Басты жаңалықтар

Мәрт мінезді Мәртөкте

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Бұл өңірдің жері де, адамы да мәрт. Арғы-бергі тарихын тек шолып қарағанда, сондай ірілікті, жомарттықты, молдықты аңғарасың. Бергісінің игілігін көріп отырғанда, арғысының бас-аяғын енді жинақтап жатқан жайымыз бар. Талайларға мекен болған бұл өлкеде кімдердің табанының ізі қалмаған десеңізші. Мұздай темір құрсанып, қабақты шарт түйіп қалмақты қайырған, қол бастаған табын Бөкенбай батырдың ерлік жырлары жатыр мұнда.

«…Малға жарлы болса да,

Айтар сөзге-тілге бай,

Сөйлер сөзге келгенде,

Орынбордың аузында

Тағалаған жорғадай», — Тәңірберген Молдабайдың бейіті де осы жерде. Тіпті бергі ұрпақпен замандас болса да, кешегі саяси қуғын-сүргін жылдарында жоғалтып алып, есімі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қайта оралған күйші, атақты музыка зерттеушісі А.В.Затаевичке саз өнерінің тамаша үлгілерін жаздырған Қамбар Медетов те осы өңірдің перзенті. Оның үзеңгілес жолдасы, тұңғыш рет қазақ ұлт аспаптар оркестрін құрған, белгілі өнер қайраткері, академик Ахмет Жұбанов өзінің «Өскен өнер» деген кітабында домбыра тартудағы шеберлігін айрықша атап, «Құрманғазы атындағы оркестрге отыз төртінші жылы жиналғандардың бірде-бірі Қамбардың аппликатурасын ала алмады» — деп жазған еді. Әрине, бұл өңірде дүниеге келіп, ірі боп өткендерді түгелдеу, Орынбордың аузында тұрып, орыс пен қазақтың шежіресін бүккен үлкен өлке туралы бір мақалада сарқып айту мүмкін де емес. Бірақ бұлар жайында бірсыпыра жағдайлардың жазылғанын, оларға қатысты тарихи шындықтардың ақтарылғанын да айту керек. Олардың бірсыпыралары туралы тереңдеп, бірқатары жайлы шет пұшпақтап болса да жазған — аймағымыздың шежіресі саналатын облыстық «Ақтөбе» газеті. Біз атаған жоғарыдағы есімдер солардың санаулысы ғана. Демек, осындай шығармашылық тығыз байланыстағы өңірдің оқырмандары мен сүйікті басылымның мерейтой алдында бас қоспауы мүмкін емес еді.

Өткен бейсенбі күні қазақ тіліндегі облыстық бірінші басылымның тойы сол Мәртөк ауданында жалғасты.Ол аудан орталығындағы Қамбар Медетов атындағы саз мектебінің ғимаратында өтті. Кездесуді ұйымдастырып, өткізген де осы мектептің директоры Дина Құрманғалиева бастаған ұжым еді. Аудан әкімінің орынбасары Ирина Гордеевна Цыба сөз алып, екі жақты кездесудің мәні мен маңызына тоқталды. Ауданның өткені мен бүгіні туралы әңгімеледі. Қазіргі таңда өңірде атқарылып жатқан игі істерден хабардар етті. Саз мектебінде өткен соң ба, болмаса той деп ескерді ме, бұл күнгі кездесуде ән мен күйге орын көбірек берілді. Әсем ән мен тәтті күйдің орындаушылары да саз мектебінің шәкірттері. Облыстық, республикалық өнер байқауларында талай жүлде алған белгілі балғын жүйріктер. Әрі ел ішінен шыққан талант, әрі саз мектебінен дәріс алған дарынды шәкірттер өз көрермендерін көзайым етіп, шын тәнті етті. Олар ән салса да, күй тартса да, би билесе де кәдімгідей сүйсініп отырдық. Газетіміздің осындай өнерлі ортада, тарихи тұлғаның есімі берілген қара шаңырақта өткенін жақсылыққа жорыдық. Бізге арналған әрбір ән мен күй жорға мінгендей, шапан кигендей қанаттандырды. «Ақтөбе» газеті тарапынан топты бастап келген, облыстық газеттің бас редакторының орынбасары, ақын Ертай Ашықбаев басылымның кешегісі мен бүгіні, уақыт пен  қаламгердің борышы, елдің елдігі, басшының парызы туралы шабыттана, кейде ашына әңгіме өрбітті.

Енді бір кезекте сөзді мәртөктік оқырмандар алды.

Қыдырбай Шудабайұлы, №2 Мәртөк  мектеп-гимназиясының директоры:

— «Ақтөбе» газеті — өзіндік бағыт-бағдары, бетпердесі бар басылым. Өзіміз «Коммунизм жолы» болып тұрғаннан білетін бұл газеттің биікке өрлей беретініне сенемін. Әлгінде, қонақтарымыз әдеп сақтап өз газеттерінің табысы, қол жеткен биігі туралы аз айтты. Ал шын мәнісіне келсек, бұл ақпарат айдынында дараланып тұратын бөлек басылым.  «Ақтөбені» оқырман қауым олардың арасынан ерекше бағалайды. Біз елдің тынысын, облысымыздың, ауданымыздың жақсылары мен жайсаңдарын осы газет арқылы біліп отырамыз. Біздің мектеп-гимназия ұжымы алдағы жылға да басылымға белсенді түрде жазылды. Оқу орнында жұмыс жасайтын 63 мұғалім алдағы жылы «Ақтөбе» газетін алдырып оқитын болды. Мен ақын емеспін, бірақ жүрек толқытып жазған екі шумақ өлеңімді де оқысам, ерсілігі болмас деймін:

Дүйім елдің шар айнасы, мақтаны ең,

Қара суды қақ айырған ақ таң ең,

Талай қиын асулардан алқынбай,

Ел , халықтың ақ үмітін  ақтап ең.

Әлі есімде, сенің көрген бетіңнен,

Небір жайсаң өлеңіңді жаттап ем.

Сексен бес жас құтты болсын мерекең,

Гүлдей жайнап, жасара бер, «Ақтөбем»!

Ауыл ағасы дерлік жастағы азаматтың бұл жыр лебізін бүкіл Мәртөк өңірі оқырмандарының тілегі, ықыласы деп қабылдауға болатын еді. Мұнан кейін де сөзді жалғастырған газет оқырмандары Жақсат Қарлығашев, Қайдар Ақышев біраз сырдың тиегін ағытты. Мұның алдыңғысы — біздің газетіміздің ұзақ жылдардан бергі досы. Өзі де араға жылдар салып соқталы тақырыптарға қалам тартып қоятын ел азаматы,бірсыпыра уақыт аудан әкімінің орынбасары, аудандық аурухананың бас дәрігері болып қызмет атқарды.Қазір аудандық ауруханада бас оташы.

— Әкем облыстық «Коммунизм жолы» газетін алпысыншы жылдары шопан болып жұмыс істеп жүргенде алдырып оқушы еді. Мен сол кезден оқып-үйрендім де, кейін өзім де онсыз отыра алмайтын болдым. Рухани азығыма айналды, — дейді Жақсат.

Ал біздің газетіміздің екінші оқырманы Қайдар ақсақал қазір жетпістен шығып жүр. Бұрынғы тракторшы, еңбек адамы. Облыстық қазақ тіліндегі газетті серік етіп, сол жылдары бауыр басқанын айтты.

Мәртөк жерінде облыстық қазақ тіліндегі газеттің мерейтойын өткізуді мойнына алған саз мектебінің директоры Дина Құрманғалиева көпке жағатын өнегелі сөз айтты.

— «Ақтөбе» сияқты қасиетті басылымның мерейтойының осы қара шаңырақта өтуінен сабақтастық көремін, — деді ол. — Биыл біздің саз мектебі есімін алып отырған Қамбар Медетовке 108 жыл толады. Демек, 85-ке келген «Ақтөбе» газеті оған сәлем беріп отырған сияқты. Екі тұлға да елдің, ұлттың көркеюіне үлес қосқаны белгілі. Мәртөк өңірінің өзгеруіне үлес қосқан газет, сосын осы қара шаңырақ. Мен сексенінші жылы аудан сахнасында домбыраны жалғыз тарттым. Оған дейін ұлт аспабын жергілікті жерде сахынада ешкім тартпаған. Қазір, көріп отырсыздар, оркестріміз, ұлттық ән- би ансамбліміз бар. Қамбар Медетов атындағы саз мектебі біздің ауданымыздың «визитный карточкасы» десе болады. Қазір қосалқы мектеп аталатын бұл оқу орнында 316 адам дәріс алады.

Осындай оқу орнының басшысы тек сөз сөйлеп қана қойған жоқ, «Ақтөбе» газетінің ақсақалы Аманкелді Сұмағұловқа шапан жауып құрмет көрсетті. Ұжымға автотоңазытқыш сыйлады. «Замана сазы» атты, күйші Медетовтің 100 жылдығына арналып Алматыда өткен халықаралық конференция материалдарын жинақтаған аса құнды басылымның бірнешеуіне қолтаңба жазып ұсынды. Газет тойына қатысқан қонақтарға  өзінің шаңырағында дастарқан жайып, дәм татырды.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. /Ақтөбе газетінің 85 жылдық тойының жалғасы Мәртөк мектебінің ғимаратында өтіпті.Осыны оқығанда ішім жылып қуанып қалдым.Себебі  мен Мәртөк қазақ орта мектебін1957 жылы бітірдім.195557 жылдары осы мектепте шығатын қабырға газетінің редакторы болдым,бұл іске басқа да оқушылар қатынасты.Ол кезде бәріміз де Ақтөбеде шығатын Соц.жол газетасын оқып,қабырға газетамыздың сапасын көтердік.Сыныптасым Шәріп Садыков /Соц.жолда/ өзінің қысқа мақалаларын жариялайтын.Мәртөк қазақ мектебін 1957 жылы бітірген оқушылардың көбісі қоғамға қажетті мамандықтарға ие болды.Бұл істе де Социалистік жол газетасының үлесі бар.Мысалы,сыныптастарым Мәжит Тәжіғұлов СХИ ді бітіріп,партиясовет қызыметкері болды,Баспаев Болат,Искиндиров Қуат мед.институтта оқып,хирург болып істеді,Искиндиров Темірболат пед.институтты бітіріп,мұғалім болды,мен политех.институтты бітіріп ,энергетик мамандығын игердім.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button