Әлеумет

Ақтөбеде жұмыссыздар көбейген жоқ!

Дағдарыстың әсерінен  әлем елдеріндегі жұмыссыздардың саны артты. Күн өткен сайын жұмыссыз  азаматтардың қатары өсіп барады. Мәселен, жуырда  АҚШ-та 70 мың адам кәсібінен айрылған. Мамандар дағдарыстың салқыны жұмыссыздардың  санын әлі де өсіре түсетінін айтады.

Жалпы, әлем дағдарыстан шығудың амалын қарастыруда.  Бұл тұрғыда біздің еліміз де бірқатар шараларды қолға алды. Шетелдердегідей жаппай жұмыссыздық бізде жоқ. Ал «Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ бастығы Нәйлә Бөртебаева облыстағы игі бастамалардың арқасында жұмыссыздық деңгейінің тұрақты екенін айтты. Осы орайда Нәйлә Хасенқызымен тілдескенбіз.

– Дағдарыстың әсерінен  жұмыссыздықтың саны қаншалықты өсті?

– Жалпы, қазіргі таңда жұмыспен қамту бөлімінде  жұмыссыз 955 адам тіркеуде тұр. Өткен жылмен салыстырғанда бес адамға аз. Ал әзірге жұмыссыздар санының көбеюіне дағдарыстың әсері байқалмайды Өйткені біздің өңірдегі мекемелер жаппай қысқартуларға жол беріп отырған жоқ. Сондықтан бүгінгі күні  облыстағы ахуал бір қалыпты. Біздің тарапымыздан бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Қала әкімшілігінің басқаруымен дағдарыстың алдын алу және экономикалық тұрақтылықты сақтау бойынша штаб мүшелері бекітілді. Штаб құрамында мемлекеттік қызметкерлер, жұмыс берушілер, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері бар.

– Дегенмен дағдарыстың жұмыс берушілерге әсер етіп отырғаны  анық. Осыған байланысты мекемелерден түсетін сұраныс та азайған болар?

– Әрине, бұрын айына отызға жуық мекемеден сұраныс келетін болса, қазір олардың саны едәуір азайды. Дегенмен сұраныс жіберетін мекемелер жоқ емес. Негізінен сұраныстар арнайы мамандықтар бойынша түседі. Оның ішінде ер адамдарға электрик, сантехник, дәнекерлеуші мамандықтары болса, әйел адамдарға аспазшы, дүкенші, сатушы секілді жұмыстар ұсынылады. Мәселен, қазіргі таңда Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжіне электрик қажет болса, «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Д» категориялы жүргізушілерге сұраныс жіберген.

Сондай-ақ, мұнай саласы бойынша да сұраныс басым. Қаладағы «ТрейдИнтерКом» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі вахталық әдіс арқылы жұмыс жасайтын азаматтарға сұраныс жіберсе, Атырау облысындағы мұнай компанияларына құрылыс-монтаж саласы бойынша жұмысшылар қажет екен. Мәселен, «Сичим» және «Ариадна» компаниялары наурыз айының бірінен бастап арнайы мамандығы бар азаматтарды вахталық әдіспен жұмысқа шақырады. Оның ішінде кран жүргізуші, жүкші, өзге де жұмыс орындары бар. Біз тіркеуде тұрған азаматтарды мамандығына байланысты іріктеп, қажетті түйіндемелерді электронды пошта арқылы жібердік. Қазіргі күні жауап күтіп отырмыз. Егер азаматтарды қабылдауға келісім берсе, олар Атыраудың Қарабатан мұнай кенішінде жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, қазір қалада көлік жүргізуді үйрететін орталықтар  жиі ашылып жатыр. Оларға автомеханика бойынша сабақ беретін мамандар қажет. Қазір біздегі азаматтардың бірқатары осы орталықтарда жұмыс істейді.

Өткен жылы 5854 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Оның 175-і әйелдер, 1237 адам – 16-24 жасқа дейінгі жастар.

– Алайда кейбір мекемелердің сұранысты жіберуге аса құлшыныс танытпайтыны белгілі. Осы тұрғыда қиындықтар кездеспей ме?

– Біз қаладағы барлық жұмыс беруші орындармен байланыс жасаймыз. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның 9-тармағы бойынша мекемелер мен кәсіпорындар бос жұмыс орындары туралы ақпаратты үш күн ішінде біздің бөлімге хабарлауы тиіс. Бірақ аталған заңның талаптарын  орындайтын мекемелер аз. Ал орындайтын мекемелердің қоятын талаптары тағы бар. Олар: жас және жыныс шектеулері, кәсіби біліктілігі, еңбек тәжірибесінің 3-5 жылдан кем болмауы, жаңа технологияларды білуі, т.б. Сондықтан жасы қырықтан асқан әйелдер мен  тәжірибесі жоқ жастар жұмысқа орналасу кезінде қиындықтарға тап келеді. Сондай-ақ, жастардың басым бөлігі қаржыгер, заңгер, есепші мамандықтарын таңдайды. Ал еңбек нарығында бұл мамандықтарға сұраныс өте аз.

Биыл біздің мамандар қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындарына  сараптама жүргізді. Нәтижесінде жұмыс істеуге ниет білдірген 5600 түлектің екі мыңға жуығы білім ордасын қаржыгер, есепші, салық және банк істері мамандықтары бойынша аяқтағалы отыр.  Ал бізге келген жастардың бірқатары басқа мамандықты игеруді жөн санап, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби даярлау курстарына барады.

– Мекемеде азаматтардың тұрақты жұмысқа тұрып кетуі үшін қандай шаралар жүргізіледі?

– Азаматтар тұрақты жұмысқа тұрып кетуі үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін жиі өткіземіз. Бұл да жұмыссыздық санын азайтуға өз септігін тигізуде. Жәрмеңке кезінде азаматтардың  отыз пайызы жұмысқа тұрып кетеді. Сондай-ақ, мекемедегі барлық бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат беріледі. Қысқа мерзімді кәсіби даярлау курстарының кестесімен таныстырамыз. Уақытша қоғамдық жұмыстарға орналастырамыз.

Сонымен қатар ұзақ уақыт жұмыс жасамаған немесе жұмысқа орналасуда қиындықтар туындайтын және психологиялық көмекті қажет ететін жандарға көмек беретін арнайы «Жұмыс іздеу клубы» бар. Аталған клуб қаладағы әйелдерді қолдау орталығы және  «Үміт» дағдарыс орталығымен бірігіп түрлі кеңестер өткізеді. Бұндай жиындарда азаматтардың жас айырмашылықтары  ескеріледі. Сондай-ақ, әлеуметтік қорғауды талап ететін, яғни жалғыз басты, көп балалы аналар, мүгедектер және қамау орындарынан келген азаматтар мен 21 жасқа дейінгі жастарға біз бірінші кезекте жұмыс тауып беруге тиістіміз. Мәселен, өткен жылы қамау орнынан келген бес азаматтың үшеуі кәсіби даярлау курстарына жіберіліп, екеуі жұмысқа орналасып кетті. Ал «Табыс-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бір мүгедек азамат диспетчер болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда 36 мүгедек тіркеуде тұр.

Жалпы, жылына жүз адамды әлеуметтік жұмыс орындарына, яғни оларға аса қиындық тудырмайтын жерлерге жұмысқа орналастырамыз. Сондай-ақ, олардың еңбекақысының жартысын жергілікті бюджет төлейді. Бүгінгі күні әлеуметтік қорғауды талап ететін жандардың жұмысына жергілікті бюджет 56 миллион теңге бөлді. Оның ішінде қоғамдық жұмысқа, жастар тәжірибесіне, т.б салаларға бөлінетін қаржы бар. Егер бөлінген қаржы жетпесе, жергілікті әкімшілік қаржы көздерін қарастырады. Жалпы, бұл тұрғыда қиындық жоқ.

– Ал қазір жұмыссыздықты болдырмау мақсатында қандай шаралар жүргізіледі?

– Жұмыссыздықты болдырмау мақсатында қазір қаладағы барлық мекемелерге арнайы хат жіберудеміз. Егер мекемеде қысқарту, толық емес жұмыс күніне ауыстыру, еңбекақының төленбеуі туралы мәліметтер болса, біздің мекемеге белгіленген нұсқа бойынша ақпарат беруі тиіс. Дағдарысты сылтау етіп, азаматтарды жөнсіз жұмыстан босатуға жол берілмейді. Егер әлгіндей жағдай орын алатын болса, жұмыстан босатылатын адам ескерту қағазын бір ай бұрын алуы тиіс. Сондай-ақ, олар өз құқықтарын қорғап, өз еркімен жұмыстан босатылуы туралы өтініш бермеуі керек.  Ал жұмыссыз қалған жағдайда біздің мекемеге келіп тіркеледі.

Сондай-ақ, жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында облыстық әкімшілік пен кәсіпкерлер одағы және кәсіпорындар арасындағы арнайы меморандум да өз нәтижесін беруде.  Қазіргі таңда жүзге жуық мекемелермен арнайы келісімге қол қойылды.

– Жұмыстан босаған азаматтарға қандай кеңес бересіз?

– Жұмыссыз қалған жағдайда қорқып, үрейленудің қажеті жоқ. Алдымен біздің мекемеге тіркеліп, жұмыссыздығы туралы анықтама қағаз алуы қажет. Осыдан кейін қалалық зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтан өздеріне тиесілі жалақысын алады.

Біз мүмкіндігімізше азаматтарға жұмыс тауып береміз. Кәсіби даярлау курстарына жібереміз. Бұнда олар ақысыз түрде оқиды. Және олардың жүріп-тұруы үшін 2536 теңге шәкіртақы төленеді. Сондай-ақ, азаматтардың әлеуметтік жағдайына байланысты коммуналдық жеңілдіктер бар.

Біздің мекен-жайымыз ағайынды Жұбановтар көшесі, 289 «а», байланыс телефонымыз: 51-22-49, 51-68-80, 51-87-43,

факс: 51-22-81.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button