Әлеумет

Тұйықтан шығар жол бар ма?

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Биылғы жылдың ақпан айының соңғы күндерінің бірінде Бозой аулы аумағынан Өзбекстанның құрамындағы Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат ауданына қарай шығатын тұстан мемлекеттік шекараны бұзып өткен отыз үш жерлесіміздің «жыры» әзірге таусылар емес.

Өткен сейсенбі күні сол оқиға ортасында болған бес жүргізуші мерзімі шектеусіз аштық жариялағаны туралы мәлімдеді. Оның үшеуі қыс айында қолға түсіп, маусым айында елге оралған да, қалған екеуі алғашқы сәттен кейін қашып үлгергендер.

Аштық жариялаудың басты мақсаты — Өзбекстанда тәркіленген техниканы қайтарып алу. Бұл талаптың орындалуы қиынға соғатын түрі бар. Өйткені, аталып отырған көліктер түгелімен қылмыс құралы ретінде ұсталынған. Ал жүргізушілердің бүгінгі күні осындай күрделі қадамға баруының себебі, олардың көбісі кезінде автокөліктерді несиеге алған, яғни бүгінгі күні ауыр жағдайда қалып отыр.

Осы мәселеге байланысты облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында түсінік берді.

— Жергілікті билік өз азаматтарымыздың тағдырына кешегі күні де бейтарап қарай алмады, бүгін де солай, — деді ол, — бірақ талап ақылға сыйымды болуы керек. Біз қазіргі уақытта «Өзбекстандағы техниканы алып береміз» деп уәде бере алмаймыз. Олай деу жауапсыздық болар еді. Бірақ қолдан келген мүмкіндіктерімізді жасайтындығымызды мәлімдейміз.

Қазақстандық азаматтарға Өзбекстан Республикасының Қылмыстық Кодексі бойынша үш баппен — Республика аумағына заңсыз ену, ұрлық және кеден заңдылығын бұзуға қатысты айып тағылған болатын. Адвокаттардың хабарлауына қарағанда, оларға он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы қаупі төнген. Алайда сот оны материалдық шығынды өтеу есебінен ақшалай айып салуға алмастырды.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов Өзбекстан аумағында ұсталған ақтөбелік азаматтарға сот процесі басталған күннен бастап, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министірінің бірінші орынбасары Н.Әбіқаевпен, осы министрлік өкілдерімен, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшісімен, консулдық қызмет қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатып, жағдайдың ауыртпалықсыз оң шешілуіне мүдделілік танытты. Сондай-ақ ол қамауда отырған адамдардың туыстарымен бірнеше мәрте кездесіп, олардың жағдайын назарда ұстады. Өте мұқтаж отбасыларына ақшалай көмек көрсетілді.

Өзбекстанда сот процесі басталғаннан кейін жерлестерімізді сотта қорғау үшін біліктілігі жоғары адвокаттар іске тартылды. Сонымен бірге зардап шеккендердің тума-туыстарының Нүкіске барып-қайтуына 1 миллион 200 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем берілді. Тағы бар жеңілдік — несиелері бар отбасыларына қарызды қайтару мерзімдері мен олар бойынша пайызды тоқтата тұру жөнінде банктермен келісім жасалды.

Қарақалпақстан Жоғарғы соты биылғы  маусым айының жиырма төртінші жұлдызында үкім шығарып, жазаланушы әр қазақстандыққа он мың АҚШ долларынан астам мөлшерде айып салынды, барлығы отыз көлік құралы қылмыс қаруы ретінде тәркіленді. Кейінірек өзбектің билік органдары 10000 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай айыпты төлеуге кешірім жасады.

Ендігі мәселе, жоғарыда айтылғандай, тәркіленген техникаға қатысты. Аштық жариялау акциясына қатысушылардың қимылы билік органдарына қысым жасау деп бағаланып отыр. Әділдікке құқықтық жолмен жету ғана дұрыс болмақ. Тек сот шешімі техниканы иелеріне қайтаруға мүмкіндік береді.

«Бұл үшін көптеген істер қолға алынуда, — деді А. Мырзалин, — Бірақ ең бастысы бұған акцияға қатысушылардың ынта-ықыласы керек. Оларға заң жүзінде методикалық көмектер көрсетілді және ол алда да көрсетіле бермек».

Облыс прокурорының көмекшісі Мейрамбек Дәулетовтің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта қылмыс жасау кезінде кейін қашып шыққан сегіз азаматтың үстінен іс қозғалуда. Осы шаруаны ұйымдастырушы ретінде екі адам қамауға алыныпты.

Техникаға қатысты да анықтайтын, күмәнді жайттар баршылық екен. Аштық жариялаған адамдардың бірсыпырасы көліктің нағыз қожайыны болмай шықты. Сондай-ақ жолға шыққан сегіз көлікке бөгде нөмірлер салынған.

Сонымен, тұйықтан шығар жол бар ма? Аштық жариялаумен іс амалы табыла ма?

Қалай болғанда да техниканы қайтарудың мүмкін болмақ бір жолы заңға сүйену ретімен туындамақ. Ал амалсыз бір іске кірісіп қалып, енді соның ауыртпалықтарына ашынғандар өздерінің көңіл-күйінің соңына ілеспей, қалыпты өмірге оралып, тіршіліктің нақты шаруасымен айналысқандары жөн.

Жергілікті билік ұстанып отырған бағыт осыны меңзейді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button