Басты жаңалықтар

Мен газетке қалай келдім?

Міне, өзіміздің төл газетіміз «Ақтөбе» 85 жасқа толды. Журналист болмасам да, осы газеттің қызметкері ретінде өз пікірімді, ой-толғанысымды білдіргім келді.

Бала кезімде журналист болсам деп армандайтынмын. Үйге келген газеттерді үзбей оқып, елге танымал журналист аға-апалардың шығармашылығымен танысатынмын. Ол кезде елдің жай-күйі қазіргідей жақсы емес. Кеңшар тарап, ауылдың барлық мал-мүлкі бөлінген уақыт. Малдың құны түсіп, киімге, азық-түлікке айырбасталды. Ауылда жарық жоқ. Ұмытпасам, 1995 жылдың күзінен 1996 жылдың көктеміне дейін Ойыл ауданы Сарбие аулында жарық болмады. Осындай қиын шақтарда да біздің ауыл «Ақтөбе» газетінен қол үзген емес. Біз Аманқос Орынғалиев, Ертай Ашықбаев, Алмат Пангереев, Сатыбалды Сәуірбаев, Амангелді Смағұлов, Жанқабыл Қабақбаев, Нұрмұханбет Дияров, Ардақ Қонақбаева, Индира Өтемісова және марқұм Әлімбай Ізбайдың мақалаларын, әңгіме-өлеңдерін оқып сусындайтынбыз.  Қазіргідей теледидар, интернет деген ол кезде үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейді. Біз кешеуілдеп келген «Ақтөбеден» ел жаңалықтарын оқитынбыз.

Мектеп бітірген соң, қалаға оқуға келдім. Ол кезде Ақтөбеде журналистика бөлімі болған жоқ. Сол жылы мен оқуға түсе алмай келесі жылы экономист-қаржыгер мамандыгы бойынша жоғары оқу орнына түсіп, бітіріп шықтым. Қаламыздағы белгілі компьютер фирмасында бағдарламалар орнатып, сатып алушыларға тарату қызметінде еңбек еттім. Бірде облыстық әкімдікке 7-8 компьютерді жеткізіп, орналастыру маған жүктелді. Кейін білдім, бұл компьютерлер «Ақтөбе» газетінің 80 жылдық мерейтойына арналған тарту болып шықты. Дәл осы күні газеттің 80 жылдық тойы тойланып жатыр екен. Бұл компьютерлерге бағдарлама орнатып, желіге өткізіп бергеннен кейін, газеттің компьютер бөлімі жетекшісі Рауан Аминова менің осы жұмысқа келуіме ұсыныс жасады. Ол кезде газет редакторы — марқұм Әмір Оралбай. Бір аптадан кейін мен өзімнің үзбей оқитын газетіме компьютер маманы болып қызметке кірістім.

Міне, одан бері 5 жыл өтіпті. Қасиетті қара шаңырақта жұмыс жасап жатқандықтан, өзімді бақытты сезініп, әр ісіме жауапкершілікпен қараймын. Елімізге танымал М.Ақдәулетұлы, Б.Бабажанұлы, Е.Ашықбаев, Б.Кемал, С.Дәрібай, тәрізді ардақты ақын-жазушылармен, сатириктермен, газеттің корректоры С.Бисенов және фототілші Х.Раушановтармен қызмет ету мен үшін үлкен мақтаныш. Ал С.Аманғалиева, Н.Биданова, Р.Аминова, С.Бегіманов, М.Жаңабаева, А.Жұбаныш, Д.Сангулова және басқа әріптестерім менің туған бауырларым тәрізді.

Газет шығару оңай жұмыс емес, әрі бұл бірнеше адамның күшін қажет етеді. Материалдардың мазмұны мен суреті, орналасу тәртібі, безендірілуі бар. Біздің газеттің қызметкерлері бұл істерді белсенділікпен орындап жүр. Оған қалың оқырман куә. Жақында «Қазақстан-Ақтөбе» ұлттық телеарнасында «Ақтөбе» газетінің тарихы туралы деректі фильм көрсетілді. Айта кету керек, телеарна директоры Раукен Отыншин де бұрын біздің газетте қызмет етті. Фильмде газеттің құрылуы, компьютерде безендірілуі туралы айтылды. Соңғы 5 жыл ішінде компьютер бағдарламаларына көп өзгерістер енгізілді. Түсінікті болу үшін айтайын, «Windows 95, 98» кейін Windows XP бағдарламаларына көшірілді. Газетте қазақ тілінде харіп болмағандықтан, мүмкіндік азайды. Осындай қиын кезде газетке қазақша харіп дайындаған Рауан Аминованың орны бөлек екенін әріптестері жақсы біледі.

…Әр аптаның дүйсенбісі мен сәрсенбісінде газет қызметкерлері қарбаласып, қызу жұмыс жасайды. Әр қызметкердің өзіндік орны бар. Олардың барлығы газеттің сапалы шығуына ат салысады. «Ақтөбеде» өзіндік қолтаңбасы бар әріптестерімді мерейлі мерекелерімен құттықтаймын!

Мен осы газеттің қызметкері болғанымды мақтан етемін.

Аслан ОРЫНБАСАРҰЛЫ,

газет қызметкері.

Халыққа берері көп басылым

Зоя БІРАЛОВА, ардагер ұстаз:

— Мен 1965 жылдан бері «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын. Сол кездері әдістемелік оқулықтар жетіспейтін. Сондықтан басылым материалдарын жұмыста да пайдаланатынмын.

«Ақтөбе» газетінде жарияланған алғашқы материалым ақын Ілияс Жансүгіров туралы болатын. Мақаланың аты — «Асқақ дарын, асыл азамат» (20.05.1965 жыл). Педагогикалық училищеде дәріс беріп жүргенімде газет қызметкері (аты-жөні есімде қалмапты) ақын шығармашылығы туралы мақала жазуымды өтінді. Бұл газеттің қашан да өздеріне автор іздеп, оларды бауырына тарта білгендігінің бір көрінісі дер едім. Басылым сол дәстүрді әлі де жалғастырып келе жатыр.

Сол 1965 жылдан бастап ара-тұра ақын-жазушылар, баспадан шыққан жинақтар, т.б. жайында жазу әдетіме айналды. Содан бері елуге жуық материалым жарияланған екен. Олардың біразы тіл төңірегінде. «Ана тілін қастерлеу — азаматтық борышым». 1970 жылы жарық көрген мақалам осылай аталды. «Қазынаға иелігіміз қандай?» атты материалым (27.08.1998 жыл) үшін тіл туралы өткен облыстық байқауда жүлделі орынды иелендім.

Бұл газеттің Ақтөбе өңірінен шыққан талай ақын-жазушыларға ыстық ұя болғанын, әдебиетке деген ықыласын арттырғанын атап өткім келеді.

Жалпы, «Ақтөбе» газетінің облыс халқына берері мол. Мұнда барлық тақырып жан-жақты қамтылып жазылады. Тіпті, республикалық басылымдардан артық деуге де болады.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің ұжымын мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін.

***

Қол үзген кезім жоқ

Ат жалын тартып мінген шақтан қазақ тіліндегі облыстық газет серігім болды десем, артық айтпаспын. Әсіресе, кеңес-партия қызметінде болған жылдарымда бұл басылымға көп сүйендім. Ауыл-село тілшісі ретінде белсенді авторларының бірі болдым. Сол жылдардан бастап кешегі «Коммунизм жолы» (бүгінгі «Ақтөбе») газетінен қол үзген емеспін. Жылма-жыл жаздырып аламын, үнемі іздеп отыратын рухани азығыма айналды. Оның үстіне мен — біраздан бері Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктің шырақшысымын. Әлияның туған жерінде мұражайын жасақтадым. Екі батыр қыздың да ерлік жолдарын зерттеп, жәдігерлерін, өмір деректерін жинақтадым. Газет бетіне әр жылдарда мақалалар жаздым. Осындай елдік маңызы бар істе облыстық газеттің шығармашылық ұжымы маған үлкен қолдау көрсетіп отырды.

«Ақтөбе» газетінің бүгінгі мерейтойы—оның барша оқырманының қуанышы. Сүйікті газетіміздің оқырмандарының алда да көбейе беретініне мен сенімдімін.

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

«Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

***

Халықтың үні

«Газет – халықтың көзі, құлағы, айнасы» деген жұртшылық арасындағы сөз бұрыннан да баршаға мәлім. Оның үстіне газетті  «үнқағаз» деп те атайды. Ендеше ол халықтың үні де. Бір сөзбен айтқанда, халықтың ойы, пікірі, көзқарасы, қуанышы, тіпті қиналған сәттегі жан айқайы да осы газет арқылы көпшілікке жетіп жатады. Сондықтан басқа ақпарат құралдарымен салыстырғанда қоғамдағы газеттің алатын орны аса ерекше. Оның тағы бір баса назар аударатын ерекшелігі — онда тарих бетінің, уақыт парақтарының, замана лебінің қатталып қалатынында. Сол арқылы әрбір келер ұрпақ оның мазмұнын өзінше оқып, өзінше қарап, өзінше түсініп, өзінше саралап, өзінше бағалайды. Демек, газеттің тағы бір маңызы оның ұрпақ пен ұрпақтың тарихын жалғастыруында, таным-тағылымдарын сабақтастыра байланыстыруында, қарт па, жас па, осы тектес басқа да ерекшеліктеріне қарамастан барша халыққа, жалпы жұртшылыққа  тәлім-тәрбие беруінде.

Осы тұрғыдан алғанда биыл өзінің 85 жылдығын атап өткелі отырған «Ақтөбе» газетінің барша облыс жұртшылығы алдында тындырған істері өлшеусіз. Әсіресе, еліміздің егемендігіне байланысты газет бетінде жарияланған танымдық, тағылымдық, мәдени, рухани мақалалар мен публицистиканың орны өте ерекше. Өйткені бұрын идеология шеңберінде тарихы күзелген, рухани аясы тарылған ұлт пен ұлыстар үшін өткенін жаңаша таразылау, саралау, оны жалпы халқымызға шынайы тұрғыдан жеткізе білу аса қажет болатын. «Ақтөбе» газеті бұл игілікті іске жоғары деңгейде ат салысты, өз үлесін қосты, бір деңгеймен шектеліп қана қоймай, әлі де қосып келе жатыр. Сондықтан газеттің көп оқырмандарының бірі ретінде мен «Ақтөбе» газетіне, оның ұжымына зор шығармашылық табыс және әр уақытта да халық көңілінен шығатындай деңгейде болуын тілеймін.

Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия  ғылымдарының  докторы,

профессор, ҚР ӘҒА академигі.

***

***

Шұғыла

Сеңгіріне сексен бес сен де келдің,

Ашып талай тарих көмбелерін.

Шындығымның жақтың сен шырақтарын,

Қараша үйде мезгілсіз сөнбек едім.

Елім дедің, елжіреп жерім дедің,

Дихан болып дән септің ерінбедің.

Арым, Барым, Нарым боп көтердің жүк,

Арқаладың азамат сенімдерін.

Сыр аштың сен

Тахаң, Қуаң, Сағи мен Тобық болып,

Есенбайды өлеңде жолықтырып,

Өтежанның естірдің самалдарын,

Мұхтарлардың жазғанын мол ұқтырып.

Шұғыласы бар сенде таң нұрының,

Сұлу сөздің мен де бір жаңбырымын.

Көкжиегім кеңейді оқып сені,

Ғасырлардың жеткіздің жаңғырығын.

Сен таныттың халқымның ұлыларын,

Құшағында киелі ой жылынамын.

Ақиқатты білдірдің найзағай боп,

Айттың және өмірдің құлы барын.

Абыз болып сөйледің тілім дедің,

Болды әңгіме кеше мен бүгіндерім.

Шаттанғаным жазылды шежіре боп,

Жүрегімнің жеткіздің дірілдерін.

Сен тіл қаттың малшы да, мұрабым боп,

Сырласуға сағынып тұрамын кеп.

Қанат қақтым мен тұңғыш өлеңіммен,

Желкілдеген бүгінде құрағың көп.

Сенім артып қолдайды аңыз халқың,

Алда ғажап көктемің жазың жарқын.

Тілдес мынау ғасырмен бабам болып,

Құтты болсын, «Ақтөбем», абыз қалпың.

Жақсылық АЙЖАНОВ.

***

«Балдырғанды» оқып өскендер

Балтабек НҰРҒАЛИЕВ,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ІІ курс студенті:

— Облыстың түкіпіріндегі ауылдарға жететін жалғыз басылым —  облыстық «Ақтөбе» газеті. Сондықтан да 85 жасқа толып жатқан газеттің мерейтойы — әрбір облыс тұрғынының мерекесі. Облыс көлеміндегі әр қазақтың қуанышы мен қайғысын, мұңы мен ренішін айтатын дара басылым да — осы. Газет ұрпақ тәрбиесімен де айналысты, өңіріміздің өрендері үшін арнайы «Балдырған» бетін ұйымдастырып, оқушыларды шығармашылыққа баулыды. Менің де өлеңдерім ара-тұра осы бетте жарияланып тұрды. Облыстық, республикалық көркемсөз оқу сайыстарынан, мүшәйралардан,  олимпиадалардан топ жарғанда да, менің әрбір қуанышымды жас та болсам «Ақтөбе» газеті елеп, бөлісіп, үнемі мені көтермелеп отырды. «Балдырғанды» оқып өстім, «Ақтөбе» мені шыңдады. Алматыдан Ақтөбеге әр барғанда редакцияға бас сұғып, ұжым қызметкерлеріне сәлем беріп шығам. Мерейтойда ұжым қызметкерлеріне мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілеймін!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің ІІ курс студенті:

— Әр санын асыға күтіп, сүйіп оқитын «Ақтөбе» газеті 85 жасқа толып жатыр, құттықтаймын. Облыстың шежірелі газетін үзбей оқу арқылы әдебиетке, тарихқа қатысты тың деректер мен зерделі материалдарға қанықтым. Бала күнімнен көзтаныс газет маған өте ыстық. Әсіресе, облыстың балдырғандарына арналған «Балдырған» бетін оқып өстім. Мектепте жүргенде газеттегі журналист ағайлар мен апайларға жиі барып, шағын ақпараттар мен танымдық материалдарымды апарып тұрдым. Олардың әр барғандағы ескертулері мені газетке тартып, жазуға шыңдады. Қашан барсам да, әрқашан жылы қарсы алатын журналистерге газеттің туған күнінде амандық тілеп, «Жазарыңыз көп болсын!» деймін.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button