапсыруға болатындығын білді деуге де болатындай.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button