Спорт

Тең ойынның тегеуріні

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Тараз» — 2:2

 Бірінші кезеңнің екінші айналымының беташар ойынының, 12-турдың бір ерекшелігі — 6 ойын 6 түрлі есеппен аяқталды. 2-орында келе жатқан «Ертіс» өз алаңында 11-орында келе жатқан «Ақжайықпен» тең ойнауға мәжбүр болса, сонау бесінші турдан бері 3-орында жүрген «Оқжетпестің», мейлі, сырт алаңда болса да ойсырай ұтылуы (0:6) байырғы бапкер Владимир Мухановтың беделін шайқаңқырап жіберді. Әділдік үшін айта кетсек, биылғы маусымда кенеттен төрге шығып, төске өрлеген көкшетаулықтар соңғы бес ойынның үшеуінде жеңіліп, біреуінде тең ойнады.

Ақтөбедегі кездесуде жерлестеріміз ойынды асқан белсенділікпен бастады, шу дегеннен тараздықтардың қақпасына бұлт үйірілумен болды. Дидар Жалмұқан екі рет шүйілді, Куасси Куаджа жарқ ете түсті, Илья Михалев қара күшпен тоқтатылды, Бобир Давлатов екі рет қауіп төндірді, Михаил Петролайдың соққысы бұрыштамаға кетті. Әйтеуір ақтөбеліктер дес бермей қойды. Дегенмен соншама шабуылдардан еш нәтиже шыққан да жоқ. Сөйтіп жүргенде күтпеген оқиға болды. 38-минутта орталық аймақта жүріп допқа аяғы іліккен тараздық Виталий Евстигнеевтің қақпамызға жиырма бес метр шамасынан тепкен соққысы жібек торды дір еткізді — 0:1.

Алаң иелері тіпті де абыржыған жоқ. Шабуылдарын одан әрі жалғастыра берді. Көп ұзамай сондай сәттердің бірінде тараздық қақпашы Александр Григоренко жұлдыздай ағып жеткен Асланбек Кәкімовті сұлатып түсірді де, төреші Игорь Чесноков еш ойланбастан он бір метрлік айып нүктесін көрсетті. Самат Смақов қателескен жоқ — 1:1.

Бірінші тайм аяқталар сәт таяп қалса да ақтөбеліктер мұны місе тұта қоймады, алға ұмтылумен болды. Сондай бір қапылыста Михалев — Кәкімов — Давлатов арқылы жеткен допты Дидар Жалмұқан шірене теуіп қарсыластар қақпасына көз ілеспес жылдамдықпен сүңгітіп жіберді — 2:1.

Ойынның бірінші бөлігі осылай аяқталса, екінші тайм да голмен басталды. 50-минутта әріптесі тастаған пасты шапшаң қағып алған Малик Мане В.Крюков пен С.Смақовты қиястай алдап өтіп, күтпеген соққы жасады — 2:2.

Міне, осылайша 90 минуттық ойын уақытының он шақты минутының ішінде (38-50 минуттар аралығында) төрт гол соғылып, қос команда мәреге сол күйі жетті.

Бір өкініштісі, 53-минутта тараздықтардың қорғаушысы дөрекілікпен тоқтатқан (тіпті бұл үшін жаза да алмаған) оқиғадан соң тағы да жарақат алып қалған (бұрынғы жарақатынан енді ғана айығып шыққан) Бобир Давлатов алаңды тастап шығуға мәжбүр болды да, осы жайт әсер етті ме, әйтеуір, ақтөбеліктердің қарқыны біршама бәсеңсіп қалды, қонақтар шабуылға көшті. Дегенмен бұл шақта қақпашымыз Самат Отарбаев кәнігі шеберлігін көрсетіп бақты, қорғаушылар да сақалды қолдан бермеуге тырысты. Ал ойынның соңына қарай дүр сілкінген «Ақтөбе» қайтадан атқа мінді, И.Михалев пен С.Цвейба гол соғарлық мүмкіндіктерін пайдалана алмай қалды, тынымсыз қимылдаған Д.Жалмұқанның жолын қорғаушылар жанталаса жауып үлгерді, оның үстіне тараздық футболшылар қит етсе жасыл алаңның үстіне көсіле жатып алуды үдетті, шатақ туғызуға тырысты, төрешінің ойынға қосымша 7 минут қоспасқа шарасы да қалмады. Әйтеуір осылайша әртүрлі әрсіз әдіс-тәсілдермен қорғанған «Тараз» тең ойынға қол жеткізді. Бұл есеп, 12-орыннан бұл турда да ілгері жылжымайтыны белгілі болса да, қонақтарға зор қуаныш әкелгенімен, әрине, олардан әлдеқайда жинақы да сауатты ойнаған ақтөбеліктерді шаттандыра алмады. Бас бапкеріміз Юрий Уткульбаев кездесуден соңғы баспасөз мәслихатында «Ақтөбе» бұл жолы алдына плюс қойылған үштік бағаға ойнады деп есептейтінін айтты. Дегенмен бұл үшін аса қайғырудың да қажеті жоқ шығар. Тең есепке риза болмаудың өзі аз жетістік емес, ал кемшіліктердің себебі мен салдарын бас бапкер футболшылармен мұқият талқылайтыны даусыз.

«Ақтөбе» осымен соңғы бес тур бойы жеңіліссіз ойнап келе жатқанын еске саламыз.

«Ақтөбе»-«Тараз» — 2:2

Гол авторлары: Виталий Евстигнеев, 38-минут (0:1); Самат Смақов, пенальти, 44-минут (1:1); Дидар Жалмұқан, 45+1 минут (2:1); Малик Мане, 50-минут.

Ескерту қағазын алғандар: С.Цвейба, М.Тлешев («Ақтөбе») — И.Мера, В.Евстигнеев, А.Григоренко, Б.Байтана («Тараз»).

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Виктор Крюков, Куасси Куаджа, Егор Сорокин, Марат Ситдиков, Михаил Петролай, Самат Смақов (Мұрат Тілешев, 79-минут), Асланбек Кәкімов (Кирилл Шестаков, 63-минут), Бобир Давлатов (Сандро Цвейба, 53-минут), Дидар Жалмұқан, Илья Михалев.

«Тараз»: Александр Григоренко, Мадияр Нұралы, Иоан Мера, Илья Воротников, Данияр Баялиев (Ардақ Қарпық, 46-минут), Виталий Евстигнеев, Бауыржан Байтана, Абзал Таубай (Құрмет Қараман, 73-минут), Тарас Данилюк (Берік Айтбаев, 90+3 минут), Малик Мане, Әлішер Сүлей.

21 мамыр. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 5000 адам.

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Тобыл»-«Атырау» — 1:2

Гол авторлары: Александр Дамчевски, 9-минут (0:1); Нұрбол  Жұмасқалиев, 69-минут (1:1); Александр Макась, 83-минут (1:2).

«Ертіс»-«Ақжайық» — 0:0

Ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін 78-минутта Елдос Ахметов («Ертіс»), 73-минутта екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін Предраг Говедарица («Ақжайық») жасыл алаңнан қуылды.

«Астана»-«Ордабасы» — 3:1

Гол авторлары: Марин Анчич, 7-минут (1:0); Александр Симчевич, 10-минут (1:1); Рохер Каньяс, 21-минут (2:1); Таңат Нөсербаев, 72-минут (3:1).

«Жетісу»-«Шахтер» — 2:0

Гол авторлары: Душан Савич, 57-минут (1:0); Илья  Калинин, 64-минут (2:0).

71-минутта Эрфан Зенели («Шахтер») соққан пенальтиді Андрей Пасаченко («Жетісу») қақпаға дарытпады.

«Қайрат»-«Оқжетпес» —6:0

Гол авторлары: Андрей Аршавин, 28-минут (1:0); Андрей Аршавин, 52-минут (2:0); Бауыржан Исламхан, 54-минут (3:0); Бауыржан Исламхан, пенальти, 68-минут (4:0); Жерар Гоу, 82-минут (5:0); Жерар Гоу, 85-минут (6:0).

*   *   *

 

12-турдың нәтижелері:

Бұл турда 19 гол соғылды. Алаң иелері 14 гол соқса, қонақтар 5 доп өткізді.

Алты ойын алты түрлі есеппен аяқталды. Бұдан бұрын 9-тур ойындары да осылай алты түрлі есеппен аяқталған болатын.

2 доп пенальтиден соғылды, 1 пенальтиді қақпашы дарытпады.

3 кездесуде алаң иелері, 1 ойында қонақтар жеңді, 2 тең есеп тіркелді.

Шапшаң гол иелері: М.Анчич, 7-минут («Астана»); А.Дамчевский, 9-минут («Атырау»), А.Симчевич, 10-минут («Ордабасы»).

Үш футболшы (А.Аршавин, Б.Исламхан, Ж.Гоу, «Қайрат») екі доптан соқты.

Кездесулер барысында 23 ескерту қағазы көрсетілді, 2 ойыншы жасыл алаңнан қуылды.

Мергендер көшінің басында 7 гол соққан Роман Муртазаев («Ертіс») тұр.

Чемпионат басталғалы 71 кездесу өтті. 34 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 21 тайталаста қонақтар басым түсті, 16 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 160 гол соғылды (алаң иелері — 92, қонақтар — 68), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,25 гол енді.

Бұл турда чемпионат басталғалы 6:0 есебі бірінші рет тіркелсе, 2:2 және 3:1 есептері бесінші реттен қайталанды.

Біздің мергендеріміз:

Самат Смақов — 5 гол (төртеуі — он бір метрлік айып добы);

Дидар Жалмұқан — 3 (1);

Никита Бочаров — 2;

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Асланбек Кәкімов — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 5 кездесу өткізіп, 3 ойында жеңіске жетті, 2 тең ойын нәтижесі тіркелді, ұтылған жоқ. Доп айырмашылығы — 8:5. Ұпай — 11. Сырт алаңда 7 ойын өткізіп, 2 кездесуде жеңіске жетті, 2 ойынды тең аяқтады, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 6:9. Ұпай — 8.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

Команда      О         Ж        Т         Ұт       Д         Ұп

 

1.Астана      12       10       1          1          19-7      31

2.Ертіс          12       8          3          1          22-6      27

3.Қайрат      12       6          2          4          18-8      20

4.Оқжетпес  12       6          2          4          16-13    20

5.Ордабасы 12       6          2          4          17-17    20

6.Ақтөбе       12       5          4          3          14-14    19

7.Атырау      11       3          4          4          8-11      13

8.Тобыл        11       3          3          5          14-15    12

9.Жетісу        12       3          3          6          13-20    12

10.Шахтер    12       2          3          7          4-15      9

11.Ақжайық 12       2          2          8          4-15      8

12.Тараз       12       1          3          8          11-19    6

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.   

*   *   *

 

29 мамыр, жексенбі күні өтетін 13-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Астана» командасын қабылдайды. Бірінші айналымда жерлестеріміз 0:1 есебімен жеңілген болатын. «Ақтөбенің» қақпасына 83-минутта Патрик Твумаси гол өткізген.

Басқа ойындар:

29 мамыр, жексенбі

«Оқжетпес» (Көкшетау) — «Тараз» (Тараз)
«Қайрат» (Алматы) — «Ақжайық» (Орал)
«Атырау» (Атырау) — «Ертіс» (Павлодар)
«Шахтер» (Қарағанды) — «Тобыл» (Қостанай)
«Ордабасы» (Шымкент) — «Жетісу» (Талдықорған)

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button