Экономика

1 миллиард 885 миллион теңге қайда жұмсалды?

Тұрақты комиссия

 Облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясында облыстық бюджеттің 2015 жылы орындалуы бойынша облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлының баяндамасы тыңдалды.

Кеңейтілген отырысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов қатысты.

Облыстық тексеру комиссиясы тарапынан өткен жылы 35 бақылау іс-шаралары жүргізілді. Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша анықталған тәртіп бұзушылықтардың жалпы көлемі 1 миллиард 885 миллион теңге болып отыр. Оның ішінде бюджет қаражаттарын, мемлекеттік активтерді пайдалану барысында, мемлекеттік сатып алу бойынша кемшіліктер орын алды. Бюджетке түсетін түсімдер тұрғысынан да көңіл бөлетін жайлар бар. Осы жайлар тұрақты комиссия отырысында талқыға салынды.

Баяндамашының айтуынша, қалпына келтіруге жататын қаражат көлемі 179 миллион теңге шамасын құрайды. Биылғы жылдың 1 қаңтарына қалпына келтірілген қаржы мөлшері 371,9 миллион теңгені құраса, одан бергі уақытта және 25,3 миллион теңге тәртіпке салынды.

Қаржыға байланысты тәртіп бұзушылар жауапкершілігі де сөз болды. Былтыр осы ауқымда 157 лауазымды тұлға әртүрлі жазаға тартылған. Оның ішінде 7 қылмыстық, 65 әкімшілік шаралар қозғалған. Сондай-ақ 85 тәртіптік жауапкершілік мәселесі қаралған. Көбінесе бюджеттік және салықтық заңнамалар, басқа да нормативтік-құқықтық актілер талаптары орындала бермейді.

Мәселені қарау барысында депутаттар бюджет қаражатын тиімді пайдалануға қатысты сұрақтар қойып, түйінді мәселелердің шешілу жолдарын тиянақтады.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button