Спорт

Қайталанған есеп, қайталанған уақыт

Премьер-Лига

«Қайрат» екі мәрте ұтылыс есебімен ойнап жатып (0:1; 1:2) «Ақжайықты» 90+2 минутта соғылған голдың арқасында 3:2 есебімен әзер жеңді. «Астана» жалғыз жеңіс голын 83-минутта соқты. «Атырау» футболшысының қақпаға енгізген голы есептелмей қалғандығының арқасында «Ертіс» жеңіске ие болды. Алғашқы үштіктегі командалар 13-тур ойындарын осылай өткізді. Сондай-ақ бұл турда үш команда өз алаңында қонақтардан 0:1 есебімен жеңілді.

Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде ойнаған құрамы негізінен сол күйінде сақталған «Астананың» Ақтөбеде жеңіске жетуі күтпеген оқиға емес екендігі белгілі. Өкініштісі — жалғыз доптың ойын соңына таман соғылғаны. «Астана Аренада» тартыспен өткен кездесуде де астаналықтар осындай голды дәл осындай уақытта, 83-минутта енгізген еді. Бұл жолы дәл сол минутта Евгений Постниковтың тастаған добын Неманья Максимович «Ақтөбенің» қақпасына шапшаң сүңгітіп жіберді.

Тағы бір өкініштісі, сол қарбалас шақта қақпа діңгегіне соғылған, одан бұрын да бір қапылыстағы қақтығыста ауырсынып қалған қақпашы Самат Отарбаев жасыл алаңды тастап шықты. Бұл ойында аса шеберлік көрсеткен, қақпаны бірнеше қауіпті сәттерде аман алып қалған қақпашымыз келер кездесуге дейін қайтадан қатарға қосылар деп үміттенеміз. Сондай-ақ 7-минутта Абат Айымбетов те жарақат алып, ойын алаңын тым ертерек тастап шыққан болатын, ал бұндай жайттар бапкерлік жоспардың мүлтіксіз орындалуына айтарлықтай нұқсан келтіретіні белгілі.

Иә, бұл кездесу Саматқа да, біздің қорғаушыларымызға да оңай соққан жоқ. Астаналық команданың сайдың тасындай іріктелген үздік футболшылары алғашқы сәттен бастап-ақ «Ақтөбенің» қорғанысын тас-талқан етуге шұғыл кірісті. С.Мужиков, Л.Аруна, Р.Каньяс, Д.Деспотович, М.Аничич, Т.Нөсербаев, не керек, Еуропа алаңдарында талай атой салған мығым ойыншылар біздің қақпаны тынымсыз торуылдаумен болды. Әйтсе де ақтөбеліктер бой бермеуге барынша тырысты. Бірінші таймда босаңдау қимыл көрсеткенімен жігіттеріміз екінші таймда бірнеше қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Әсіресе, Никита Бочаровтың соққысынан соң доптың қақпа маңдайшасынан сәл асып түскені ерекше есте қалды. Дегенмен бұл ойында бес қорғаушымен ойнаған «Ақтөбе» шабуылдан гөрі өз қақпамызға доп енгізбеу мақсатын көбірек ұстанған болатын. Бұл жоспарды 83-минутта соғылған гол бұзып кетті. Солай болған күнде де бұл кездесудегі жеңіліс үшін жерлестерімізді аса айыпқа жығудың да жөні жоқ. Мұны ойын соңынан болған баспасөз мәслихатында бас бапкер Юрий Уткульбаев та айтып, футболшылардың нұсқауды толықтай дерлік орындағанын, әрине, қателіктер де болғанын баян етті. Ал «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов: «Қалай болғанда да, жеңіске жеттік. «Ақтөбе» ұйымшылдықпен ойнады, өз қақпасы мен өз аймағын қымтап ұстай білді. Бізге қақпаға жол табу қиынға түсті, дегенмен ретін таптық», — деді.

Осылайша бес тур бойы жеңіліссіз ойнап келе жатқан «Ақтөбе» өз алаңында бірінші рет ұтылды.

«Ақтөбе»-«Астана» — 0:1

Гол авторы: Неманья Максимович, 83-минут (0:1).

Ескерту қағазын алғандар: Н.Бочаров, 22-минут («Ақтөбе») — Е.Постников, 38-минут;  А.Щеткин, 89-минут («Астана»).

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, (Станислав Павлов, 85-минут), Куасси Куаджа, Егор Сорокин, Сандро Цвейба, Марат Ситдиков, Никита Бочаров (Тоқтар Жаңғылышбай, 80-минут), Егор Азовский, Виктор Крюков, Самат Смақов (капитан), Кирилл Шестаков, Абат Айымбетов (Дидар Жалмұқан, 7-минут).

«Астана»: Ненад Эрич, Евгений Постников, Марин Аничич, Рохер Каньяс, Джордже Деспотович (Алексей Щеткин, 86-минут), Неманья Максимович, Аруна (Бесарт Абдурахими, 71-минут), Дмитрий Шомко, Серікжан Мужиков, Таңат Нөсербаев, капитан (Асхат Тағыберген, 82-минут), Юрий Логвиненко.

29 мамыр. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 8000 адам.

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Ордабасы»-«Жетісу» — 0:1

Гол авторы: Душан Савич, 11-минут (0:1).

«Оқжетпес»-«Тараз» — 0:0

85-минутта екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін Даниил Чертов («Оқжетпес») жасыл алаңнан қуылды.

«Атырау»-«Ертіс» —0:1

Гол авторы: Роман Муртазаев, 50-минут  (0:1).

«Шахтер»-«Тобыл» — 1:0

Гол авторы: Мақсат Байжанов, 42-минут (1:0).

«Қайрат»-«Ақжайық» — 3:2

Гол авторлары: Руслан Валиуллин, 3-минут (0:1); Бауыржан Исламхан, пенальти, 16-минут (1:1); Олег Хромцов, 31-минут (1:2); Жерар Гоу, 89-минут (2:2); Тавамба, 90+2 минут (3:2).

*   *   *

 

13-турдың нәтижелері:

Бұдан бұрын, 13 сәуірде өткен 5-турдағы секілді бұл турда да 9 гол соғылды.

Алаң иелері 4 гол соқса, қонақтар 5 доп өткізді.

1:0 есебі төрт рет қайталанды.

1 доп пенальтиден соғылды.

1 кездесуде ғана алаң иелері, 4 ойында қонақтар жеңді, 1 тең есеп тіркелді.

Шапшаң гол иелері: Р.Валиуллин, 3-минут («Ақжайық»), Д.Савич, 11-минут («Жетісу»), Б. Исламхан, пенальти, 16 минут («Қайрат»).

Кездесулер барысында 30 ескерту қағазы көрсетілді, 1 ойыншы жасыл алаңнан қуылды.

Ең көп жанкүйер (8000 адам) «Ақтөбе»-«Астана» және «Қайрат»-«Ақжайық» кездесулеріне жиналды.

Мергендер көшінің басында 8 гол соққан Роман Муртазаев («Ертіс») тұр.

Чемпионат басталғалы 77 кездесу өтті. 35 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 25 тайталаста қонақтар басым түсті, 17 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 169 гол соғылды (алаң иелері — 96, қонақтар — 73), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,19 гол енді.

Біздің мергендеріміз:

Самат Смақов — 5 гол (төртеуі — он бір метрлік айып добы);

Дидар Жалмұқан — 3 (1);

Никита Бочаров — 2;

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Асланбек Кәкімов — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 6 кездесу өткізіп, 3 ойында жеңіске жетті, 2 тең ойын нәтижесі тіркелді, 1 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 8:6. Ұпай — 11. Сырт алаңда 7 ойын өткізіп, 2 кездесуде жеңіске жетті, 2 ойынды тең аяқтады, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 6:9. Ұпай — 8.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

Команда      О         Ж        Т         Ұт       Д         Ұп

 

1.Астана      13       11       1          1          20-7    34

2.Ертіс          13       9          3          1          23-6    30

3.Қайрат      13       7          2          4          21-10  23

4.Оқжетпес  13       6          3          4          16-13  21

5.Ордабасы 13       6          2          5          17-18  20

6.Ақтөбе       13       5          4          4          14-15  19

7.Жетісу        13       4          3          6          14-20  15

8.Атырау      12       3          4          5          8-12    13

9.Тобыл        12       3          3          6          14-16  12

10.Шахтер    13       3          3          7          5-15    12

11.Ақжайық 13       2          2          9          6-18    8

12.Тараз       13       1          4          8          11-19  7

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.   

*   *   *

 

2 маусым, бейсенбі күні өтетін 14-турда «Ақтөбе» Талдықорғанда «Жетісу» командасымен кездеседі. Бірінші  айналымда, 9 сәуірде «Астана Арена» стадионында өткен ойында талдықорғандықтарды жерлестеріміз 3:2 есебімен ұтқан болатын. Гол авторлары: С.Смақов, Н.Бочаров, Т.Жаңғылышбай («Ақтөбе») — М.Кляйн, Д.Савич («Жетісу»).

Басқа ойындар:

2 маусым, бейсенбі

«Тараз» (Тараз) — «Астана» (Астана»)

«Ертіс» (Павлодар) — «Шахтер» (Қарағанды)

«Қайрат» (Алматы) — «Атырау» (Атырау)

«Оқжетпес» (Көкшетау) — «Ақжайық» (Орал)
«Тобыл» (Қостанай) — «Ордабасы» (Шымкент)

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button