Мереке

Апалар — алтын қазығымыз

Қандай ұжымда да нәзік жанды адамдардың араласуынсыз жұмыстың сәні келмейтін секілді. Өйткені олар ортақ іске жігер береді, адамдардың арасындағы сыйластыққа, инабатты қарым-қатынасқа негіз қалайды.

Сексен бес жылдық тарихы бар газетіміздің жүріп өткен жолдарында аяулы апалар мен замандас құрбыларымыздың орны ерекше білінеді. Олар облыс оқырмандарының рухани қажеттіліктерін өтеу жолында күн-түн демей еңбек етті, газет жұмысының көзге көрінбейтін, бірақ бітіп те болмайтын ішкі шаруаларының иін қандырып, тап-тұйнақтай тындырып отырды.

Бүгінгі мереке күні олардың есімдерін біз құрметпен атағымыз келеді. Бұл апалардың көбісі журналист болмағанымен, қаламгер бауырларымен қанаттас жүріп, солардың еңбегінің жемісті жүруіне көмектерін тигізді.

Бір кездері редакцияның  алтын қазығы секілді көрінген Жұмаш Исағалиева, Жаңылай Құлбекова, Алма Төлепбаева секілді алдыңғы толқын майталман машинка басушылардың ізіндегі Жәмила Жакиенова, Алтын Қарағұлова, Құлпырған Құсайынова секілді жастардың өзі бүгінде әжелікке бет бұрды. Жәмила апамыз күні кеше ғана алпыс атты белеске шыққанын атап өтті.

Журналистердің жанкешті еңбегімен дайындалған материалдар бас біріктіріп, баспаханада бойларына жан кіргізіледі. Осы арадағы жұмыс процесі ерекше жауапты, әсіресе, газет шығар алдындағы күні қарбалас болады да жатады. Сондайда Мәруа Мұхтарова, Клара Маханбетова, Айғаным Махамбетова, Ырысты Қазиева, Ағылен Таласбаева, Ажар Тасқалиева, Гүлнар Едігенова, Несібелі Қоғашева бәрі біріге қимылдап, газеттің ажарын кіргізіп-ақ тастайтын.

Газетте қабылдау бөлмесінің, кітапхананың жұмысы да көзге көрінбегенімен, бір адамға жүк боларлық екендігі байқалып тұратын. Өйткені сырттан келгендердің бәрі бірдей редактордың қабылдауына кіргісі келеді, өздерінің шаруасын сол арада ғана шешкенді жөн көреді. Мұндайда салмақ хатшы қызға түседі. Ал журналистер бір кішкене деректің ақиқаттығына көз жеткізуі үшін кітапханашыны мазалайды. Осындай буындарда қызмет істеген  Әмина Айтмағамбетова, Қазима Иманғазиева, Света Сүбалиева, Ләззат Қойшығұлова, Наташа Савенко, Айнагүл Сәметеева, Ләззат Шәкеева секілді әр буын өкілдері қазір де көңілімізге ыстық көрінеді.

Балмейрам Бөрібаева апай бүкіл саналы ғұмырын облыстық газеттің сапалы басылып шығуына арнаған адам. Ол беттеуші болып еңбек етті.

Компьютер жоқ уақытта материалдар редакцияда машинкамен басылады. Одан кейін баспаханада тасқа түсіріліп, құруға жіберіледі. Сол шаруаны апай күні бойы тікесінен тік тұрып атқаратын. Кейде бітіп тұрған шаруаны қайта жасауына тура келетін сәттер аз болмайтын. Өйткені аяқ астынан газетке баруы тиіс шұғыл хабарлар келіп қалады. Соның қай-қайсысында да апай апшымайтын. Өзіне біткен төзімділікпен шаруасын тап-тұйнақтай қылып бітіріп барып тыныс алатын.

Бір қызығы, апайдың шын есімі Балмакирам екенін енді біліп отырмыз. Апайдың балалары Серік пен Ербол да оқушы кездерінен-ақ баспаханаға жиі келіп жүріп, ақырында баспа ісінің білгірлері болып шықты.

Бір кездері газетте телетайп деген жұмыс істеді. Кейде Мәскеуден, Алматыдан жедел хабарлар таң атқанша келіп жатады. Сондайда газеттің шығуы кешеуілдеп, кезекшілердің қолы еріксіз байланады. Телетайпта қызмет істейтін Алла Акчуринадан рұқсат болғанша, газетке қол қоя алмайсыз. Ал Алла апайымыз болса, жұмысы біткенше жүгіріп жүріп, өз бөлмесі мен редакция арасын шаң қылады.

Бір кездері әйел адамның журналист болып қызмет атқаруы сиректеу кездесетін құбылыс еді. Тіпті өркениет өрістеген деп есептелетін сексенінші жылдардың өзінде облыстық «Коммунизм жолында» Зияш Телеуова мен Күләш Қарекеева ғана арпа ішіндегі бір бидай сынды көрінетін. Қалай десек те, журналист қыздарымыз қалам қарымы мықты екенін сол кезде-ақ таныта біліп еді. Қазіргі уақыт еңбек демалысындағы Зияш апайымыз жазушылыққа бет бұрды. Ол шетел жазушыларының балаларға арналған шытырман оқиғалы дүниелерін қазақ тіліне аударып қана қоймай, өзі де қазақ әдебиетіндегі кенжелеу қалған осы жанрды дамытуға білек сыбана белсене кірісіп кетті.

Аталған апаларының ізімен жоғары білімді ұстаз Күләй Бекетова еңбек жолын осы редакцияның жауапты учаскесі — секретариатта бастады. Ол газет макетінің сәнді де мәнді жасалуына үлес қосып, осында тәжірибе жинақтады. Күләй  бұл күнде қаладағы №32 мектеп-гимназияның ұстазы, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері».

Сол бір тұстарда журналист қыздар саны аз болғанымен, оның есесіне газеттің шығарылу процесіне қатысатын басқа қызметтерде үлкен апайлар көбірек байқалды.

Күні кешеге дейін редакцияға оқырман хаттары бүгінгіге қарағанда тасқындап келіп жататын да, хат бөлімінің қызметкерлері жұмыстан көз аша алмай қалатын. Бұрынырақта арыз-шағымдар да көп түсетін. «Хат артында адам бар» деп журналистер бұл іске белсене кіріседі. Ал хат бөліміндегі қыздар әр хаттың соңынан індетіп жүріп, әбден бір нүктеге жеткізгенше тыным таппайды. Әсіресе, Қарашаш Наурызбаева, Бақтылы Ерғалиева секілді тәтелеріміз осы аталған бөлімде тындырымды жұмыстар жасағаны жадымызда.

Газеттің бухгалтериясы — журналистер үшін қай кезде де екінші үй секілді. Сексенінші жылдар кезінде еңбекақы айына екі рет беріледі. Кесімді жалақыңнан басқа жазғаныңа қарай алатын қаламақың тағы бар. Соның өзінде кейде қалта жұқарып қалғанда, бухгалтерияны жағалап, алдағы айлық есебінен аздап бірдеңе алуға болады. Сондайда бас бухгалтер Шолпан Ахметқалиева, кассир Асылтас Бисенғалиева асқан мейірімділікпен редакция қоржынына қол салатын.

Облыстық газет талай жасты өз қабырғасында қанатын қатайтып, баулып өсірді. Күні кеше ғана редакция ұжымына балаң қалпында келген Рауан Әминова өзі де аянбай еңбек етіп, білікті маман атанып, бүгінде үлкен шаруалар тындырып жүр.

Иә, уақыт тоқтамайды.

Жаңа ғасыр газетке бәрібір өз жаңалығын алып келді. Осы тұста, әсіресе, екі мыңыншы жылдардың басынан бастап облыстық газетте жергілікті университетті бітірген журналист қыздарымыз басымдықпен жұмыс істей бастады. Олар газетке жаңаша леп соқтырды.

… Ең бастысы, ілгері буын апалардан қалған жақсы жол бүгін де жарасымды түрде жалғасып келеді. Ертеңгі күні де солай болатындығына күмән жоқ.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

***

Көненің көзі

Сағындым сонау өзіңде өткен жылдарды,

Қаламгер етіп, қалыпқа құйған тұлғамды.

Қасиетіңді ұғып, сол кезде-ақ,

Жазған ем арнап жырларды.

Бик қой сенің асуың, алған шыңдарың,

Талай тарландарды шыңдадың.

Елеңдеп жүрем  еңселі үйім сен жаққа.

Шашырайды нұрың жан-жаққа.

Ақылдың  кені, көненің көзі қариям,

Армандарға ұшырған баптап, жанұям,

Сенің үнің, сенің сөзің , әрқашан.

Ақтөбеліктерге ана тіліндегі әнұран.

Зияш ТЕЛЕУОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button