Басты жаңалықтар

Біздің ардагерлер

Облыстық газет редакциясында әрқайсысы 30-40 жыл еңбек еткен, өз уақытында сан мыңдаған оқырмандардың алғысына бөленген ардагерлерімізге біз мерейтойға орай хабарласқан едік: естеліктер сұрадық, газетіміздің бүгінгі бет-келбеті жөнінде пікірлерін білдік, ақ тілектерін есіттік…

Төребек Досқалиев:

— Облыстық газетте қырық жыл бойы табан аудармай еңбек еттім. Барлық тақырыпқа жаздым, көп жаздым. Алғысты да көп алдым. Ал кейде, өмір болған соң, ойға сыймайтын жайттар да кездесіп жатады: бір жолы көп жазғаным үшін сыналып, жиналысқа түскенім есімде. Сонда Смағұл Мұқашев ағамыз: «Көп жазу — журналистің міні емес, керісінше, ең жақсы қасиеті» — деп бір ауыз сөзімен мені «аман» алып қалып еді. Смағұл Мұқашев, Хасен Наурызбаев сынды асқар таудай ағаларымызды көрдік, солардан үйрендік. Ұзақ жылдар бойы газетімізге басшылық еткен Нұрқайыр Телеуовті мықты публицист ретінде де таныдық. Меншікті тілші болып Қарабұтақта жүргенімде, газет бетінен Н. Әділетов дегеннің ойлы мақалаларын оқитынмын. Новоресей ауданынан деп мекен-жайы көрсетіледі. «Осындай мықтының шет ауданда жүргені қалай?» — деп таңғаламын. Кейін білдім — ол редактор Телеуовтің псевдонимі екен. Соның бәрі де енді — өткен күн… Ал қырық жыл бойы жазғанымды жинап қойдым. Қарасам — қалың-қалың төрт кітап мол шығады екен. Қаржының реті келсе, әрине, кітап қылып шығарып та алар едім: қаншама адамдардың тағдыры, өткен жылдардың, ел өмірінің шежіресі ғой.

Қазір — «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын. Аманғос Орынғалиев, Амангелді Смағұлов, Нұрмұхаммед Дияров сынды бірге жұмыс істеген, редакция өмірінің ыстық-суығын бөліскен әріптестерімнің мақалаларын іздеп отырып, алдымен оқимын. Олардың әр жақсы дүниесіне нақ бір өзім жазғандай қуанып қаламын. Жастардың қарқыны да қуантады. Мейрамгүл Сатаева деген қаламы ұшқыр журналист қызымның жазғандарын да іздеп оқитынмын, қазір әкімдікке жауапты жұмысқа кетіпті. Барлығыңа да шығармашылық табыс тілеймін.

Төлеміс Меңдіғали:

— Облыстық газетке 1970 жылдардың басында орналасқан едім, содан 1999 жылы сол жерден зейнеттік демалысқа шыққан жанмын. Отыз жылға жуық уақыт екен. Мына мереке тұсында: «сол жылдар ішіндегі барлық нөмірлерде ізіміз қалыпты-ау» — деп ойлап қоямын. Әрине, бір керемет іс тындырыппыз дегелі отырған жоқпын, тек өз міндетімізді адал атқаруға тырыстық. Мен, негізінен, экономикалық тақырыптарға жаздым. 1990 жылдардың басында бұрынғы жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көштік. Кейін жекешелендіру басталды. Жұрт ненің не екенін түсіне алмай жатқан сол тұста көбірек ізденіп, тер төгуге тура келгені есімде. Мысалы, кеңшар таратылғанда үлеске екі трактор алған адам оны әрі қарай қалай пайдаға асырады, жаңа істі қалай бастайды? Осындай сауалдар көп, салық, басқа да мәселелер бар — ауылдағы жұрт бізден көмек сұрап, редакцияға ағылып келіп жататын. Ауыл шаруашылығы, салық басқарламаларымен бірлесе отырып, оларға барынша бағыт-бағдар беруге тырыстық. Осы мәселелерге байланысты «Фермерге хат», «Академикке хат», т.б. айдарлар аштық. Әр күніміз қызу еңбекке толы өтті . Енді бүгінде — газеттің әр нөмірін жібермей оқитын оқырманымын. Қазір газетімізді кілең ақындар басқарып отыр, содан болар «Ақтөбеден» ақынға тән мінез, ойлылық сезінемін. Мен, негізінен, танымдық-философиялық тақырыпта жазылған мақалаларды іздеп оқимын. Ал бұл жағынан «Ақтөбе» газеті оқырманын ренжітпейді, тың дүниелер жариялап тұрады. Алда да солай болғай.

Газетіміз әр оқырманның ойынан шыға берсін деймін…

Нұхсан Қартбаев:

— Облысымыздағы күллі қалам ұстағандардың ұстаханасы мен қарашаңырағы болған газеттің мерейтойы —баршамызға ортақ, құшақ жая қарсы алатын жарқын мереке. Редакцияның бұрынғы қызметкері, қазіргі тұрақты оқырманы ретінде еске алатын елеулі сәттер баршылық.

Алла маған газеттің сонау 50 жылдық белесінен бергі жылдарға, аталы күндеріне куә болуға жазыпты.

Мен өз басым, редакцияда қызметтес болған аға буын өкілдерінен екі нәрсе үйреніп, бойыма тұмар етіп тақтым. Біріншісі темірдей тәртіп, Сталин шынықтырған тапжылмай жұмыс істеу қалпы. Олар ертеңгілік біз жұмысқа келгенде алдымыздан қарсы алып, сағат кешкі алтыны соққанда әлі орындарында тапжылмай отырар еді. Екіншісі, олар білмеген нәрсені бір-бірінен сұрауға арланбайтын. Қате жіберіп алғанды өлім санайтын. Ағаларымыз шетінен көсем сөздің ұстасы, жас тілшілердің ұстазы бола білген жандар еді ғой.

Біз қиындығы мен қызығы қат-қабат, өнімі аз, ауыр жылдарда еңбек еттік. Партия мен литоның бақылауында, шектеулі шеңберде, қасаң қалыптың құрсауында болдық. Мен бұл арада ой еркіндігі мен сөз бостандығы туралы айтып отырмын. Әлі есімде, менің «Алыстан жеткен сарын» деген мақалам басуға батылсыздықтың кесірінен секретариаттың тартпасында 93 күн сарылып, сүрленіп жатты.

Редакциядағы журналистердің бүгінгі буыны бақытты ғой деп ойлаймын. Неге десеңіз, олар нені жазамын, қалай жазамын десе де ерікті. Өйткені кең көсіліп, желпініп жазатын күн туды.

Бүгінгідей жарқын да қуанышты күндер көп болғай!

Әбдікамал Амандықов:

— Менің бүкіл саналы ғұмырым осы облыстық газетте өтті. Мені тәрбиелеген, өмірдің қызық-шыжығын бөліскен ортам — сол облыстық газеттің редакциясы. Әріптестерімнің қай-қайсысы да мен үшін қымбат, дегенмен мерейтойлық нөмірде солардың арасынан ең ыстық, көңілімде өшпес із қалдырған үш адамды ерекше атап өткім келеді. Бірінші — өзіме ұстаз болған Хасен Наурызбаев ағамыз. Білімді, мінезі де ерекше адам болатын. Одан үйренгенім көп. Ресми қағаздардағы білімі туралы дерек көрсетілетін тұста «өз бетімен оқыған» деген жазу тұрушы еді. Өз тұстасым — талантты журналист Әкімжан Оралбаевтан да үйренгеніміз көп. Өкінішке орай, ол өмірден ерте кетті. Ойлы адам болатын. Редакциямыздың мықты шахматшысы да еді. Ал облыстық газет редакциясын 27 жыл бойы басқарған Нұрқайыр Телеуов есімін әрдайым үлкен ризашылықпен атаймыз. Оның қасиеті — ешкімді алаламайтын, сол 27 жыл ішінде қарауындағы жандардың кез келген бірінің кемшілік-қателігін жұрт көзінше түртпектеп айтып, еңсесін түсіргенін мүлде көрмеппіз, нені де оңашада, жұмсақ жеткізіп, әр адаммен тіл табысып жұмыс істей білетін. Оның тұсында газетіміз үш дүркін бүкілодақтық көрме жеңімпазы атанғаны да есімде қалды.

Әрине, қазір өмір өзгерді. Газет те жаңарды. Ел шежіресі болып табылатын облыстық газеттің мерейтойы — бүкіл жұртқа ортақ мереке. Оқырмандарыңыз күннен-күнге көбейе берсін!

Кәдірбай Бекмағанбетов:

— Облыстық газет — менің туған үйім. Туған үйім демей не дейін — ол жерде 41 жыл еңбек еттім. Біздің кезімізде журналистерден ең алдымен партияға қызмет ету талап етілетін. Әлі есімде, облыс басшылығы ауысып, бірінші хатшы болып келген Василий Андреевич Ливенцов жаңа қызметіне кіріскен күннің ертеңіне облыстық газет журналистерін жинап алды. Өзі қазақша жақсы сөйлейтін. «Кімнің арбасына мінсең, соның әнін айтасың» — деп мақалдатып тұрып бастап, басты міндетіміз — «партияның үстемдігі, мерейі үшін аянбай еңбек ету» екенін әбден түсіндірді. Бірақ соның өзінде де, (облыстық газетіміздің сарғайған көне нөмірлерін ақтарған кез келген адам бұған көз жеткізе алады), біз алдымен халықтың мүддесін көздедік, әрдайым халық болып сөйледік. Биыл 85 жылдық мерейтойға орай аудандарға барғанымызда да, көнекөз оқырмандар соны айтып, кейбір мақалаларымызды әлі күнге дейін ұмытпағандарын жеткізіп жатты. Қуанып, толқып қалдым.  Енді бүгін журналистерге тек қана ел мерейі, халық мерейі үшін алаңсыз жұмыс істейтін күн туды. Сол жұмыстарыңыз жемісті болғай!

Зейнолла Құлжанов:

— ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіргенімменен, ауылдан ұзап кетпедім, мектепке мұғалім болып орналастым. Себебі қарт анам бар еді. «Журналист боламын деп, қартайған шағында анамды қайда қаңғытамын?» — деген ой ғой мені ұстаған. Сөйтіп, риза болайын-болмайын, басқа ешқайда мойын бұрмастан, ауылда мұғалім болып жүріп жаттым. Ауылым — Темір ауданында, сол кездегі Шевченко атындағы колхоз. Бір күні — қыс кезі еді — бізге ат шанамен Тобық Жармағамбетов жетіп келсін. «Әй, сен не ойлап жүрсің? Ауылда мүлде қалмақ түрің бар ғой? Әңгімені қой, Ақтөбеге жүресің, бізге журналистер керек», — деп, әй-шайға қаратпады, облыстық телерадиокомитет құрылып жатыр екен, телеарнаға жұмысқа орналасасың деп, алды да кетті. Бірақ маған теледидар жұмысы ұнаған жоқ. Газетке кеткім келді де тұрды. Ақыры обкомның рұқсатымен газетке ауыстым ғой. Мұнда келген соң, анау-мынау емес, фельетонға жармастым. Жазғандарыма «Кекенасыр» деп қол қоямын. Сол бүркеншек атым біраз жерге жеткен секілді. Орыс газетінде Николай Хан көп жазушы еді сынды. Екеуіміз үнемі айқай-шудың ортасында жүрдік. Бірақ сол айқай-шуға денсаулығым шыдамаған соң, кейін темір жол газетіне ауысуға тура келді.

Қашан да ел-жұрттың көрер көзі, естір құлағы болып келе жатқан газеттің мерейтойы — үлкен оқиға. Құтты болсын деймін. «Ақтөбенің» әр нөмірінде оқырманды қуантып, қанаттандырып жүріңіздер.

Сағымбай Сембаев:

— «Ақтөбе» — менің өз газетім. Ұзақ жылдар газеттің хат бөлімін басқардым. Бүгінгідей басылым көбейген, телеарна көбейген заманда да, оқырмандар үшін бұл газеттің орны бөлек екеніне дау жоқ. Газет ұжымына әрдайым тілектес жандардың бірімін. «Ақтөбенің» тарихы ғасырлармен өлшенсін!

Ұзақбай Төлебаев:

— Облыстық газетте ұзақ жылдар бойы жауапты хатшының орынбасары, кейін жауапты хатшы болып істедім. Атынан көрініп тұрғандай, газетте орны бөлек, үлкен жауапкершілікті талап ететін қызметтер. Өз ісімізге барынша беріліп еңбек еттік. Қиын күндер де болды. Әсіресе, 1990 жылдардың екінші жартысы біздің ұжымға оңай соққан жоқ. Айлап жалақы берілмейтін, барлық жерлерде қысқартулар жүріп жатқан кез ғой. Жазу-сызуға қоса, газет таратумен, жарнама іздеумен де айналысып, тыным таппадық. 1997-1998 жылдардың шамасы болар, жарнама арқылы газет есепшотына  6-7 миллион теңге қаржы түсіріп, «біздің асыраушымыз» деген ат алғаным есімде. Ал енді бір тұста журналистер басқа жұмыстарға ауысып кетіп, адам жетпей, материал жетпей де қиналдық. Материал жетпесе ең алдымен азапқа түсетін — жауапты хатшы. Бірақ қанша қиналсақ та, газет жұмысы әрдайым ыстық. Қазір зейнеттік демалыста болсам да, мұғалімдер арасында тарайтын «Ұстаз» газетін басқарып жүрмін.

Бүгінде «Ақтөбе» мүлде өзгерген. Жаңарған, бүгінгі заманға сай газетке айналған. Осыны мақтаныш етеміз. Қашан да биіктен көрініңіздер!

Әзірлеген Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button