Басты жаңалықтар

Суармалы алқаптар аумағын ұлғайту — маңызды мәселе

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігінде өткен жиында суландырылатын алқаптарды пайдалану және көктемгі егісті қысқа мерзімде аяқтау туралы айтты.

Биылғы жылы аймақта 561,2 мың гектар алқапқа егіс салу жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда егіс алқабы 48,4 мың гектарға ұлғаяды. Дәнді дақылдар 336 мың, мал азығындық дақылдар 176,1 мың, майлы дақылдар 38,6 мың, картоп 5,75 мың, көкөністер мен бақша дақылдары 4,7 мың гектарға орналастырылады.

Егіс науқаны қазіргі уақытта барлық аудандарда және Ақтөбе қаласы аумағында жүруде. Ауыл шаруашылығы құрылымдары көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізу үшін қажетті техникамен және жанар-жағармаймен толығымен қамтамасыз етілді.

Дәнді дақылдар көзделген меженің 85 пайызына себілді. Осыған байланысты Бердібек Сапарбаев науқанды мейлінше қысқа мерзім ішінде, нақты айтқанда, 5 маусымға дейін аяқтауды тапсырды. Барлық аудандарда дерлік және Ақтөбе қаласында мал азығындық және майлы дақылдарды егу жұмыстары нашар жүріп жатқаны атап көрсетілді.

Облыс басшысы бау-бақша және көкөніс дақылдарына бөлінген алаңдардың елеусіз түрде ғана көбейіп отырғанын сын тезіне алды.

— Осыдан кейін біз өз өңірімізді қажетті өніммен қамтамасыз ете алмаймыз деп мәлімдеп, көкөністі басқа облыстардан тасуға мәжбүр боламыз. Бұндай жағдайдың неліктен орын алғанынан талдау жасау керек, — деді ол.

Шегірткемен күрес жүргізетін штабты құру бойынша шаралар қабылдануда. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысында таяуда ғана зиянды шыбын-шіркейлердің молынан пайда болуымен байланысты. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Шерияздановтың айтуынша, өңір шегірткемен күресу үшін қажетті химикаттармен және техникамен толығымен қамтамасыз етілген. Ең бастысы — облыстың қай аумағында болмасын шегірткенің пайда болуын дер кезінде қадағалап отыру.

Бердібек Сапарбаев кеңес барысында суармалы және жайылма алқаптарды айналымға қосу, облыс аумағымен өтетін өзендерді, әсіресе, құрғақшылықтағы Ырғыз, Байғанин және Ойыл аудандарында дұрыс және тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударды.

Өткен жылы облыста қолда бар суармалы жерлердің жартысынан азы ғана пайдаланылды. Ағымдағы жылы суармалы жер көлемін 12 мыңнан 18,8 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бүгінгі күні 13,9 мың гектарға әр түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары себілді. 9 мыңдай гектарға жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, оны 1 маусымға дейін аяқтау көзделуде.

— Мемлекет басшысы суландырылатын алқаптар көлемін ұлғайту мәселесіне ерекше көңіл бөлуде, өйткені бұл — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі болып табылады. Талдау көрсеткеніндей, әзірге аудандардың барлығы бірдей биылғы жоспарларын орындаған жоқ. Ырғыз ауданында жоспар —15, Алғада — 62, Ойыл және Қарғалы аудандарында 63 пайызға орындалды. Бұдан басқа, бір де ауданнан суландырылатын алқаптарды қосымша ұлғайту бойынша тапсырыс түскен жоқ. Ал мемлекет қазір бұл жобаны жүзеге асыру үшін қаржы бөліп, көмек көрсетуде. Сондай-ақ бөгеттер құрылысы арқылы суландыруды дамыту мүмкіндігін қарастыруымыз қажет, — деп атап көрсетті облыс басшысы.

 «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button