Жаңалықтар

9 айлық сайыстың тобықтай түйіні

Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен және облыстық сал ауруына ұшыраған азаматтарды қорғау орталығының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына орай осыдан 9 ай бұрын мүгедек балалар арасында «Қала мен бала» атты конкурс ұйымдастырылған болатын. Өткен аптада «Космос» қонақ үйінде өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі балғындардың өнері мен қабілеттерін байқау мақсатында өткізілген сайыстың қорытындысы өтті.

Өңіріміздің 140 жылдық тойына өз үлестерін қосып, сайысқа қатысып, қоғамда өздерінің маңызды тұлға екендіктерін ұғындыру мақсатында ұйымдастырылған конкурстың шешуші сәтіне 90-ға жуық мүмкіндігі шектеулі балғындар шақырылды. Осыдан 9 ай бұрын басталған шара үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде «Менің қалам — менің үйім» деген тақырыпта балғындардың шығармашылықтары, яғни балалардың өңіріміз жайлы жазған шығармалары, өлең, әңгімелері сайысқа түсті. Екінші кезең «Менің Ақтөбем» деп аталды. Мұнда жеткіншектер Ақтөбе қаласының әсем жерлерін бейнелеуден жарысты. Ал «Менің қалам — менің әнім» атты кезеңде әннен, биден  хабары бар бүлдіршіндердің өнерлері сараланды. Бүгін сайыстың жеңімпаздары анықталмақ. Оларға бағалы сыйлықтар, дипломдар табыс етіледі. Игі шараны өткізуге мұрындық болған облыстық ішкі саясат басқармасы басшыларына балғындардың, ата-аналардың атынан ризашылығымды білдіремін,— деді облыстық сал ауруларды қорғау орталығының атқарушы директоры Гүлмиран Сражова.

Конкурстың бірінші кезеңі бойынша үздік шығарма жазып, қатарларынан озық саналған Әлия Сағындықова бірінші жүлделі орынға және фотоаппартқа ие болды.  Ал сурет салу байқауында Ақтөбе қаласының әсем жерлерін әдемі бейнелеген Ердос Рахманберлин үздік деп танылса, ән салу байқауында «Туған жер» әнін қазақ тілінде қосылып орындаған егіз қыздар Елена мен Антонина Кривоношкиналар бірінші орынның дипломы мен бағалы сыйлығына қол жеткізді. Екінші, үшінші орындарды иемденгендерге  ұялы телефондар, плеерлер табыс етілді. Конкурсқа қатысқан барлық балалар естелік сыйлықтар алып, концерттік бағдарлама тамашалады, сонымен қоса қонақ үй дастарқанына жасалған ас мәзірінен ауыз тиді.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button