ЖаңалықтарЭкономика

Кәсіпкерлерді қолдау қай деңгейде?

Брифинг

 Бүгінгі күні өңірде «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысушы селолық кәсіпкерлердің үлес салмағы 56 пайызды құрап отыр. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Мұнда негізгі әңгіме арнасы кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асуының биылғы төрт айдағы нәтижелері төңірегінде өрбіді.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Бағжан Тілегеновтің айтуынша, кейінгі кезде селолық кәсіпкерлердің кең құлаш жайып еңбек етуіне жан-жақты мүмкіндіктер жасалуда.

— Осы бағытта қаржы институттарымен және екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп ауқымды жұмыстар атқарылды, — деп атап көрсетті ол, — соның нәтижесінде қолжетімді қаржы көздері ауылдарға қарай бағытталуда.

Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қаржылай қолдау көрсетуге 4,1 миллиард теңге бөлінген. Өткен төрт ай ішінде 58 кәсіпкерлік субъектісі қолдау алып, өз шаруаларын өрістетуге жол ашты. Мұның ішінде 12 шағын бизнес өкілдері барлығы 34 миллион теңге болатын грантқа ие болды.

Аталған мемлекеттік бағдарламаны игеруге Мұғалжар, Темір, Хромтау, Алға аудандарының тұрғындары белсене қатысуда. Қарғалы, Қобда, Ойыл, Мәртөк, Шалқар аудандарында ұмтылыс орташа деңгейде деп бағаланса, Әйтеке би, Байғанин және Ырғыз аудандарында әзірге бір жобадан ғана мақұлданған.

Ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті қолдаумен қатар, істерін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге де қомақты көмек қолы созылуда. Бұл мақсатта 1,8 миллиард теңге бөлінбек болып жоспарлануы осының айғағы.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиев облыс аудандары бойынша субсидиялау бағдарымен мақұлданған жобаларға тоқталды. Бұл ретте шағын және орта кәсіпкерлік аумағында жобаны жүзеге асыруда Ақтөбе қаласының үлес салмағы басым, яғни 73 пайызды құрайды.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина ең алдымен өткен жылы облыс көлемінде 2 миллиард 69 миллион теңгеге 833 жоба қаржыландырылғанын тілге тиек етті. Осы жобалар ауқымында бір мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Биылғы жоба былтырғыдан да ілгері. Яғни 3,6 миллиард теңгемен жаңа жобалар қаржыландырылады деп күтілуде. Аталған қор «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020», «Бизнестің жол картасы — 2020», «Дипломмен — ауылға» бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысады. Өткен жылы «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша 454 қарыз алушыға 854,2 миллион теңге несие берілді. Бұл қаражат негізінен ауыл-аймақтарда, шағын қалаларда өз ісін ашуға немесе кеңейтуге бағытталады.

«Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы биыл ғана қанат қағып отыр. Бұл бағдарлама аумағында үш жақты меморандум жасалған. Оған жергілікті атқарушы орган, ұлттық кәсіпкерлер палатасы және қор қатысады. Биылға 900 миллион теңге қарастырылса, қазіргі уақытта 650 миллион теңге филиал шотына келіп түскен. Бұл да ауылға деген қолдаудың жаңадан тартылған бір желісі.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуде «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ филиалының директоры Дана Бекбауова да өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен кеңінен таныстырды. Филиал қазіргі уақытта «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» секілді бағдарламалар бойынша жұмыс істеуде.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалының директоры Қорған Нұртазин 2000 жылдан бастап біздің облысымызға 28 миллиард теңгеден астам қаржы инвестицияланғанын айтты. Соның ішінде агроөнеркәсіп кешені үшін 2274 бірлік техника мен жабдықтар алуға қаржы берілген. Ең ірі инвестициялық жобалар қатарында ірі блокты ет өнімдерін шығаруға арналған ет комбинаты — «Молочные истории» ЖШС, «Пригородный» ЖШС-ның 300 тонналық көкөніс қоймасы, «Айс» ЖШС мен «АНДИ» тауарлы сүт фермасы, 40000 бас шошқа өсіруге арналған «Парижская коммуна-ХХІ» ЖШС, басқа да көрнекті жобалар бар. Бұдан басқа, тағы бір қомақты шаруа — облысқа 3069 ірі қара әкелінді.

«Ақтөбе-Агросервис» ЖШС директоры Мұрат Қадыров та өзінің әріптестерінің сөздерін толықтырып, атқарып жатқан шаруалар ауқымымен таныстырды.

…Сонымен, баспасөз конференциясында көп жай айтылды. Алайда журналистерді мазалаған бір сауал — кәсіпкерлікті қаржыландырушы ұйымдар үшін қандай проблема бар екендігін білу еді. Осыған байланысты, әріптестері атынан жауап берген Қорған Нұртазин тұрғындардың несие алу мүмкіндіктерін жете біле бермейтіндігін тілге тиек етті. Бұл орайда ол жергілікті атқарушы билік өкілдерінің түсінік жұмыстарына қатысты тиісті дәрежеде қимыл жасай алмай отырғанын сынады.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button