Жаңалықтар

Алдыңғы іздің иесі

Ілтипат

Жақында Ақтөбеде қазақ филологиясының ашылуына көп еңбек сіңірген азамат, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, доцент, университет профессоры Абат Пангереевтің 50 жасқа толу мерейтойы аталып өтілді.

Алдымен аталған білім шаңырағының ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Кенжебаев мерейтой иесіне ыстық ықыласы мен жылы лебізін білдірді.

Абат Шамұлы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының ашылуына үлкен үлес қосты. Филология факультетінің құрылуының арқасында өңірімізде тіл мамандарының қатары көбейді. Қазір түлектеріміз ғылым кандидаты, тіпті, ғылым докторы атанып та үлгерді. Бұл біз үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе, — деп К.Кенжебаев университет ұжымы атынан Абат Пангереевті мерейтойымен құттықтап, сый-сыяпат тарту етті.

Бұдан 20 жыл бұрын қазіргі  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы ашылған болатын. Еліміз тәуелсіздік алғанда филология факультеті құрылды. Осы игі істің басы-қасында Абат Шамұлы жүрді.

Сол кездегі оқу орнының басшысы Мұхтар Арын жаңа мамандықтың шаруасын Абат Пангереевке сеніп тапсырған-ды. Содан А.Шамұлына біраз уақыт Алматыда болуына тура келді. Онда Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінен, Қыздар педагогикалық институтынан, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтынан қазақ филологиясына қатысты оқу жоспарларын алып, оқулықтар жинастырды. Әрине, көп кітаптың барлығын бірдей Ақтөбеге көтеріп әкелу мүмкін емес-ті. Сондықтан көпшілігін пошта арқылы жіберді. Одан кейін өзі білім алған Қарағанды мемлекеттік университетіне барды. Аталған білім ордасындағы оқытушыларымен кеңесіп, ұстазы Мұрат Смағұловтан екі күн бойы оқу жоспарын жасауды үйренді. Қарағандыдан да мол олжамен оралды, біраз оқулықтарды ала келді.

Бұдан кейін Абат Пангереев Мұхтар Арын екеуі облыс аудандарын аралап, мектеп түлектерінің арасынан болашақ филологтарды іздепті. Талапкерлерді мектепті үздік бітіргендердің арасынан таңдаған. Сөйтіп қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына бірінші жылы 50 студент қабылданыпты. Бастапқыда құрылған кафедра — қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы деп аталды.

Айта кету керек, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы ашылғанда қатты қуанғандардың бірі —  облыстық« Ақтөбе» газетінің  ұжымы. Сол 1989 жылы  мамандық ашылғанда, «Ақтөбе» газетінде Ертай Ашықбаевтың көлемді мақаласы жарияланды. Кейін алғашқы түлектер бітіргенде де,  Ертай Ашықбаев материал жазды. Мақаланың тақырыбы — «55 жас күш» деп аталды.

1991 жылы  Мұхтар Арын  Есет Құдайбергенұлын жұмысқа шақырды. Абат Шамұлы Есет ағаның келуіне себепшілердің бірі болды. Факультет жұмысының жандануына Есет ағаның  еңбегі зор. Ол кісі  ғылыми ортаны қалыптастырды. Қазақ тілінен Есет Жұбанов, әдебиеттен Әдебиет Молдаханов ғылыми басшылық жасаған.

Абат Пангереев қазақ филологиясына ғана емес, Ақтөбеде журналистика мамандығының ашылуына да өзіндік үлес қосты. Биыл аталған білім шаңырағында журналистика кафедрасының ашылғанына — 10 жыл. Абат Шамұлы осы кафедраның меңгерушісі болып қызмет істеді. Журналистиканың қыр-сырын үйретуде теориямен қатар практиканың маңызы ерекше. Сондықтан БАҚ саласында қызмет етіп жүрген бір топ журналистерді жұмысқа шақырды.  Материалдық базаны нығайтып, заман талабына сай жабдықталған телезертхана ашты. Жастардың білімін жетілдіруде «Толқын» радиосының да көмегі көп болды.

Жиын барысында тарих-филология факультетінің деканы, тарих ғылымының кандидаты, доцент Гүлбану Ізбасарова Абат Пангереевтің ғылыми-педагогикалық қызметі туралы баяндама жасады. Одан кейін студенттер  «Жұбанов ордасы» атты университет әнұранын  орындады. Айта кету керек, аталған әннің мәтінін Абат Шамұлы жазған.

Зерттелген дүниені оқырманға ыңғайлап беру деген бар. Осы ретте Абат Шамұлының жазған дүниелері тілімен, жеке ұстанымдарымен айшықталып тұрады. Осыдан екі-үш жыл бұрын облыстық «Ақтөбе» газетінде Абат Пангереевтің «Қобыландының қонысы» атты тамаша мақаласы жарық көрген болатын. Сол материалға байланысты көптеген ғалымдар, оқырмандар тарапынан қызығушылық туды. Осындай шұрайлы материалдарыңызды газетке жиі-жиі беріп тұрыңыз, — деп облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы Абат Шамұлын мерейтойымен құттықтады.

Абат Пангереевті құттықтаушылар көп болды. Олардың арасында қазақ филологиясы құрылғанда қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет еткен Жәния Нұржанова мен әдебиет кафедрасын басқарған Әдебиет Молдахановтар да бар. Қазақ филологиясының алғашқы қарлығаштары —  Әлия Ұлықпанова, Гүлзат Сәдірова, Мұхтар Мировтар қазір университетте дәріс беріп жүр. Олар да ұстаздарына деген ыстық ықыласын жеткізді. Қазақ тілі мен әдеиеті мамандығының алғашқы кадрлары — Серік Бермағанбетов, Нұрдәулет Алдашев, Сабыржан Мұхтаров қазір Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында еңбек етіп жатыр. Аталған оқу орнындағы филология факультетінің бір топ оқытушы-ғалымдары да А.Шамұлын құттықтауға келді.

«Адамның жолы қосылмай, жосығы білінбейді», — деп сөз бастаған филология ғылымының кандидаты Сабыржан Мұхтаров Абат Пангереев туралы тұшымды әңгіме айтты.

Бас қосу барысында Кемейдолла Төлеубай, Әбдіраш Есмахан, Қасымжан Байсадақовтар да Абат Шамұлына ақ тілектерін айтты.

Жиын соңында Абат Пангереев жиналған жұртшылыққа ризашылығын білдірді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button