Жаңалықтар

Әңгіме жемқорлық туралы болды

Саяси кеңес

Кеше облыстық әкімдіктің ғимаратында партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің бас қосуымен облыстық саяси қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Оның жұмысына атқарушы биліктің өкілдері, мемлекеттік құқық қорғау органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, жауапты қызметкерлері шақырылды. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қатысты. Кеңестің  отырысын «Ақжол» партиясының облыстық филалының жетекшісі Ізімғали Көбенов жүргізіп отырды.

Кеңестің бұл жолғы отырысында еліміздің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының жергілікті жерде орындалу деңгейі хақында әңгіме болды. Ол жөнінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлер ісі жөніндегі Агенттігі нің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы, облыстық Тәртіптік кеңес төрағасы Балтабек Халық баяндама жасады.

Баяндамашы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою жөніндегі еліміздің бас заңының облыста қалай орындалып отырғанын жан-жақты талдап, нақты фактілермен айтып берді. Негізінен өткен жылдың және үстіміздегі тоғыз айдың қорытындыларына тоқталды. Екі жылда да халықтан арыз-шағымдар аз түспеген. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстарына көңіл толмау да жиі кездеседі. Осымен байланысты жүргізілген тексерулер бірсыпыра лауазым иелерін жауапқа тартуға жеткізген. Тек биылғы жылдың тоғыз айында әр түрлі деңгейдегі 129 мәселе қаралған. Тәртіптік кеңес қарап жүрген басшылардың құқық бұзушылығы көбіне жеке және заңды тұлғаларға заңсыз артықшылықтар көрсетумен байланысты орын алып жүр. Өткен жылы Тәртіптік кеңес тарапынан 15 лауазым иесі ескерту, 13-і сөгіс алған. Бір қызметкерге қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту берілсе, 2 қызметкер жұмыстарынан босатылған. Биылғы жылы бұл цифрлар едәуір азайған. Бірақ 8 адамның жұмысынан босатылуы талаптың бұрынғыдан күшейгенін көрсетсе керек.

Үстіміздегі жылдың тоғыз айында аталған құзырлы орган тарапынан 247 тексеру жүргізіліп, 11325 заң бұзушылық анықталған. Тәртіптік кеңестің көшпелі отырысы биыл Әйтеке би, Шалқар, Хромтау аудандарында жалғасты. Жергілікті жерлерде заңның нақты орындалуын білуде мұның да ықпалы аз болған жоқ.

Отырыстың талқысына салынған мәселені талқылауға партия жетекшілері, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, прокуратура, қаржы полициясы өкілдері, аудандық, қалалық әкімдіктердің жауапты қызметкерлері белсене қатысты. Мәселен, облыстық прокуратураның өкілі Есімғали Есімханұлы мекеме тарапынан жыл ішінде жүргізілген тексерулерді жан-жақты баяндап өтті. Соның нәтижесінде 140 лауазым иесі заңды жауапқа тартылған. Ауыз су бағдарламасына байланысты былыққа жол берген облыстық дәрежедегі бас маман жұмысынан босатылған. Облыстық қажы полициясының жауапты қызметкері Нұрлан Оянғалиев жыл ішінде мемлекет қаржысын талан- таражға салған 17 фактінің анықталғанын айта келіп, 13 млн. 200 мың теңгенің қаржы полициясының араласуымен қайтарылғанын айтты. Мұндай жағдайлар алыс аудандарда да орын алған.

Саяси кеңес отырысында сөз алған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық кеңесінің төрайымы Мария Тәжібаева Сыбайлас жемқолыққа қарсы  заңды орындаудағы нақты тәжірибелерге тоқталды.

Әсіресе, көпшілікті серпілткен әңгімені бұрын құрылыс салаларын басқарған маман Жүсіпбек Әмірғалиев айтты.

— Сыбайлас жемқорлық туралы қарағанда біз көбіне бюджеттік мекемелерден аспай жүрміз. Көптеген мемлекеттік қызметкерлер әбден запы болып болды. Олардың бірсыпырасы қызметтен кетіп жатыр. Егер бүйте берсек, бұл салада сауатты адам қалмауы мүмкін. Жалпы, менің ойымша, бұл ұсақ-түйек мәселе. Экономиканы тексеруге көшу керек. Ең үлкен былық сол жерлерде. Мысалы, сыртқа қанша мұнай, бағалы хром, басқа да еліміздің байлығы кетіп жатыр. Оларға нақты есеп жоқ. Міне, назарды осыған аудару керек, — деді ол.

Қоғамдық саяси кеңестің отырысының хаттамасына осы мәселелерді ұсынуға бір ауыздан шешім қабылданды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Құқықтық қорғау орындарына келіп түскен шағымдар, оның ішінде адам құқығының бұзылуы, әділдік іздеген жан айқайлардың әділ шешім таба алмай зар илеп жүргендері жетіп жатыр. Соңғы 2-3 жылдың ішінде құзырлы органдар қызметкерлері тарапынан жіберілген келеңсіз жағдайларды есітіп, ізденіп жүргендердің жүздерінен шаршағандық танып, ізденісіміз бір біраз азаматтардың құжаттарымен танысып та көрдік. Құзырлы орындарға қатысты жағдай өте мәз емес. Олар бас қосып, бірін-бірі бірігіп тексеріп, кемшіліктердің бетін ашып, жою жұмыстарын жүргізіп, онысын халыққа жеткізіп жатса ғана, халық дұрыс қабылдар еді. Себебі құзырлы орындардың ішінде болып жатқан күпірліктерге сәйкес зардап шеккендер олардан әділеттік іздеуді ақымақтық санап, бекер табан тоздырғандардың саны көп және көпшілік жерде айтылып та жүр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button