Экономика

Қалдықтарды өңдейтін зауыт салынады

Инвестиция

 Алдыңғы күні облыстық әкімдікте Ақтөбе қаласының қатты тұрмыстық қалдықтарын өңдейтін зауыт құрылысы жобасының тұсаукесері өтті.

Оған облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев, Нидерланды Королдігі Елшілігінің голландық экономикалық офисінің басшысы Вилко Роггенкамп, Ren The BV голландтық компаниясының және облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Сонымен бірге, бұл шараға қаладағы қалдықтарға жауап беретін барлық мемлекеттік органдардың басшылары шақырылды.

Ақтөбе қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу мәселесі көп жылдардан бері айтылып жүргені белгілі. Облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев шетел инвестициясы арқылы мұны шешудің сәті түсіп отырғанын мәлім етті.

— Нидерландтықтар Қазақстан экономикасына қаржы салу көлемі жөнінен бас инвестор болып келеді. Немесе бұл елдің салған тікелей инвестициясы 64 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Ақтөбе облысы мен Нидерланды Королдігінің арасындағы тауар айналымы өткен жылы 264 миллион долларға жетті. Оның ішінде экспорттың үлесі 259,6 миллион долларға, импорттың үлесі 4,3 миллион долларға тең. Қазіргі кезде облыста 11 біріккен кәсіпорындар тіркелген. Олардың көпшілігі мұнай-газ және тау-кен өндіруші компанияларда сервистік қызметтер көрсету салаларында белсенді жұмыс істейді.  Бұл қатты тұрмыстық қалдықтар өңдейтін зауыт олардың бұл бағыттағы біздің еліміздегі алғашқы қадамы болмақ. Әрине, бізге шетел инвестициясы қажет, одан да гөрі озық тәжірибе, шетел компанияларымен бизнес жүргізудің мәдениеті маңызды, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиналғандарды жаңа зауыттың жобасымен  Ren The BV компаниясының басшыларының бірі Валдис Бистерис  таныстырды. Ол нидерландтықтардың қалдықтармен жұмыс  жасау саласында әлемдік озық технологияларды игергенін алға тартты.

— Тұрмыстық қалдықтар барлық жерде бірдей, ұқсас. Алайда біз барлық кезде де жобаның табысты, тиімді болуын мақсат тұтамыз. Біздің мамандар бұл жақтағы атқаратын жұмыстарымыздың шарттарын әбден зерттеп білді. Бұл біздің шамамыз анық жететін шаруалар, — деп сендірді.

Голландықтардың бұл жобасы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен бірге, биогаздық қондырғыларды пайдалану арқылы электр қуатын өндіруді де қарастырады. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп өңдеуді көздейді. Зауыт жылына 200 мың тонна қалдықтарды өңдеуге есеп жасап отыр.

Зауыт құрылысы алдағы жылдың аяғында аяқталады деп күтілуде.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button